• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Футбол 02 Сәуір, 2023

Екінші турдың ең үздік голы

299 рет
көрсетілді

UEFA нұсқасы бойынша футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің Дания қақпасына соққан голы Еуро-2024 іріктеу кезеңінің екінші турында соғылған ең үздік гол деп танылды.

26 наурызда Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында елордадағы «Астана Арена» стадионында әлемнің ең үздік құрамаларының бірі Дания футболшыларын қабылдап, 3:2 есебімен «Дат динамитін» тізе бүктірген болатын. Сол матчтың 86-минутында Асхат Тағыбергеннің алыстан қақырата тепкен добы Каспер Шмейхельдің қақпасынан табылып, таразы басын теңестірген-ді.

Отандасымыздың бұл голы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының ресми сайты ұйымдастырған сауалдамада турдың ең үздік голы деп танылды. Екінші орынға Англия құрамасының ойыншысы Букайо Саканың Украина қақпасына соққан голы ие болса, үздік үштікті Беларусь футболшысы Владислав Морозовтың Румыния құрамасының қақпасын дәл көздеген голы түйіндеді.