• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Наурыз, 2023

Мемлекеттік рәмізді елемеген журналист жауапкершілікке тартылуы мүмкін

535 рет
көрсетілді

Заңгер Ләззат Ахатова Әнұранды елемеген журналиске қатысты пікір білдірді. Заңгердің айтуынша, журналисті әкімшілік жазаға тартуға әбден болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әнұран айтылған кезде орнынан тұрмаған журналистің ісін жұрт қызу талқылап жатыр. Бірі «ондай-ондай болып тұрады» деп ақтаса, екінші тарап Әнұранға құрмет көрсетпегенін сынға алып жатыр. Әлеуметтік желіде тараған видеода «Власть» ақпараттық агенттігінің журналисі Тамара Вааль Әнұран шырқалған кезде орнынан тұрмастан жұмыс істеп отыра берген.

Бұл жағдайдан кейін «Власть» ақпараттық агенттігі телеграм арнасында қызметкерінің әрекеті үшін кешірім сұрап, жазба қалдырды.

Парламенттегі видеоға қатысты Тамара Вааль өзі де пікір білдірді. Журналист ағынан жарылып, кәсіби міндетін алға тартқан. 

«Парламент қабырғасында болып жатқан маңызды жайттарды халыққа барынша тез әрі ашық жеткізу жүктелген. Біздің жұмысымыздың ерекшелігі де осында, біз нақты уақытта болып жатқан барлық нәрсені мәтін түрінде беруіміз тиіс. Мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда операторлар мен фотографтар залды аралап, түсіріп жатқаны сияқты шаруа бұл», дейді журналист.

Бұл жағдайға қатысты заңгер Ләззат Ахатова да пікір білдірді.

«ҚР Рәміздер туралы заңының 9-бабының бірінші тармағында Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды делінген. Яғни Әнұранды орындауға қатысты заң талабы бар. Бұл ҚР азаматының бәріне бірдей міндет. Алайда заңда дәл Әнұран орындалғанда тұрмағаны үшін жазаланады деп нақтыланған сөз жоқ. Бірақ ҚР Қылмыстық Кодексi 372-бабы, Мемлекеттік рәміздерді қорлау туралы заңы бар. Ол заңға сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау –  үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоғыз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», делінген. 

Заңда егер дәл сол іс-әрекетке қатысты заң болмаса соған ұқсас заң қолданылады деген де норматив бар. Қылмыстық кодекстің жазасы қатаңдау. Дегенмен рәміздерге қатысты заңды пайдаланып, норматив бойынша журналисті әкімшілік жазаға тартуға  болады.

«Бірақ болашақта дәл Әнұранға, яғни осындай жағдайларға қатысты заң қабылдануы да мүмкін. Заң деген солай өзгеріп, толығып, керек емесі алынып тасталып отыратын дүние. Сондықтан бұндай жағдайда әкімшілік жазаны қолдану керек», деді заңгер.