«Қыз Жібек» лиро-эпосының Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқасы жапон тілінде жарық көрді. Оны Жапонияның фольклортанушылар ассоциациясы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, белгілі аудармашы Шарафат Жылқыбаева тәржімалады.
– Бұл қазақтың салт-дәстүрін ғана емес, жалпы Орталық Азия мәдениетін танытатын шығарма. Құнды еңбектен Қазақстанның көркем табиғаты мен көшпелілердің байырғы тұрмыс-тіршілігін танып білуге болады, – дейді, оған пікір жазған Хоккайдо университетінің құрметті профессоры Такэда Масанао.
Жинақтың алғысөзінде қазақ фольклоры мен жыршы-жыраулар жайында мәлімет беріліп, «Қыз Жібек» эпосының жинақтап, зерттелу тарихы баяндалған. Сонымен бірге Жамбыл атамыздың шығармашылығы мен қазақтың жыраулық дәстүрінің ерекшеліктері, эпостардың төл мәдениетіміздегі орны және көне жырда кездесетін этнографиялық терминдердің түсініктемесі берілген. Айтулы еңбек Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қылқалам шебері Ағымсалы Дүзелхановтың «Қыз Жібек» топтамасындағы картиналарымен безендірілген. Айта кетейік, лиро-эпостық дастанның түпнұсқасы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде сақталған.