Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуі матчын сәтсіз бастады. Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен алғашқы ойында жерлестеріміз ФИФА рейтингінде 64-орында тұрған Словения футболшыларымен жолығып, қолда тұрған жеңісті уысынан шығарып алды.
Могамед Адиев шәкірттерінің Ұлттар лигасындағы сәтті маусымынан кейін Қазақстанның футбол жанкүйерлері биыл да жасыл алаңдағы жігіттердің жігерлі жеңісінен дәмелі еді. Өкінішке қарай, еліміздің түкпір-түкпірінен осы матчқа арнайы келген стадиондағы 27 мыңнан аса жанкүйердің де, теледидар арқылы тамашалап, тілекші болған миллионнан аса көрерменнің де бұл жолы үміті ақталмады. Словения – «Астана Аренада» жеңіле салатын Словакия емес, ал қазақ футболын ұшпаққа шығарады деген Адиев – қаһарман емес екен.
Еуропа чемпионаттарының кейінгі екі іріктеу кезеңіндегі жерлестеріміздің өнеріне көз жүгіртер болсақ, ұлттық құрама ұландары екі ретінде де алғашқы ойында қарсыластарынан ұпай алғанын байқаймыз. Мәселен, 2014 жылдың қыркүйегіндегі бірінші кездесуде «Астана Аренада» Латвия футболшыларымен тең түскен болса (0:0), 2019 жылдың наурызында Шотландия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Бірақ статистика әрдайым бір құрамаға сәттілік әкеле бермейді. Бұған Қазақстан ұлттық құрамасының биылғы іріктеудегі алғашқы матчының есебі дәлел болмақ.
Словениямен өткен матчқа тоқталар болсақ, бірінші таймда Қазақстан құрамасы нәтиже көрсету жағынан алда болғанымен, статистика бойынша басымдық толығымен Словения құрамасында болды. Қонақтар алғашқы 45 минутта көбірек допқа иелік етіп, Игорь Шацкий қорғаған қақпаға бірнеше қауіпті соққы жасады. Дәлірек айтар болсақ, словениялықтар алғашқы таймда допты 62 пайыз өз бақылауында ұстап, біздің қақпаға 6 мәрте соққы жасады. Оның үшеуі дәл бағытталған соққылар. Қырағы қақпашы Игорь Шацкий үш ретінде де мықтылығымен дараланып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Ал Қазақстан құрамасының футболшылары 38 пайыз доппен жүрсе де, үш соққы жасап, соның біреуін голға айналдыра білді.
Кездесудің 24-минутында биыл «Ақтөбе» сапында нәтижелі ойын көрсетіп жүрген (чемпионаттың үш матчында төрт гол соққан) 20 жастағы шабуылшы Максим Самородов мергендігімен көзге түсіп, ұлттық құрамадағы дебюттік голын соқты. Ян Вороговскийдің сол қапталдан бір-екі ойыншыны алдап өтіп, әуелете асырған пасынан кейін Самородов даңқты қақпашы Ян Облактың қақпасына баспен тамаша гол соқты. Словения құрамасының бойшаң қорғаушылары бұл сәтте Максимді назардан тыс қалдырды. Айтпақшы, Ян Облак «Астана Арена» стадионында осымен екінші рет қақпа күзетті. Бірінші мәрте ол 2015 жылы елорданың «Астана» клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнағанда Испанияның «Атлетикосымен» бірге Астанаға келген-ді. Сол жылы Жуниор Кабананга мен Патрик Твумасидің тепкен доптарын қайтара білген Облак бұл жолы Самородовтың соққысынан кейін сан соғып қалды.
Сондай-ақ Максим Самородовтың ойынның алғашқы минуттарында-ақ есепті ашатын жақсы мүмкіндігі болған еді. Алайда допты ашық тұрған әріптесіне беруден гөрі өзі соққы жасауға тырысқан жас шабуылшыға бұл жерде аздаған сәттілік жетіспеді. Десе де, ұлттық құрамадағы тәжірибесінің аздығына қарамастан, осындай жауапты сәтте өзі соққы жасауға тырысқаны, жас болса да жауапкершілікті сезінгені қуантады. Әдетте мұндай сәтте кей футболшылар доптан тезірек құтылғысы келіп тұратынын жиі байқаймыз.
Жалпы, ұлттық құрамаға Адиев келгелі жігіттерде өз-өзіне деген сенімділік пайда бола бастағаны байқалады. Бұрынғыдай жауапкершіліктен қашып, допты беталды тебе бермейді. Байқасаңыздар, біздің футболшылар тіпті, өз қақпамыздың алдында да пас алмасатын дәрежеге жетті. Әрине, сенімділік болған жерде нәтиже де болатыны айтпаса да түсінікті жайт.
Ойынға оралар болсақ, бірінші тайм аяқталар тұста Словения футболшылары белсенділігін арттырып, үзіліске тең есеппен шығуға тырысып бақты. 37-минутта Игорь Шацкий Жан Целардың гол соғуына мүмкіндік бермесе, арада бес минут өткенде Италияның «Удинезе» клубында ойнайтын Яка Бийолдың жойқын соққысын қайтарып, жанкүйерлердің қошеметіне ие болды. Сөйтіп, бірінші тайм 1:0 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды.
Екінші тайм басталысымен Словения футболшылары жылдам гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Ойынның 47-минутында 23 жастағы Адам Гнезда-Черин бұрыштамадан гол соқты. Қарсыластардан мұндай қарқын күтпеген алаң иелері біраз абдырап қалды. Қазақстан футболшыларының ойыны жүрмей жатқанын байқаған қонақтар шабуылын күшейтті. 70-минутта алаңға тыңнан қосылған Жан Випотник 78-минутта мергендік танытып, Словенияны есепте алға шығарды. Магомед Адиев тең нәтижеге қол жеткізу үшін ойынға үш жылдан кейін ұлттық құрамаға оралған Бауыржан Исламхан мен ЦСКА ойыншысы Бақтиер Зайнутдиновті шығарғанымен, бәрібір Словения құрамасынан ұпай ала алмадық. Қорытынды есеп – 2:1.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Еуро-24 турниріндегі алғашқы ойынында жеңіліп қалды. Жерлестеріміз топтағы екінші ойынын кеше газет беттеліп жатқанда «Астана Аренада» Қатардағы әлем чемпионатының топтық кезеңінде ойнаған Дания құрамасымен өткізіп жатты. Бұл ойынның қорытындысын газетіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар. Бірінші турды Дания футболшылары өз алаңында өткізіп, Финляндияны 3:1 есебімен жеңген болатын.