• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2014

Қылмысқа қарсы қарымды күрес

493 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековтің төра­ға­лығымен Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысы тұңғыш рет кеңейтілген пішімде, облыстардың және Астана, Алматы қалалары әкім­дерінің, сондай-ақ, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңір­лік комиссия мүшелерінің онлайн-режім арқылы қатысуымен өтті. Оты­рысқа «Нұр Отан» партиясының, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының, Қа­зақ­станның азаматтық Альянсының жетекшілері, «Транспаренси Интер­нешнл Қазақстан» ұйымының өкіл­дері шақырылды. Білім жүйесіндегі, сондай-ақ, Ақ­төбе облысындағы сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы шаралардың тиімділігі мәселелері қарастырылып, бұл бойынша Білім және ғылым ми­нистрі А.Сәрінжіпов пен Ақтөбе обл­ы­сының әкімі А.Мұхамбетов есеп берді. Қазіргі уақытта Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарлама дайындалуда. Онда Елба­сының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жүргізіп отырған тапсырмаларынан туындаған міндеттер қарастырылады. Ә.Жақсыбеков атап өткендей, сонымен қатар, Президент тапсырмасына орай, саяси мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істерді қараудың ережесі пысықталуда. Оларды бекіткеннен кейін комиссия өңірлердің және орталық мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы ахуалға, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар мен қызметтік этика нормаларын сақ­тауға қатысты жұмыстарға деген дербес жауапкершіліктерін қарау бойынша өзінің құзыреттерін белсенді түрде пайдалануға ықтиярлық танытып отыр.   Сондықтан қазіргі уақытта осы мәселелерге байланысты жаңа құжат­тар дайындалып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Елдегі жемқорлықпен күрестің пәрменін арттыру мақсатында біз комиссия мүшелерінің құрамына түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қатыстырып отырмыз, деді Мемлекеттік хатшы. Комиссия отырысында екі мәсе­ле қаралды: Білім және ғылым ми­нис­трлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігі, екінші – Ақтөбе облы­сын­дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелері туралы мәселе. Елі­міздің білім жүйесіне жылма-жыл қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жыл сайын қомақты ақша бөлініп жатса да, ондағы жоғары жемқорлықтың кесірінен білім беру сапасы төмен. Жемқорлыққа қарсы дұрыс жұмыс жүргізілмегендіктен, қауіпті кеселдің жан-жақты жандануы белең алып отыр, деді баяндамашы. Бұл орайда сөз алған еліміздің Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов сыбайлас жемқорлықпен күрес, бұл біздің негізгі міндеттеріміздің бірі, деді. Осы ретте беделді халық­ара­лық ұйымдар облыстағы сыбайлас жемқорлық деңгейін жариялап та отырады. Халықпен сауалнама жүргізу нәтижесінде де сыбайлас жем­қорлықтың түрлі ошақтары анық­талуда. Одан әрі Білім және ғылым министрі Бас прокуратураның тексерісі бойынша сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер жауапқа тартылып жатқанын жеткізді. Қызмет бабын пайдалану, өзгенің мүлкін иемдену, қызмет өкілеттілігін асыра пайдалану, пара алу және алаяқтық қылмыстары көптеп анықталған. А.Сәрінжіпов осылайша білім жүйесіндегі кемшіліктерді айта келе, оған негіз болып отырған мәселелерге де тоқталды. Білім саласында орын алып отырған бірқатар жемқорлықтарды айта отырып, оны жою жолдарын санамалап өтті. Бірақ мұның бәрі білім жүйесіндегі негізгі орын алып жатқан жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды білдірмейтіні анық еді. Сондықтан да Мемлекеттік хатшы білім беру жүйесіндегі қызмет көрсету саласында жемқорлықтың бар екенін атап өтіп, министрліктің ішкі бақылау департаментінің тиімсіз қызметіне тоқталды. Бұл департамент арқылы өткен жылы бірде-бір жемқорлық саласында құқық бұзушылық анықталмапты. Бұл сұраққа жауап қайтарған министр, аталған департамент басшысын үстіміздегі жылы ауыстырғанын айтты. Соған сай ол департамент қызметкерлерінің санын арттырып, міндеттерін күшейттік, деді. Осының нәтижесінде қазіргі кезде жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау үш есеге артып, тәртіп біраз түзеліп қалғанын жеткізді. Сөйтіп, осы жылы екі қылмыстық құрамы бар материалды Қаржы полициясына жолдадық. Қазір барлық мәселе қолға алынып, бақылауда тұр, деді министр. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Парламент қабырғасында вице­­спикер Д.Назарбаеваның жастар кө­біне оқу орындарына білім үшін емес, керісінше, тек диплом алу, яғни оны­ ақшаға сатып алу үшін баратын­ды­­ғы ту­ралы айтқан сыни пікірін келтір­ді. Көптеген жоғары оқу орындары өздерінің білім ордалары екенін ұмы­тып, тек қаржы түсіру жағын ғана қам­дап кет­кені жасырын емес. Бұл арада бі­лім сапасы деген мүлде ұмыт қал­ған. Расында, техникалық және жоғары білім беру жүйесінде көптеген мә­селелер бар екені шындық, деді Бі­лім және ғылым министрі, қайтарған жауа­бында. Бұл мәселе төңірегінде біз әңгімелесу жүргіздік. Жемқорлықты құрықтау жөнінде мұғалімдерді, студенттерді, ғалымдарды, қоғамдық ұйымдар өкілдерін қатыстыра отырып, түрлі конференция, семинарлар өткізілді. Сонда жоғарыда аталған бірқатар мәселелердің орын алғанына көз жеткіздік. Қазіргі күні оны жоюдың амалдарын қарастырудамыз, деген ол бiлiм беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестерi құрылып жатқандығын, 2015 жылы бiлiм беру ұйымдарының 45 пайызында мұндай кеңестер жұмыс iстейтiн болады деп жоспарланып отырғанын, болашақта олар мектептердi дамыту стратегиясын айқындап, негiзгi лауазымдарға тағайындаулар жасап, мектеп қызметiне қаржы бақылауын жүргiзетiндігін де жеткізді. Бірақ еліміздің Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары А. Лукиннің айтуына қарағанда, білім саласында жылма-жыл сыбайлас жемқорлық барынша етек алып келеді екен. Егер 2013 жылы 221 қылмыс анықталса, үстіміздегі жылдың тек бірінші тоқсанында ғана 125 қылмыс тіркелген. Бұл былтырғы жылғы осы кезеңмен салыстырғанда жасалған қылмыстан да асып түсіп тұр. Сөйтіп, алты айда ғана сыбайлас жемқорлық деңгейі 16 пайызға өскен. Қаралып жатқан қылмыстық істердің дені қызмет бабын пайдалану, өзгенің мүлкін иемдену, қызмет бабын асыра пайдалану және пара алу болып табылады. Білім саласындағы сыбайлас жем­қорлық қылмыстары Қазақ­стан­ның барлық аймағына тән. Соның ішінде қылмыстың ең көбі Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары және, сонымен қатар, Астана қаласына тән болып тұр. Білім жүйесіндегі жемқорлықты екі деңгейге бөлуге болады: төменгі және жоғары деңгей деп. Төменгі деңгейдегі қылмыстардың денін орта мектеп директорлары, оның орынбасарлары, аудандық білім жүйесі бөлімдерінің жетекшілері мен мамандары құрайды екен. Аудандық деңгейдегі мектеп, колледж директорлары жұмысқа тұру үшін, жасанды диплом мен аттестаттарды беру үшін пара алады, сондай-ақ, шын мәнінде жасалмаған жұмыстар үшін актілерге қол қояды. Білім саласындағы бухгалтерлер жұмыс істемейтін адамдардың есебіне ақша аудару арқылы бюджет қаржысын жейді. Сыбайластықтың дендеп тұр­­­ға­­нының бір себебі, бұрынғы оқу орын­­­­­дарының ашық жағдайда тіркелмеуі,­­ аттестациядан өткізілмеуі және білім беру ісін лицензияламау салдары болып отыр. Бұған қоса, білім беру сала­сына деп бөлінген қаржының тиісті мақ­сатқа сай пайдаланылмауы жиі орын алуда. Осыған байланысты А.Лукин бірқатар қозғалып жатқан қыл­мыстық істер туралы мысалдар келтірді. Бұдан кейін Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі сөз болды. Жалпы, Мемлекеттік хатшының айтуынша, еліміз бойынша Ақтөбе облысы жемқорлық қылмыстар бойынша үшінші орында тұр. Бұл салада ешкімге дес бермей ауыздығымен алысып, сыбайластардың алдында келе жатқан Жамбыл облысы көрі­неді. Екіншісі Батыс Қазақстан. Ал үшінші Ақтөбе облысы. Сондықтан бұл облыста неліктен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тиімсіз жүргізіліп отыр деген сұраққа облыс басшысы А. Мұхамбетов есеп берді. Сы­байлас жемқорлық – өте қатерлі де көзге көрінбейтін індет. Сондықтан оның алдын алған әлдеқайда тиімді екенін Мемлекеттік хатшы баса айтты. Бұл орайда Ақтөбе облысындағы жемқорлыққа тұсау сала алмаған облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысын орнынан алу туралы ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, облыстық тәртіптік кеңес төрағасының да есебі тыңдалып, оның да атқарып отырған ісі талапқа сай еместігі айтылып, қатты сынға алынды. Өз кезегінде оның да қызметіне тиісті баға берілетіндігі ескертілді. Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) Қазақстанның азаматтық Альянсы үйлестіру кеңесінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов және Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөнін­дегі комиссия сарапшысы Марат Бәшімов Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссияның осы өткен отырысы туралы өз ойларын айтып, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Комиссия Білім және ғылым ми­нистріне, сондай-ақ, Ақтөбе облы­сының әкіміне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын ұйымдас­тыру­дағы кемшіліктерін атап көрсетіп, бұған жол берген адамдарға түбегейлі шара қолдануды тапсырды. Отырысты қорытындылаған Мемлекеттік хатшы облыстар мен Астана, Алматы қалалары әкімдерінің назарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысында жіберілген кемшіліктердің бірсарындылығына және жалғандықты жоюға, азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз етуге аударды. Комиссия Премьер-Министрдің Кеңсесіне бір ай ішінде жергілікті сыбайлас жемқорлық құқық бұзу­шы­лықтары анықталған атқарушы органдар басшыларының жауапкершілігін қарастыруды және облыстар мен Астана, Алматы қалалары әкімдеріне мем­лекеттік сатып алулар саласында ішкі аудит тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».