Қазақстан Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері Көкшетау қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен тәжірибе алмасты.
«Қарлығаш» балабақшасының өкілдері «Нұр бала» бөбекжай-бақшасының жұмысымен танысып, балалардың белсенді іс-қимыл орталықтары, «Sand art» кабинеті, мобильді кітапхана, «Ұлттық мұра – қазына» орталығында және психолог кабинетінде болды. Сондай-ақ мектепке даярлық тобындағы «Болжау ағашы» технологиясын қолдана отырып ұйымдастырылған шеберлік сыныбына қатысты. «Алтын бала» балабақшасында мұражайды, STEM-кабинетін және кітапхананы аралап, сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған топтардағы педагогтердің жұмысымен танысты. Ал «Zerek» бөбекжай-бақшасында интерактивті құмсалғыш, роботтехника кабинеті, интерактивті альпинизм бөлмесі, сенсорлық бөлме, STEM-зертханасында болып, «Интеллектум – балабақша» іскерлік ойынына қатысты.
Көкшетау қалалық білім бөлімінде жергілікті мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова кездесудің маңызына тоқталды. «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева «Желілік балабақша моделі» тақырыбындағы презентациясын ұсынып, балабақшаның атқаратын қызметі мен оқытудың инновациялық әдістеріне жан-жақты тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы таратып айтып берді.
«Қарлығаш» балабақшасының №2 объектісінің меңгерушісі Раушан Қожахметова «Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру сапасын бағалау үшін Есегѕ-3 шкаласын қолдану» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп, әдістемені қолданудағы балабақшаның тәжірибесімен бөлісті. №1 объектінің әдіскері Нұржан Набатова өз кезегінде «Балабақшадағы Naushop» тақырыбында семинар өткізіп, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеуде оқытудың интерактивті әдістерін қолдану барысы туралы айтып берді.
Кездесу соңында Көкшетау қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері іс-шараның кәсіби тәжірибе алмасудағы қажеттілігіне тоқталып, ой-пікірлерін ортаға салды. Жалпы, Көкшетау қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесу барысында «Қарлығаш» балабақшасының заманауи қызметтерді көрсететін республика бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көшбасшысы ретінде өз тәжірибесін өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарына таратуға дайын екендігі атап өтілді. Өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесудің басты мақсаты – «Қарлығаш» балабақшасында қолданылатын инновациялық методикаларды таныстыру, озық педагогикалық тәжірибемен бөлісу.
«Қарлығаш» балабақшасы биыл осы форматтағы іс-шаралар тізбегін Қазақстан Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері шеңберінде еліміздің өзге де өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.
КӨКШЕТАУ