Таяуда ғана Атырауда өткен Mergen Fighting Championship 4 турнирінде өзбекстандық Бобур Абдулазизовты екінші раундта қылқындырып тастаған Қуат «Найман» Хамитов Әзербайжанның ең мықты файтерлерінің бірі Нариман Аббасовты жекпе-жекке шақырды.
Дәл сол 29 жастағы Қап тауының қыраны осыдан төрт жыл бұрын Мәскеуде жалауы желбіреген Fight Nights Global 93 жарысында Хамитовты ұпай санымен ұтқан еді. Жалпы, бұл спортшы аралас жекпе-жекті серік еткелі 10 жылдан аса уақыт өтті. Сол аралықта Аббасов 32 кездесу өткізіп, 28 рет жеңіске жетті. 17 бәсекеде айқын басымдық танытты. Ол тек 2014 жылы Ибрагим Тибилов (сабмишн) пен Шота Ахулашвили (ұпаймен), 2016 жылы Магомедсайгид Алибеков (ұпаймен) және 2022 жылы Исмаэль Бонфимге (ұпаймен) ғана есе жіберді. Әсіресе, 2017-2022 жылдар Нариман үшін өте табысты болды. Сол бес жыл аралығында 13 мәрте октагонға шыққан әзербайжандық спортшы барлық бәсекеде жеңіске жетті. Бірақ ол өзінің карьерасындағы басты жекпе-жегінде жеңілістің кермек дәмін татты. Былтыр күзде Лас-Вегаста ұйымдастырылған Dana White Contented Series турнирінде ол бразилиялық Исмаэль Бонфимді ұтқанда UFC-мен келісімшартқа отыратын еді.
Жалпы, Нариман Аббасовтың спорттық мансабында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Ол Қуат Хамитовтан бөлек, қазақтың тағы бір танымал спортшысы Әбіл Боранбаевтан басым түсті. Сондай-ақ Әзербайжанның өкілінен «таяқ жегендер» арасында Александр Бутенко, Умар Тагиров, Шәміл Әміров, Шәміл Завуров және Мариф Пираев бар. Кезінде Аббасов Fight Nights Global промоушенінің алтын белбеуін де иеленді.
«Найманға» келер болсақ, оның жасы – 35-те. Алматы облысы Алакөл ауданының тумасы жастайынан грек-рим күресін серік етті. Қуат 2011 жылдан бері аралас жекпе-жектен өткен жарыстарда күш сынасып жүр. Сол кезден бері 31 мәрте айқас алаңына шығып, 23 рет жеңіс тойын тойлады. 18 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.