• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2014

Мұхит Тұрсынов – «Қазақстан барысы»

1102 рет
көрсетілді

Жексенбі күні осымен төртінші рет қазақ күресінен Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық сыны өтті. Бұл жарысқа 28 балуан қатысып, бақ сынасты. Негізі, биылғы бәсекеге 32 балуан мен былтырғы жеңімпаз қатысуы керек болатын. Алайда, соның бесеуі белгілі себептермен жарыстан шеттетілді. Жалпы, биылғы турнир өте жақсы деңгей­де өтті. Осы күні күрес десе деле­бе­сі қо­за­тын жанкүйерлер «Сарыарқа» вело­т­ре­­гінде ине шаншар орын қалдырмай, жеті сағат бойы жарысты тамашалады. Жарыс бірнеше телеарнадан тікелей эфирден көрсетіледі десе де, бойында қаны тасы­ған нағыз жанкүйерлер сарайдың ішін жел­­пінтті. Турнирдің ашылу салтанаты да жақсы өтті. Онда шырқалған ән, қойылған көрі­ніс­тің бәрі жанкүйерлердің көңілінен шықты. Осыдан кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есен­таев сөз сөйлеп, балуандарға табыс тілесе, Сақатай Аманжолов ақсақал өзінің ақ батасын берді. Бұл кісі 1959 жылғы КСРО халықтарының ІІ Спартакиадасында қазақ күресінен көрсетілім белдесулеріне қатысқан. Жарыстың ресми салтанатынан кейін боз кілемде қаздай тізілген балуандар жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Жалпы, биылғы сында балуандар төрт айналым мен финалда белдесті. Онда алғашқы айналымда 12 жұп, яғни 24 балуан күресті. Содан кейін соқыр жеребе бойынша қалған төрт балуан екінші айналымда жарысқа қосылды. Бірінші айналымда жеңген балуандар қарсыласының қасқыр терісі мен сыйақыны алып, келесі айналымға шығып жатты. Жарыста алғашқы айналым мықты балуандардың бір-бірін аңдуымен өтсе, екінші айналым қызықты және тартысты өтті. Осы жерде сенсациялардың алды тіркеле басталды.  Бірінші айналымда былтырғы қола жүлдегер Назар Ерсұлтанов Дархан Жоламановтан жеңіліп, бірден «ұшып» кетсе, Шалқар Жоламанов жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмады. Ал келесі сында Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғмаров қарсыластарынан жеңіліп қалды.  Бұл белдесуде Мұхит Тұрсынов Бейбіт Ыстыбаевты жеңсе, Руслан Әбдіразақов былтырғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровтан айласын асырды. Ширек финалда Арман Әбеуов пен Мейрамбек Жаңабай сияқты балуандар боз кілемнен ығыстырылды.  Онда Асыл Бәрменов Арман Әбеуовті, Руслан Әбдіразақов Дархан Жоламановты ұтты. Сол сияқты Дәулетхан Жақыпов Рүстем Жұмаевты жеңсе, Мұхит Тұрсынов, Мейрамбек Жаңабайды тізе бүктірді. Мейрамбек – биылғы турнирге қатысқан ең жас балуан.  Ол 19 жас шамасына қарамастан ширек финалға шығып, жақсы күресті. Осыдан кейін «орташа салмақтағыларға» жол ашылып, Бейбіт пен Айбекті, Арман мен Рүстем Жұмаевты жеңген балуандар жартылай финалда күш сынасты. Онда «Жас сұңқар» Асыл Бәрменов (Қарағанды облысы) «Талас арланы» Дәулетхан Жақыповпен, Мұхит Тұрсынов (Шығыс Қазақстан облысы) «Сыр барысы» Руслан Әбдіразақовпен кездесті. Бұл төртеуінің күресі де қызықты және тартысты өтті. Әсіресе, Мұхит пен Русланның арасындағы белдесу драмаға толы болды. Осы кездесуде  қоян-қолтық күресте Мұхит жеңіп, финалға жолдама алды. «Талас арланы» мен «Жас сұңқардың» арасындағы кездесу де тартысты болды. Бұл жерде Асылдың бағы жанып, финалға шықты. Жалпы, Дәулетхан Жақыпов пен Руслан Әбдіразақов қарсыластарынан жаман күрескен жоқ. Олар жартылай финалға дейін өздеріне ешкімді шақ келтірмеді. Мысалы, боз кілемге «Қазақстан барысы-2013» деген атағымен шыққан Шығыс Қазақстан облысының үміті Айбек Нұғымаров 1/8 финалдық белдесуде Руслан Әбдіразақовқа (117 кг) ешкім күтпеген жерден тізе бүктірді. Ол өзінен 20 килоға ауыр атақты қарсыласынан еш қаймықпай, таза жеңіспен ширек финалға жолдама алды. Сол сияқты Дәулетхан Жақыпов (83 кг) та алғашқы кездесуде атан түйенің белін майыстыратын алматылық Бақыт Ысмағұловты алып ұрды. Одан кейін, жаңа айтқанымыздай, ширек финалда өзінен 50 килоға ауыр «Қызылжар барысы» Рүстем Жұмаевтан айласын асырып, келесі айналымға шықты. Турнирде үшінші орын үшін күрес Дәулетхан Жақыпов пен Руслан Әбді­ра­зақовтың арасында өтті. Кездесуде «Сыр барысының» бағы жанып, қола белбеуге ие болды. Ал финалда Мұхит Тұрсынов Асыл Бәрменовпен белдесті. Бұл бәсекеде Мұхит жартылай финалдағыдай қарсыласын қоян-қолтық күресте ғана жеңді. Сөйтіп, Мұхит Тұрсынов биылғы «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алды. Жарыс соңында жеңімпазға алтын белбеуді  «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, алтын тайтұяқты  Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов табыс етсе, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев 150 мың АҚШ долларын тапсырды. Сонымен бірге, оның әкесі және  жеке жаттықтырушысы Шыңғыс Тұрсыновқа 50 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы табыс  етілді. Ал екінші орын алған Асыл Бәрменовке күміс белдікпен бірге 30 000 АҚШ доллары, оның жаттықтырушысы  Сұлтан Тынысбаевқа 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық берілді. Үшінші орын иесі Руслан Әбдіразақовқа қола белбеу мен 10 000 АҚШ доллары, жаттықтырушысы Садық Мұстафаев 5 000 доллар алды. Осыдан кейін жанкүйердің көңілінен шыққан балуанға  «Хюндай элантра» автокөлігі тапсырылды. Бұл сыйлыққа көрермен көзайымы деген атқа лайық болған балуан Дәулетхан Жақыпов ие  болды. Ол «жеңіске деген жігерлігі» үшін деген атақты иеленді. Қорыта келе, биылғы турнирде төреші­лердің жақсы жұмыс істегенін де айту керек. Жарыста былтырғыдай қазылар алқасы деген болған жоқ. Оның орнына бас төреші Марат Жақыт бастаған алты төреші қазылық етті. Осы төрешілердің арқасында  күрес әділ өтті. Әрине, жарыс болған соң кейбір жерде келіспеушіліктер де болды. Бірақ, кең сарайда орнатылған экранда қайталаудың көмегімен төрешілер әділ бағасын беріп жатты. Қысқасы, биылғы «Қазақстан барысы» турнирі де өте жақсы деңгейде өтіп, жанкүйерлердің көңілінен шықты. Оны жарыстың жабылу салтанатында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те айтты. Ол осы жобаның авторы Арман Шораевқа алғысын білдіріп, осындай жарыстар арқылы жастарымыздың бойында ұлттық рухты қалыптастыруға болатынын жеткізді. Тағы бір айтатын нәрсе, биылғы жарысты Ресейдің «Боец», Түркияның «ТРТ Аваз» телеарналары тікелей эфирден көрсетіп,  қазақ күресін әлемнің 100-ден астам мемлекеті тамашалады. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ.
Соңғы жаңалықтар