Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы осымен екінші жыл қатарынан шаһарда «ДәмДәсTour» фестивалін өткізіп келеді. Іс-шараның басты мақсаты – мегаполисте гастрономиялық туризмді дамыту. Туризмнің де сан саласы, түрлі бағыттары бар. Соның ішінде гастрономия да маңызды бөлігі саналады. Өйткені Шымшаһар қай кезде де өзінің мол дастарқанымен, тәтті тағамымен танымал. Әрі оңтүстік өңірінде тағамдардың бағасы да арзан. Осының барлығы айналып келгенде мегаполисті еліміздің гастрономиялық туризм төріне оздырады.
Өткен жылы алғашқы фестиваль әл-Фараби алаңында өткен болатын. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, маңызды іс-шара шаһардың ескі алаңында қайта ұйымдастырылды. «ДәмДәсTour ІІ» фестиваліне қаладағы белгілі дәмханалар, мейрамханалар, тамақтану желілері қатысып, өздерінің өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Сондықтан аталған іс-шара жәрмеңке мазмұнында өтті. Жоғарыда айтып өткен тамақтану орындарымен бірге кофеханалар мен шайханалар, самсаханалар өздерінің дәстүрлі тағамдарымен қоса авторлық мәзірлерін де ортаға қойды. Осылайша, «ДәмДәсTour» мегаполистің ең сүйікті де дәмді мерекесіне айналып үлгерді.
Осынау фестивальді аралап, тағамдарының иісі мұрынды жарар жәрмеңке қатарларын тамашалап келе жатып, «Бозжыра» мейрамханасының өнімдеріне көзіміз түсті. Жиырманың үстіне енді шыққан жап-жас жігіт өзін аталған мейрамхананың аспазы ретінде таныстырды. Есім-сойы – Ерасыл Арал. Өзінің мамандығы бағдарламашы болғанымен кішкентай кезінен аспаздыққа қызығушылығы осы кәсіпке алып келген. Оның аспаз болуына, осы өнердің майын ішкен туысқан ағасы қолдау көрсеткен. Айтпақшы болғанымыз, қазақтың өрімдей жас жігіттері игермеген кәсіп қалмай барады. Аспаздық мамандық та жастар сүйіп таңдаған кәсіпке айналып келеді. Ал гастрономиялық туризм осынау мамандықтың қадірін өсірмесе, кемітпесі анық. Осы фестивальде мейрамхана ұлттық тағам – шұбат көжені әзірледі. Бұл тағам еліміздің батыс өңірлерінде кең таралған екен. Енді оңтүстікте де танымал ету мақсаты тұр. Аты айтып тұрғандай көжені әзірлеудің басты сиқыры шұбатта жатыр. Наурыз көжеге тән барлық дақыл қайнатылып болған соң, оған шұбат қосылады. Түйе сүтімен араласқан көже дәмі тіл үйірер ерекше тағамға айналады.
Сонымен бірге жәрмеңкеде былайғы жұрт біле бермейтін қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдары ас мәзірінің сәнін келтірді. Олардың арасынан өрметөс, белқабырға, тайқуырдақ, жылқықабырға, хантабақ, жаужүрек, балбауыр, мишұжық, бұжы, ұлтабар, қарынқоржын, жамбаскөбе секілді тағамдарды атап өтуге болады. Мәселен, жаужүрек ыстық тіскебасары ертеде ер азаматтарға аңға шығар кезде берілген. Жылқықабырға – құрт қосылған дәмді тағам. Белқабырға дегеніміз – кәдімгі қазақша стейк. Қарынқоржын – үлкен астаумен көп кісіге тартылатын ас.
Шымкенттің асханасын ерекшелейтін тағамдарының ішінде самсасы мен кәуабы және палауынан бөлек, тәттілері де осы күні брендтер қатарына қосылды. Сондықтан тәттілер әзірлейтін «Мадлен» фирмасының өнімдерін осы тізімнің ішінен бөле-жара атауға болады. 1997 жылы кофеге арналған десерттер дайындайтын шағын дәмханадан басталған бизнес бүгінде кондитерлік өнімдердің алып индустриясына айналды. Мыңға жуық адам қызмет ететін, қаладағы нөмірі бірінші кондитерлік дүкендер желісі саналатын «Мадлен» компаниясы шаһардың гастрономиялық туризмін өрге сүйреген қара нары деуге болады. Біз жәрмеңкеде өз өнімдерін жарнамалаған елуге тарта дәмхананың екеуін ғана таныстырдық. Бұдан бөлек қала тұрғындары мен қонақтарына күн сайын тәтті тағамдарын әзірлеп, сапалы қызметін көрсетіп отырған қаншама өз атын шығарып үлгерген дәмхана, мейрамханалар бар.
Фестиваль барысында қатысушылар тек өнімдерін ұсынып қана қоймай, байқауда да бақтарын сынап көрді. «Наурыз көже», «Кәуап», «Палау» және «Самса» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Ал қазылық жасап, әділін айтқан сарапшылар тарапында республикалық қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының басшылығы болды.
Айтқандай, жәрмеңкеде келушілерге «Шымкент шәйі» таратылды. Бұл – енді фестивальдің жыл сайынғы дәстүрі. Бұған дейін «Ташкент шәйі» деген атаумен белгілі болған бұл сусын осы күні мегаполистің есімін иеленді. Өйткені шәйдің шыққан жері – Шымкент. Бір қызығы, Ташкент жұрты бұл шәйден, тіпті бейхабар. Басында Ташкент болып аталғандықтан жұрт арасында солай тарап кеткені рас. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы әділдік жолында жұмыс істеп, шәйдің атауын өз иесіне қайтарып жатыр.