• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2014

Юнкердің таңдалуын қате санайды

234 рет
көрсетілді

Шарайна

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Еурокомиссияның басшылығына Жан-Клод Юнкердің ілгерілетілуін үлкен қателік деп атады. Оның сөзіне қарағанда, бұл қадам Ұлыбританияның Еуроодақта қалу мүмкіндігін азайта түседі. Кэмерон осы лауазымға Юнкер тағайын­далған жағдайда Еуропа Одағында реформа жүргізу үдерістері қиындай түседі. Оның пікірінше, бұл 2017 жылға белгіленген Ұлыбританияның Еуроодақ мүшелігіне қатысты референдумда сайлаушылардың көңіл-күйіне кері ықпал ететін болады. 59 жастағы Юнкердің Еурокомиссияға төрағалық лауазымына Ұлыбритания мен Венгрия қарсы дауыс берсе, басқа 26 мүше ел қолдаған болатын. Юнкер 1995-2013 жылдар аралығында Люксембург үкіметін басқарған. Солтүстіктің бұл ұсынысы құптарлық Корея Халық-Демократиялық Республикасының мемлекеттік қорғаныс комитеті Оңтүстік Корея басшылығына өзара әскери агрессияны тоқтату ұсынысымен шықты. Бұл туралы «Франс-Пресс» агенттігі хабарлады. Солтүстіккореялық тараптың үндеуінде КХДР-дің Оңтүстік  Кореяға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын уақытша тоқтатуға дайын екені атап көрсетіледі. Сөйтіп, Оңтүстік Корея тарапынан да осындай жауап қадам күтілетіні жасырылмайды. Осы аралықта, КХДР көсемі Ким Чен Ын кез келген әдіс-тәсіл арқылы Корея халық армиясының қорғаныс күштерін жедел бекемдеу қажеттігі туралы мәлімдеп үлгерді. Оның мәлімдеуінше, берік бейбітшілікке белгілі бір тарап аса күшті болып, оған ешкім қарсы шыға алмайтын жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Қысқа қайырып айтқанда: АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы мейрамханалардың бірінде ұйымдастырылған демалыс кешінде қылмыскер сондағы адамдарға оқ жаудырса, бір адам қаза тауып, төртеуі жараланған. Оқиға жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 5.00-де тіркелген. Қару жұмсаған адамның осы кештің қонағы болғаны-болмағаны анықталып жатса керек. Үндістанның Мумбай қаласында құлаған үйдің астында қалып, қаза тапқандар саны 60-тан асты. Құтқарушылар тірі қалғандарды іздеу үдерісін аяқтады. Үйінділер астында тағы да бірнеше мүрде қалуы мүмкін. Алдын ала дерек бойынша, үйдің құлауына заңсыз қайта жоспарлау себеп болған. Полиция күдіктіні тұтқындап үлгерген. Болгария президенті Росен Плевнелиев кеше парламентті таратып, уақытша үкімет тағайындау ниеті бар екенін хабарлады. Президент мұндай ұстанымға саяси партиялардың серкелерімен ұзаққа созылған келіссөздердің қорытындысында келген. Енді осы елдегі саяси партиялар кезектен тыс парламент сайлауын 5 қазанға белгілепті. Магнитудасы (жердің астындағы қуаты) 6,2 балдық жер сілкінісі Жапонияның Иводзима аралында тіркелді. Сілкіністің эпицентрі аралдың оңтүстік-шығысына қарай 167 шақырымда болған. Цунами қатері жоқ делініп отыр. Ал аралдың өзінде халық тұрақты тұрмайды екен. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы өткен жексенбі күні Үндістандағы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 5 ресейлікті Мәскеуге жеткізген. Ішінде 13 ресейлік турист бар автобус 10 маусым күні Уттаркханд штатының таулы жолында өзенге құлаған еді. Оқиға орнында екі ресейлік қаза тапса, біреуі із-түзсіз жоғалып кеткен-тін. Ирактық исламистер халифат құрады Ирак пен Сирия аумағының бір бөлігін жаулап алған «Ирак пен Леванттың ислам мемлекеті» радикалды тобы халифат құратындықтарын жария етті. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі ақпар таратты. Олардың мәлімдемесінде топ өкілдері бүкіл әлемдегі исламистерді халифатқа сенімділік танытуға шақырды. Осылайша, «Ирак пен Леванттың ислам мемлекеті» бұдан былай қарай өзін «Ислам мемлекеті» деп атау ниеті бар екенін білдірді. Халифаттың билеушісі аталған топтың серкесі Әбу Бакар әл-Бағдади деп жарияланды. «Ирак пен Леванттың ислам мемлекеті» қарулы жасағы маусым айының басында Иракта шабуылға көшіп, осы елдің солтүстік-батысына бақылау орнатқан еді. Олардың ендігі мақсаты – Бағдатты шабуылдау. Ауғанстанда ажал құша жаздады Румыния премьер-министрі Виктор Понта Ауғанстанға сапары кезінде қарулы жасақ атқылаған зымыран оқтарының астында қалды. Лаңкестер НАТО-ның Кандагар провинциясындағы әскери базасына шабуыл жасаған болатын. Сол кезде Бухарестен келген делегация Румыния контингентін Ауғанстаннан шығаруға арналған шараларға қатысып жатқан еді. Делегация құрамында Понтадан бөлек Румынияның қорғаныс министрі Мирча Душа мен вице-премьер Габриэль Опря бар. Шекпенділер амалсыздан бункерге түсуге мәжбүр болған. Бір жақсысы, шабуылдан ешкім де зардап шекпеген. Бухарест өзінің әскерін Ауғанстанға бітімгерлік миссиясы аясында 2002 жылы аттандырған болатын. Қазіргі кезде Ауғанстанда шамамен 2000 әскери қызметші қалып отыр. Төрт күнде 160 тұтқын өлтірілген «Ирак пен Леванттың Ислам мемлекеті» қарулы жасағы Ирактың Тикрит қаласында соңғы төрт күн ішінде кем дегенде 160 тұтқынды өлтірген. Бұл туралы халықаралық құқық қорғау ұйымының баяндамасында айтылады. Құқық қорғаушылар спутниктерден алынған мәліметтерді сараптай келе, Ирактың екі қаласында 11-14 маусым аралығында тұтқындағыларды жаппай өлтіру жүзеге асырылған деген қорытынды жасаған. Олардың хабарламаларында құрбандықтар саны айтарлықтай көп болуы да мүмкін делініп отыр. Өйткені, қазіргі кезде толықтай тексеру жүргізу мүмкін емес көрінеді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.