Дәстүрлі дініміз бен діліміз – ұлт ұстыны. Иманы берік, салты мығым халықтың рухы биік. Ислам өркен жайған шақтан-ақ бабаларымыз асыл дінімізді ұлттық таным-түсінігімізбен біте қайнастырып, халқымызға ар жолын ұғындырған болатын. Ясауи, Мәшһүр, Абай, Шәкәрім даналығы сөзімізге дәлел, пікірімізге тұздық.
Бүгінгі таңда ислам ғылымы жан-жақты өрістеп, осы бағытта білікті ғалымдарымыз бой көрсетіп келеді. Солардың бірі – Қазақстан журналистер одағының мүшесі Нарбай Тағайұлы. Жақында ғалымның «Тақуалыққа бастар жол», «Құрандағы қиямет пен қыялдағы қиямет» сынды қос кітабы көзі қарақты оқырманға жол тартты. Автор кітапта ислам дінін ұлттық ауыз әдебиетіміз, елдік таным арқылы түсіндіріп, мағынасын ашуға ұмтылады. Ұлтымыздың рухани саулығы үшін діни білім нәрі бағалы құндылық екені баяндалады.
– Адамдарға қайыр жасау деген – елге қайыр жасағандық. Бұл еліміздің кемін толтыру, азын көбейту, күшін арттыру, жаманын жақсарту. Бізге ең қажеті – тілдегі емес, жүректегі шынайы имандылық, – дейді ол.