Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе қаласының солтүстік белдеуінде, Елек өзеніне таяу жерде құрылыс жұмыстары кезінде ғұн заманы жауынгерінің обасы табылды.
Археологтер бұл жерде біздің заманымыздың ІІ-ІІІ ғасырында өмір сүрген ғұн тайпасы өкілдерінің бірі жерленгенін жауынгер киімі мен қару-жарағы, ат әбзелдері қалдықтарынан анықтады. Және бір ерекшелігі – ежелгі заманның тонаушыларының көзінен тыс қалған элиталық, бұзылмаған обалардың бірі екені белгілі болды. Оған дәлел жауынгер киіміндегі әшекейлер мен қару-жарақ қалдығының осы заманға дейін шашылмай, жоғалмай жетуі. Биылғы жазда осы археологиялық мұраларға реконструкциялау жұмыстары басталмақшы. Ежелгі өркениет жауынгерінің бет-бейнесін, киімі мен қару-жарағы, ат әбзелдерін қайта жарақтандыру жұмыстарымен Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім меңгерушісі Аслан Мамедов пен осы оқу орнының жетекші ғылыми қызметкері Арман Бисембаев, этнограф-ғалым, суретші Қалиолла Ахметжан айналысады.
Біздің заманымыздың ІІ-ІҮ ғасырында қазіргі Ақтөбе облысының аумағын ғұн тайпалары мекендеген. Олар Еуропаға қоныс аударғанға дейін осы жақта өмір сүріп, ерекше мәдениет іздерін қалдырған. Ғұндардың басқаларға ұқсамайтын өзіндік мәдениетін Қобда, Ойыл өзендерінің бойынан табылған обаларда сақталған бұйымдардан көруге болады. «Елек өзені бойында кездейсоқ табылған обадағы бұйымдардан ғұн жауынгерінің бейнесін қалпына келтірмекшіміз. Біз ежелгі жауынгер киіміндегі әшекей бұйымдарды, қару-жарағы қалдықтары мен ат әбзелдерін мұқият зерттеуге кірістік. Обадан табылған олжалардың ішіндегі ең қызықтырғаны аттың ері екендігін жасырмаймыз. Өйткені ғұн сарбаздары өз заманында мініс аттарын сәндеп мінген,- дейді археолог Аслан Мамедов.
Ақтөбе облысы