Қарағанды қаласында орналасқан «Saryarka» орталығында үстел теннисінен VI жазғы ел спартакиадасы ұйымдастырылды. Бір аптаға жалғасқан жарыс жергілікті теннисшілердің жеңісімен аяқталды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, ерлер арасындағы жекелей сынның бас жүлдесін елордалық Кирилл Герасименко мен қарағандылық Алан Құрманғалиев сарапқа салды. Халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген қос шебердің арасындағы тартысты бәсеке 4:1 есебімен Герасименконың пайдасына шешілді. Ал әйелдер арасында Зәуреш Ақашева (Қарағанды облысы) топ жарды. Ол финалда тағы бір ұлттық құрама өкілі Сарвиноз Миркадироваға (Шымкент) еш мүмкіндік бермеді (4:1). Бір қызығы, былтыр Павлодар қаласында өткен ел чемпионатының жекелей сындағы финалына да осы 4 спортшы шыққан болатын.
Аралас жұптық сында Зәуреш Ақашева мен Владислав Захаров дуэті Кирилл Герасименко мен Анастасия Лавроваға төтеп бере алмады. Есеп – 3:0. Үздік үштікті Бекұлан Жамал пен Сарвиноз Миркадирова (Шымкент) және Алан Құрманғалиев пен Арай Ашкеева (Қарағанды облысы) түйіндеді.
Әйелдер арасында жұптық сайыста шымкенттік Сарвиноз Миркадирова мен Анель Бақыт жұбы Батыс Қазақстан облысынан келген Гүлчехра Хусейнова мен Алсу Сапарованы жеңді. Қола жүлде Юлия Даниярова мен Алина Дубровская (Қостанай облысы) және Айя Әлімбаева мен Валентина Успанова (Алматы) жұбына бұйырды.
Ерлер арасындағы жұптық бәсекеде Алан Құрманғалиев пен Владислав Захаров финалда ағайынды Кирилл және Александр Герасименкодан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Қола медальді Денис Жолудев/Сағантай Құрмамбаев (ШҚО) пен Бақдәулет Әкімәлі/Бекұлан Жамал (Шымкент) жұбы иеленді.
Командалық сайыста Қарағанды облысының теннисшілері үздік шықты. Олар финалда Шығыс Қазақстан облысын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Әйелдер арасында да Қарағанды облысы құрамасының өкілдері қарсылас шақ келтірген жоқ. Жергілікті теннисшілер финалда Шымкент командасын сенімді ұтты – 3:1.
Айта кетейік, 20 наурызда басталған үстел теннисі бәсекесіне 20 өңірден келген 180-нен астам спортшы қатысты.