Ақтөбе облысының мәдени-тарихи мұрасын зерттеу және сақтаудың өзекті мәселелері еліміздің және шетелдік бірқатар тарихшының қатысуымен өткен жиында талқыланды. Президент тапсырмасымен ел тарихының жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, жеті томдық Қазақстан тарихы қайта жазылғалы тұрған қазіргі уақытта тарихшыларымызға «Қазақстан –Еуразия құрлығындағы ежелгі өркениетті жасаған ел» концепциясын даярлап шығу міндеті қойылды. Даламызда бірнеше мыңдаған жыл бұрын ежелгі адамдар қолымен тұрғызылған ескерткіштер құрып кетудің алдында тұрған қазіргі тұста осы дүниелерді түгендеу геосаясаттағы қадамдарымыз үшін де маңызды.
Тарихқа барлау
Еуразия мен Азияны байланыстыратын ұлы жолдардың бойында тас дәуірі, ғұн, сармат кезеңдерімен қаланған үлкен мәдениет жұрнағы жасырынған. Ауқымды іс-шараның құрамдас бөлігі ретінде Ақтөбе облысында мәдени мұраларды зерттеу, сақтау, қайта жаңғыртудың 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Ә.Марғұлан атындағы Археология институты қызметкерлері Қазақстан тарихының тас дәуірінен бастап біздің заманымыздың V ғасырына дейінгі кезеңді қамтитын І томын әзірлейді. Алайда қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі – ғұн кезеңіне байланысты кездейсоқ табылған олжалардан өзге ештеңе жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін еліміздің музей қорларында сақталған заттар мен елсізде жатқан ескерткіштер қайта зерттеледі.
Біздің заманымыздың 93-жылы ғұн империясы ыдырап, І ғасырдан бастап V әлемде ұлы қоныс аудару дәуірі басталып, қазіргі орталық Моңғолияны мекендеген ғұн тайпалары біз жаққа жылжи бастады. Қазақ жерінен үш ғасыр белдеуінде әрлі-берлі өтіп жатқан көшпенді тайпалардың қозғалысы ғұндардың V ғасырда Шығыс Еуропада тұрақтануымен аяқталды. Бүгінгінің сұрағы – моңғол жерінде ежелгі далалық империяны құрған хуннулар мен қазақ жерінде өмір сүрген ғұндарды не біріктірді? Хунну мен ғұн өз заманында қандай одақ құрды? Белгілі бір мақсатқа бірігіп, бір-бірімен қосылды ма, әлде бітіспес жау қалпында қалды ма? Ұлы қоныс аудару кезеңінде тайпалар арасында қандай одақ болды? Шапқыншылықпен келген екі хунну тайпасы осы жерде талқандалса, даламыз қалайша ғұн империясының бір бөлшегі болады? Бұл әзірше жауабы жоқ сұрақтар.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы қазақ ғылымы өз мамандарымыздың шынайы талдамалы-сараптамалық тұжырымдарына зәру екендігін жасырмады. Сол үшін де Ғылым және жоғары білім министрлігі тарихшыларымызға елдің түкпір-түкпірін аралап, соның нәтижесінде табылып жатқан дүниелерге ғылыми сарапшы ретінде қатысуды міндеттеп отыр.
Ғұн дәуірі
Қазақ жерінен табылған кездейсоқ олжалар біздің заманымыздың І ғасырының аяғы мен ІІ ғасырының орта тұсындағы алғашқы қоныс аудару кезеңіне жатады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев ғұн кезеңі Ақтөбе облысы аумағында жақсы бедерленгенін, оған облыстық музей қорында әр кезеңде жинақталған дүниелер дәлел болатынын алға тартты. Биыл жазда Ақтөбе облысындағы ежелгі адамдар тұрақтарын, ғұн кезеңінің ескерткіштерін зерттеуге 14 экспедиция шығады. Олар ең әуелі Қарғалы мен Мәртөк ауданындағы алғашқы адам тұрақтарын, тас ғибадатханаларды және Мұғалжар тауындағы қола дәуірі металлургтерінің Таранғұл қонысын, Хромтау ауданындағы Ойсылқара, Моңғолсай ескерткіштерін зерттейді. Таранғұл – Еуразиядағы ең көне ескерткіштердің бірі.
Біздің заманымыздың ІІ-ІV ғасырында қазіргі қазақ жерінде ғұндардың ерекше мәдениеті қалыптасты. Оған осыдан бірер жыл бұрын Ойыл, Қобда өзендерінің бойынан табылған ғұндар элитасының ескерткіші дәлел. 2016 жылдан бастап қазба жұмыстарын жүргізген жергілікті археологтер Әйтеке би, Ойыл, Қобда аудандарынан ғұн дәуірінің 400-ге жуық қорымын анықтады. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғалидың айтуынша, тек Ойыл жерінен 100-ге жуық ескерткіш тапса, оның көбі Саралжын ауылына жақын қорымда құмға көмілген дүниелер. Осы табылған бұйымдардың жасы 1800-1900 жылға кетеді. Кездейсоқ табылған соңғы ескерткіш – құрылыс жұмыстары кезінде Елек өзені бойынан қазылған алтынмен көмкерілген ер. Жер астына мұқият жасырылған ғұн көсемінің ерін әр ғасырдың оба тонаушылары көрмей қалған осындай аса бай әрі ерекше талғаммен жасалынған бұйымдарға қарап, б.з. ІІ-V ғасырында осы жерді қоныс еткен тайпалардың биік мәдениеті болғанын байқаймыз. Ғұннан кейін бұл жақта кім болды?
«Даламыздағы ежелгі қалаларды табу – міндетіміз. Өйткені еліміздің оңтүстігі мен Сыр бойындағы қалаларды зерттегенімізбен, далалық белдеулер назардан тыс қалды. Бір сөзбен айтқанда, далалықта қала болады деп ойламадық. Соңғы жылдары моңғол археологтері өз жерінде далалық тайпалар тұрғызған бірнеше қаланың орнын тапты. Бұл бізге де ой салды. ХХІ ғасырдың басында Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау, Қостанай және Ресейдің Орынбор, Челябі облыстары аумағынан табылған ғұн кезеңінің ескерткіштерінің ұзын саны 40-тан аспайды.
Қорған-обаларда айшықталған ғұн мен сармат мәдениеті бір-бірінен өзгеше. Мұқият жасырылған ғұн ескерткіші жердің астында жатса, сармат кезеңінің дүниесі жер бетіндегі үйілген қорғандарда қалды. Оның үстіне, ғұн ескерткішін көзбен шолып табу қиын. Ол ең алдымен аэроғарыш түсірілімдерімен анықталып, сол аумақты қазғанда ғана шығады. Ғұндар мәдениетіне қорым-обалар, гантельді құрылыстар мен діни ғұрып өткізген ғибадатханалар жатады. Ұзыннан ұзақ 3-4 шақырымға дейін созылып жататын қорымнан көбінесе 300-400 нысан шығады. Қазақтың жерлеу дәстүрінде ғұннан қалған жұрнақ бар.
Ғұн жолы
Қазіргі қазақ даласы – Ғұн империясының шеткері аймағында орналасты. Сол кезеңде біздің жерімізде өмір сүрген тайпалар тұтынған дүниелер Қырым, Кавказ, Шығыс Еуропадағы обалардан табылған дүниелермен өте ұқсас. V ғасырда Еуропаға ат басын тіреген ғұндар римдіктермен ашық қақтығысқа түсті. Ондай жағдайда бұлардың тәртіпке бағынған мықты жүйесі мен көреген стратег көсемдері болғаны анық. Зейнолла Самашев ғұндардың қазақ жеріне келген соқпағын анықтау маңызды дейді. Сарыарқаның Торғай жақ бетіндегі ғұндардың анық бедерленген ескерткіштері әлі күнге дейін зерттеусіз жатыр.
Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мониторинг және қорғау археологиясы бөлімінің меңгерушісі Аслан Мамедов б.з. І ғасырының аяғы мен ІІ ғасырының басында Батыс Қазақстан жеріне үлкен қауым көшіп келгенін айтады. Олардың келуімен осы жерді мекендеген ғұндардың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымы түбірлі өзгеріске ұшырап, басқа мәдениет пайда болған. Бұл топырақта халықтардың ұлы көш жолы қалыптасты. Бұл жаққа келген ғұн көсемдері Ойыл өзені арқылы Орал жағына шығып, Астраханьға қарай көшеді. Осы жолдағы ғұн жұртының белгілері Темір ауданындағы Ойыл өзені бойына орналасқан ғибадатханалардан, жерлеу ғұрыптарынан көрінеді. Бұл жаққа ат суытқан тайпалардың бәрі бірдей батысқа қарай аттанбаған. Кей тайпаның жолы оңтүстікке қарай бұрылған. Сол дәуірде Арал маңында үлкен отырықшылық мәдениет қалыптасып, ғұн тайпалары сауда жолдарын бақылауда ұстап отырған. Ғұндардың тағы бір жолы қазіргі Маңғыстау түбегіне бағыт түзеген. Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Дархан Байтілеу оған дәлел ретінде Маңғыстау облысындағы қазба жұмыстары кезінде «Алтын қазған» деген жерден табылған ғұндар ғибадатханасы туралы айтты. Маңғыстаулық археолог Андрей Астафьевтің айтуынша, Каспий теңізінің шығыс жағында ғұндар сауда жүргізген үлкен порт болған. «Алтын қазған» қонысындағы алтын бұйымдарды қара археологтер өткен ғасырда тонап кеткен.
«Билікте отырған элита сол кезеңдегі тайпалардың басын біріктірген. Біздің заманымыздың ІІ ғасырында билеушілер ғибадатханалар, гантельді құрылыстар салып, халықтың дүниетанымын өзгертуге тырысқан. Бұл кезеңдегі элиталы жерлеу ғұрыптарынан да осыны аңғаруға болады. Ал кейінгі ғасырларда элиталы жерлеу ғұрпын қарапайым адамдар да қолдана бастаған. Соның жұртқа белгілі көрінісі – обалардан табылған сопақша бас сүйектер. Дүниеге келген сәбидің бас сүйегін қысып байлап, сопақша бас шығаруды І-ІІ ғасырда ақсүйектер қолданса, ІҮ ғасырдан бастап осы әдісті қарапайым адамдар да қолдана бастаған. Қысқасы, шығыстан келген тайпалар біздің жерімізде басқа мәдениет қалыптастырып, одан әрі кеткен», дейді Дархан Байтілеу.
Обалардан табылған ат ерлеріне қарап ғұндардың көші-қон жолын анықтауға болады. Сармат тайпалары көбінесе атқа жайдақ мінген. Ал міністі жылқының ерін алтындап өрнектеу, сол сияқты аттың ауыздығы мен үзеңгісін әсемдеп жасау ғұндардың ісі. Мәселен, Елек қорғанынан табылған алтындалған ер үлгісі Кавказ, Қырымнан табылған ерлермен өте ұқсас. Ер Азия жерінде пайда болып, әрі қарай батысқа кеткен. Осы жақтағы обалардан ғұн заманының үзеңгілері, ауыздықтары көптеп шығып жатыр. Сондай-ақ ғұндар алтын өңдеп, одан түрлі әшекей бұйымдар жасау технологиясын жақсы меңгерген.
Ғұн тағылымы
Қазақстанның ежелгі тарихи-мәдени ескерткіштерінің электронды базасы жасақталып, оларды геоақпараттық жүйеге салу қолға алынып жатыр. Геоақпарттық талдау ескерткіштерді үлгілеуге, кеңістікте орналасу, қайсысы өзенге, қайсысы көлге жақын орналасқан болжамды аймақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Лазерлік сканерлеу шөп қабатынан, топырақтың беткі қабатынан өтіп, жер бедерінің ерекше аймақтарын анықтайды. Ескі мәдениет іздерін осылай жаңалап көруге болады.
«Ақтөбе облысы – археологиялық ескерткіштерге бай өңір. Аз уақыт ішінде археологтер үш ауданның аумағынан ғұн заманының 400 обасын анықтағаны үлкен жаңалық. Әрбір қорымда кем дегенде 30-дан 100-ге дейін ескерткіш бар деп шартты түрде қарастырсақ, Ақтөбе облысының аумағы дүниежүзіндегі ғұндар ескерткішінің шоғырланған жері деп айтуға болады. Бұл жақта тізбектеліп кетіп жатқан мол мұраның бір шеті Торғай жақтан басталады. Торғайдағы жер астында жатқан ғибадатханалар ғұндар заманына жатады. Сондай-ақ палеолит дәуірінің Жем бойындағы таңбалары, Мұғалжар бойындағы тау-кен орындары ашылуын күтіп жатыр. Өкініштісі, жердің астындағыны көретін технологиямыз аз. Ғұндар мәселесіне келгенде сұрақ көп. Олар кімдер, қайдан шықты деген мәселе көзге көрініп тұрған сияқты сезілгенімен, шын мәнісінде көп нәрсені білмейміз. Байқал жағынан, не батыс Моңғолиядан келген хундар біраз соғысып, біршама уақыт өткенде ғұнға айналды деген түсінік қазіргі ғылымдағы жоба ғана. Мұның ғылыми негізділігіне сенім аз. Келген хуннулардың ұрпағымен осы жақтағы тайпалар араласып, өзгеше мәдениет жасады ма? Олай болмауы да мүмкін. Өйткені осында хуннулар талқандалғандықтан әрі қарай жылжи алмауы мүмкін. Ұлы көш жолында бір тайпалар жойылып кетті, кейбіреуі басқа халықтар құрамына кіріп, өзара мүдделес одақ құруға қатысты деген мәселе алдымыздан шығады. Қазба жұмыстары осы сұрақтарға жауап іздеуге тиіс. Ғұндардың мемлекеттілігіне қатысты тарихи-теориялық мәселелерде жапон, моңғол мамандарын қазба жұмыстарына қатыстырған жөн. Сонымен қатар Қытай, Моңғолия мұрағаттарындағы деректерді жинау қажет», деп түйіндеді археолог Зейнолла Самашев.
Ұлан-Батырдан келген ғалым, Моңғол ұлттық университетінің профессоры Төрбат Цаган моңғол жерінен 15 оба-қорған қазылып, одан 300 ескерткіш табылғанын хабарлады. Бірақ моңғолдың обаларында адам сүйектері аз және қазақ жерінен табылғандай алтын әшекейлер мен қымбат жерлеу ғұрыптары көп кездеспейді. Моңғолиядағы обалардан тек 30 адам сүйегі табылды. Ресей және Моңғолия археологтері Тула мен Байқал бойында 20 метр тереңдіктен хуннулардың қаласын тауып, қазба жұмыстарын жүргізген. Жалпы, далалық белдеулерден ғұндардың қалалары көптеп шығып жатыр. Қалалар жер астына көміліп қалған.
Венгр антропологі, «Мадьяр-Тұран» халықаралық қорының президенті Андраш Биро Еуропаға келген, Кавказ-Қырым мен Мұғалжар тауларының арасында көшіп жүрген ғұн тайпаларының орталықазиялық сипаты басым болғанын айтады. Шығыс Еуропаға келген ғұндар герман тайпаларының әскери қызметіне кірді. Жергілікті халық ғұндармен онша араласпаған, тек көшпенділерді әскери қызметке және күзетке пайдаланды. Еуропада батыс ғұндар мен шығыс ғұндар V ғасырдың басында қазіргі Дунай өзені мен Карпат тауының арасында көшіп жүрді. Еділ қаған өзі билік құрған аумақта салық жүйесін енгізді, мемлекеттер шекарасын қорғады. «Ғұндар армиясы тұрғанда Еуропада бейбітшілік болды. Еділ қаған өлгеннен кейін сарай қырқысының кесірінен ғұн одағы әлсіреді. Еділ туыстарының қағандыққа таласы кесірінен мемлекет құлады, бірақ Еуропада ғұндар қалды. Алауыздыққа ұрынған тайпаның бір бөлігі Қара теңіздің солтүстік жағалауы арқылы Қырым түбегіне кетсе, екінші бөлігі қазіргі қазақ жеріне қайта оралды. Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған олжалар сол замандағы ғұндардың көші-қон жолын көрсетіп отыр. Еділ батырдан кейінгі ғұндардың екінші империясы Кавказдың солтүстік бөлігінде құрылды. Бұл қазіргі Дағыстан мен Чешенстанның аумағы», дейді мажар антропологтеріне сүйенген Андраш Биро.
Мажарстан аумағындағы обалардан ғұн заманы адамының 25 бас сүйегі табылған. Оның арасынан ғұн элитасы жерленген орындардан еуропалық-моңғол тектес 12 сүйектің ішінен үш бас сүйек таңдалып алынған. Одан ғұн көсемінің бейнесі қалпына келтірілген. Мажарстандағы ғұндар обаларынан қазан, күн мен айдың бейнесі бар айшықтар табылған.
Ғұн мұрасын зерттеуге арналған Ақтөбеде өткен алқалы жиында тарихтағы ақтаңдақтар барынша ашық айтылды. Еуропа мен Азияны байланыстыратын ұлы жолдардың бойында жатқан тас дәуірі, ғұн, сармат кезеңдерінің жұрнағы жүйелі ғылыми айналымға түспей жатыр. Осы айтылған болжамдар қазіргі қазақ жері халықтардың көш жолының өткелі ғана емес, өркениет ошағы болғанын айғақтайды.
Ақтөбе облысы