Бүгін Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотында Қайрат Боранбаев соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Құрметті сот, сізге өз құқығымды қорғау үшін жүгінемін. Бұл істе прокурорлардың өз қателіктерін мойындауға батылдығы жетпеді. Осы орайда сот жіберілген қателіктерді түзетуге, әділдік пен заңдылықты қалпына келтіруге батылдығы жетеді деп үміттенемін. Өз қателіктерін мойындай алса, ол еркін адам», деді Қайрат Боранбаев сот алдында.
Сондай-ақ айыпталушы «АзияГазЧунджа» және «Qazaq Gaz» арасындағы мәміледен мемлекетке шығын келген болса, оны өтеуге дайын екенін жеткізді.
«Құрметті сот, сіз заң өкілісіз. Біздің ісімізде ұрандатушылық жоқ, біз жасаған мәміле тек коммерциялық сипатқа ие. Тергеу басталғаннан бері «АзияГазЧунджа» және «Qazaq Gaz» арасындағы мәмілені коммерциялық және заңды деп санап келдім, мүмкін мен қателескен шығармын. Сондықтан егер Qazaq Gaz мемлекет атынан бұл мәміледен шын мәнінде залал келтірілді деп есептесе, онда мен тергеу кезінде тапқан табысымды қайтаруға дайынмын. Бүгінде залал толық көлемде өтелді. Осы орайда заңды шешім қабылданады деп үміттенемін», дейді ол.
Еске салсақ, өткен жылы 17 наурызда соттың шешімімен Қайрат Боранбаев 2 айға қамалған еді.
Кейін Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың сыртқа заңсыз шығарылған активтері қайтарыла бастағаны хабарланды.
Айта кетсек, Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы былтыр 30 желтоқсанда басталған еді.
28 наурызда өткен сот отырысында прокурор Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады.