Ақтөбе облысында жыл сайын 500 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару жоспарланған.
2021 жылы басталған осы ауқымды жұмыс 2026 жылға дейін жалғасады. Тек биылғы жылдың соңына дейін елді мекендер тұрғындары үшін жайылымдық жер көлемі 195 мың гектарға ұлғайтылады. Былтыр Әйтеке би ауданында – 84 мың 800, Байғанин ауданында – 68 мың, Шалқар ауданында – 71 мың 800 га көлемдегі пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды. Осындай жақсы ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде жайылымдық жер аумақтары Алға ауданында – 23 мың, Ырғыз ауданында – 26 мың 400, Қобда ауданында – 25 мың, Мұғалжар ауданында – 21 мың гектарға ұлғайды.
Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Аманқұловтың хабарлауынша, 2021 жылы – 512 мың, 2022 жылы – 535 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекетке қайтарылды. Өңірдегі 10 ірі шаруашылық иесі 239 мың гектар жер учаскесін мемлекетке өз еріктерімен тапсырды. Бұл жер ресурстарын бақылау департаменті мамандарының тыңғылықты және жақсы ұйымдастырылған жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Департамент қызметкерлері өткен жылы 610 мың гектар жердің тиімді игерілуін тексеру кезінде 177 заң бұзушылық тапты. Соның ішінде 101 шаруа қожалығы иесі қорадағы малдарын тіркемей жасырып жүргені анықталып, оларға айыппұлдар салынды.
Соған қарамастан елді мекендер тұрғындары үшін жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 195 мың гектар жердің қайтарылып берілуіне қарамастан, әлі күнге дейін ауыл тұрғындарының қорасындағы малын жаятын жер тапшы. Жайылымдық жердің жетіспеушілігін, әсіресе Алға, Мәртөк, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласының төңірегіндегі елді мекен тұрғындары қатты сезініп жүр. Мәселен, Алға ауданында – 33 мың, Мәртөк ауданында – 19 мың гектар, Темір ауданында – 12 мың, Ақтөбе қаласы аумағында – 21 мың гектар жер жетіспейді.
2023 жылы1 қаңтардан бастап Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша кәсіпкерлік нысандарын жоспардан тыс тексеруге тыйым салынады. Мұның кесірінен жер учаскелерін мақсатты түрде пайдаланбағандардың заң бұзушылығын бақылау қиын болатын түрі бар. Әсіресе құрылыс жұмыстарын жүргізуге алынған жерлерді қадағалау қолдан сусып кетеді. Өйткені қолданыстағы Жер Кодексінде кәсіпкерлік нысандары құрылыс жүргізуге алған жер учаскелерін пайдаланудың нақты критерийлері көрсетілмеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы сұрақ бойынша Жер кодексіне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әзірлеп отыр. Депутаттар да осы құрылысқа алынған жер учаскелерін тиімді пайдаланудың заңнамалық нормаларын тезірек қарастыруға тиіс.
Биылғы жылдың тағы бір жақсы жаңалығы – Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің интерактивті картаны қолданысқа енгізуі. Ендігі жерде тұрғындар кері қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін геопортал арқылы бақылай алады. Ақтөбе облысында да былтыр мемлекетке қайтарылған 535 мың гектар жерді геосервиске енгізу жұмыстары басталды. Ендігі жерде Ақтөбе қаласының әкімдігінде геопортал арқылы қайтарылған жерлерді көруге болады. Сондай-ақ аудан әкімдіктерінің сайттарында да осы мәліметтер орналастырылады.
Ақтөбе облысы