Барша жанкүйер таяу күндері Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен шымылдығы түрілетін Азия чемпионатын тағатсыздана күтіп отыр. Ал сол дүбірлі додада Қазақстанның намысын кімдер қорғамақ? Күні кеше еліміздің ұлттық құрама командаларының бас бапкерлері осы жауапты жарыста қай шәкірттеріне сенім артатындарын жария етті.
Жарысты әдеттегідей грек-рим күресі шеберлері бастайды. Бас бапкер Серік Жұмашев, Аманғали Бекболатов (55 кило), Ернұр Фидахметов (60 кило), Мұхамедәли Мамұрбек (63 кило), Алмат Кебісбаев (67 кило), Ибрагим Магомадов (72 кило), Демеу Жадыраев (77 кило), Диас Қален (82 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило), Олжас Сырлыбай (97 кило) және Әлімхан Сыздықовқа (130 кило) сенім артып отыр. Бұл балуандардың барлығының да есімі спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Солардың арасынан Кебісбаев пен Жадыраевты бөле-жара атауға болады. Алмат әлем чемпионатында бес рет жеңіс тұғырына көтерілсе, Демеу дәл сол жарыста бір мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді. Нұрсұлтан мен Әлімханның қоржынында Азия чемпионатының алтын медалі бар. Басқа да жігіттер құрлықтық деңгейдегі додаларда жүлде алған.
Жарысты одан кейін бұрымдылар жалғастырады. Әйелдер күресі командасының бас бапкер Қайрат Сағадиев Эллада Махяддинова (50 кило), Алтын Шағаева (53 кило), Марина Седнева (55 кило), Нилуфар Раимова (57 кило), Диана Каюмова (59 кило), Ирина Кузнецова (62 кило), Әлбина Қайыргелдинова (65 кило), Елена Шалыгина (68 кило), Жәмила Бақбергенова (72 кило) және Елмира Сыздықованы (76 кило) бозкілемге шығаруды жөн көрген екен. Бұл балуандар арасында да осалы жоқ. Елена – Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Елмира – Рио Олимпидасы мен Азияданың қола жүлдегері, Жәмила – әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Сондай-ақ олар құрлық чемпионаттарында бір емес, бірнеше мәрте атой салды.
Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысовтың таңдауы Рахат Қалжан (57 кило), Нұрболат Әбдуәлиев (61 кило), Мұхтар Санжар (65 кило), Санжар Досжанов (67 кило), Дархан Есенғали (74 кило), Болат Сақаев (79 кило), Азамат Дәулетбеков (86 кило), Ризабек Айтмұхан (92 кило), Бекзат Үркімбай (97 кило) және Юсуп Батырмұрзаевқа (125 кило) түсті. Осылардың арасынан Дәулетбеков дараланып тұр. Ол былтыр Белградта өткен әлем чемпионатында қола медальді мойнында жарқыратты. Азия чемпионатының толық жүлде жиынтығын иеленді. Бұл жолы да Азамат алдына жан салмауға тиіс.
Алыптармен айқасып жүрген Юсуп осыдан үш жыл бұрын сары құрлықтың басты додасында дара шығып, 2021 жылы Токио Олимпиадасында бақ сынады. Болаттың былтыр Алматыда ұйымдастырылған Болат Тұрлыхановтың мемориалында отандастарымыздың арасынан жалғыз өзі бас жүлдені олжалағаны да есімізде. Қалған жігіттеріміз биыл Қазақстан Республикасының спартакиадасында өздерінің мықтылығын мойындатып, Астанадағы Азия чемпионатында өнер көрсетуге лайық екендерін дәлелдеді.