• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғалым 02 Сәуір, 2023

Ғажайып көзілдірік

428 рет
көрсетілді

Сенесіз бе, әлемде 40 миллионға тарта көру қабілеті нашар адам өмір сүреді. Ал елімізде 160 мыңға жуық жанары қараңғы жан бар. Олардың бәрі қоғамның көмегіне зәру. Бүгінде ғалымдар бұл мәселені шешу үшін технологияға жүгінуге мәжбүр. Бұл ретте біздің өнертапқыштар да қарап отырған жоқ. Мәселен, жетісулық жас ғалымдар автономды көзілдірік ойлап тапты.

Бүгінде көру қабілеті бұзылған адамдар саны жылдан-жылға артып келеді. Өкінішке қарай, олардың көбінің сырқаты емдеуге келмейді. Оның үстіне компьютер мен түрлі смартфондарға шүйліккен жастардың күніге жанары суалып барады. Қазір офтальмологке жүгінетін науқас өте көп. Оған сенсорлы экраннан бөлек, әртүрлі себеп бар. Енді осы мәселені қалай шешеміз? Технологияға негіз­делген қоғамда телефоннан, көзге зиянды аппараттардан жырақ тіршілік ету мүмкін емес. Демек бұл бағытта өнертапқыштардың тағы бір жаңалығы қажет-ақ. Әйтпесе, көзілдіріксіз көшеде жүре алмайтын жағдайға жетеміз.

Осы ретте талдықорғандық оқушылар Дени Мирхаят, Максим Сурин, Виктор Кахно «Соқыр әрі зағип жандарға арналған автономды көзілдірік» жобасын жүзеге асырды. Олар көшеде және қоғамдық орындарда емін-еркін қозғала алмайтын, соның салдарынан өздерін жайсыз сезінетін адамдарға арнайы әзірлеген құрылғыны көпшілікке таныстырды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге жол ашатын құрылғының көмегі көп. Олар басқа қалада, бейтаныс ортада еркін қозғала алады.

– Біз бұл тақырыпты толыққанды зерттеп, қорытынды жасадық. Соқырлар қоғамының өкілдерімен кездесулер өткізіп, олардың қандай қажеттіліктері барын анықтадық. Сондай-ақ қалада жүргенде жолды бағдарлай алу үшін нені қалайтындарын да білдік. Сөйтіп, құрылғының прототипін жасадық. Содан кейін объектіні тану үшін нейрондық желіні әзірледік. Құрылғы тұлғаны кедергілерден оңай алып шығады әрі аяғын шалыс басуға мүмкіндік бермейді, – дейді Д.Мирхаят.

Жас ғалымдардың айтуынша, жоба өте өзекті. Бүгінде дүние жүзінде аталған мәсе­ленің толыққанды шешімін ешкім тапқан емес. Ал егер жоба сәтті жүзеге асса, бұл көру қабі­леті нашар адамдар үшін көп көмек болар еді.

Жалпы, автономды көзілдірік деген – соқыр адамдарға ғарышта жүргендей әсер сыйлап, күнделікті өмірді жеңілдетуге кө­мектесетін біріктірілген қолданбасы бар экожүйе. Сыртқа шыққанда басқа киіп алып, өз бетінше дүкенге не саябаққа баруға болады. Нейрондық желі бәрін анықтап, иесіне ескертіп отырады.

Енді автономды көзілдіріктің құрылымына тоқталсақ. Дулығаның дайын прототипі нысанды тануға жауапты YoloV5 нейрондық желінің негізінде жұмыс істейді. Ал ол Nvidia Jetson тақтасында орналастырылған. Lidar сенсоры бар Real Sense камерасы дулығаға біріктірілген. Нейрондық желі қоршаған ортадағы нысандарды таниды да құлаққаптарға аудиосигналдарды жібереді. Арнайы мобильді қосымша да әзірленген. Ол дулығамен бірге жұмыс істейді. Зағиптарға арналған навигация (шлем мен қолданбаның үйлесімі нәтижесінде) Google Maps API арқылы қызмет атқарады. Қосымшада тағы да бірнеше мүмкіндік бар: бейімделген ауа райы дисплейі, подкастар және тұлғаны қолдау батырмасы. Real Sense камерасы микрокомпьютерге бейнеағынын жібереді, ал Lidar камераның ортасында орналасқан нысандарға дейінгі қашықтықты өлшейді. Әрі қарай нейрондық желі бейнеағынын талдайды. Кескін элементтеріндегі үлгілерді іздейді. Осылайша, деректер жиынтығы негізінде объектілердің, автомобильдердің, адамдардың және басқа нысандардың түр­лерін анықтайды.

– Объектілердің орналасқан жері туралы ақпарат құлаққапқа дыбыссыз сигналдардан тұратын вибрациялар түрінде жіберіледі. Бұл ретте әртүрлі объектілерде бірнеше тықылдау жиіліктері болады. Объектіге дейінгі қашықтық қайталану жиілігімен кодталады. Неғұрлым жақынырақ болса, соғұрлым көп тықылдайды. Нысанның орны сол және оң құлақтағы сигналдар арқылы кодталады. Бұл әдістің көмегімен аздап жат­ты­ғып, әртүрлі нысандарды белгілеу жиі­лігін есте сақтай аласыз. Сосын сіз ештеңе көрмей-ақ кеңістікті оңай шарлайсыз, – дейді өнертапқыштар.

Жас ғалымдар құрылғыны жасау үшін әлеуетті нарыққа талдау жүргізген. Әуелі Талдықорған қаласындағы мүмкіндігі шек­теулі жандармен дидарласқан. Оларға әртүр­лі сауалдама қоя отырып, өздері ойлап тап­қан құрылғының пайдасын түсіндірген. Жар­тылай көру қабілетінен зардап шегетін адамдар да жобаға қызығушылық танытып, іске асуына тілектестік білдіріпті.

Автономды көзілдірікті оңалту орталықта­ры, зағиптар қоғамы, қайырымдылық ұйымда­ры мен көру қабілетінен толық және ішінара жоғалған адамдар пайдалануға болады. Бұл күтуші болып қызмет көрсететін мамандардың жұмысын жеңілдетеді. Әрі баласы нашар көретін ата-аналардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасамақ.

Қараңыз, Алматы және Жетісу облыс­тарында көру қабілеті нашар шамамен 1 500 адам тұрады. Көбі үйінен тысқа шығуға қорқады. Қала дамыған сайын көліктер де, әртүрлі кедергілер де көп. Тас жолдар мен тротуарлардың дені көру қабілеті нашар адамдардың жағдайын ескермей салынған. Сондықтан аталған жобаның маңызы зор. Жас ғалымдар ғажайып көзілдірікті нарыққа шығарып, сатуды жоспарлап отыр.

 

Жетісу облысы