Базар жырау Оңдасұлы (1841-1911) исі қазақтың жадында жатталып қалуы тегін емес. Оның аты мен заты Сыр бойына ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне, батысы мен шығысына, оңтүстігі мен солтүстігіне тарап үлгергені нақты ғылыми деректерден белгілі.
Базар жыраудың шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен алғашқылардың бірі болып С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Диваев, Ә.Марғұлан, М.Әуезовтердің қолына тиген. Шығармаларының әдеби әрі ғылыми айналымға өз тұстастарына қарағанда ертерек түсуі, әдебиет жинақтарына енуі жырау мұраларының ел аузында көп айтылып, жатталып келуінен ғана емес, оның ғалымдар мен зерделі жинаушылардың назарын еріксіз аударатындай үздік үлгілілігі мен көркемдігінен болса керек. С.Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау» десе, М.Жұмабаев: «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған» деп Базар жыраудың ақындық қарым-қабілетін жоғары бағалайды. Сөз қадірін білетін саңлақ суреткерлеріміздің Базар жырау шығармаларын назарға алып, ғылыми зерттеуге негіз етуі жырау мұраларының кәсіби әдебиет пен ғылымнан оңды бағасын алуының басталғанын дәлелдейді.
Базар жырау шығармашылығы, әрине, бәрінен бұрын Сыр еліне етене таныс. Сыр өңірі әдебиеті мен мәдениетінің білгірі, Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті классиктерінің бірі А.Тоқмағамбетов өмірінің соңғы жылдарында Сыр сүлейлерінің шығармашылығына сүйене отырып, кереметтей туындыларды: «Жыр күмбезі» және «Көтерілген күмбез» романдарын дүниеге әкелді. Сыр елінің толымды көркем шежіресіндей, Сыр бойылықтардың шығармашылық тұрғыдан өнерге қарым-қатынасын айғақтайтын бұл романдардың Базар жырау Оңдасұлы мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармашылық өмірбаяндарын негізге алып жазылуында логикалық тұтастық бар.
Базар жырау – дәстүршіл ақын. Есін білгелі ел аузындағы жыр-термелерді, толғау-дастандарды жаттап өсу жыраудың балалық шағына тән базарлы уақыты, ал халық ауыз әдебиетінің мол қазынасы, тарихи әдебиеттің тағылымды мұралары, өзі өмір сүрген өнер ортасы – бұлар оның өмірлік те, өнерлік те оқулықтары еді.
«Құлаштап дүние сені қармансам да,
Керімі келген шығар ер Қорқыттың» дейді Базар жырау. Бұл жолдардағы Қорқыт есімін жай ғана атала салған деп ұғынбағанымыз жөн. Бір қызығы Сыр сүлейлерінің барлығы да өздерінің жыр-толғауларында Қорқыт есімін атап отырады, өздерінің туындыларын Қорқыт дәстүрінің жалғасы деп меңзейді. Демек Сыр сүлейлерінің шығармаларын Қорқыт дәстүрінен бастау алатын, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақын-жыраулар шығармаларымен тығыз байланыста дамып келіп, әдебиет тарихына алтын қор болып қосылған құнды дүниелер деп есептейміз. Базар жырау шығармалары да өзінен бұрынғы әдебиетпен табиғи тамырлас болып келіп, әдебиеттің ұлттық дәстүрін жалғастырған.
Базар жырау ұлттық әдебиет дәстүрін жалғастырушы ғана емес, оны байытушы. Базар жырау шығармашылығында, біздіңше, адам, адам тағдыры туралы айту ерекше орын алды, адам туралы жалпы айтудан толғау үлгілі өлеңіміздің тарихында алғаш рет нақты айту, мораль, адамгершілік сапалар мен адамдық қасиеттерді көркем шығарма нысанына нақты адамды ала отырып жырлау жүзеге асты. Кез келген мәселені нақты, деректі жырлауы арқылы Базар жырау шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін жетілдіре түсті, көркем шығарманың өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатының артуын жолға қойды.
Қазақ поэзиясындағы арнаулардың ХІХ ғасырдың әдеби мұрасына жататын Базар жырау Оңдасұлының шығармаларындағы үлгілеріне назар салсақ, бұлардан бір ғажабы әрі дәстүрлі толғау үлгілі поэзияның сипаты, әрі жазба әдебиетке тән ерекшелік, белгілер байқалады. Толғаудың синкретті жанрлық түр ретінде лирикалық поэзияның жанрлық түрлерінің бірнешеуінің жүгін бір өзі арқалап келгені туралы қазақ әдебиеттануында бұрыннан айтылып жүрсе, осы шындыққа Базар жырау арнаулары арқылы анық көз жеткізуге болады. Бұның өзі ХІХ ғасырдағы тарихи әдебиет үлгісі – толғауларымыздың жазба, кәсіби әдебиетке толық алғышарт бола аларлықтай жағдайда болғанын көрсетеді.
Жалпы, ақынжанды, сезімтал қазақ халқының лирикалық түйсігі, түсінігі, пайымы, ақыл-ойы өлең сөзінен гөрі толғау терминінде көбірек жатқанға ұқсайды. Осы орайда, Ш.Уәлихановтың өз кезінде өлең сөзінің қазақтарға Тобыл татарларынан енгеніне 50-ақ жылдай уақыт болды дегені еріксіз ойға оралады. Сондай-ақ академик Қ.Жұбановтың түрікпендер толқынды толға деп атайды, толғау сөзі осы толғадан, толқыннан шыққан деп айтқаны да ескеруге тұрарлық. Лирикалық сезім де, сыр да көңіл толқынысынан тумай ма? Лирикалық поэзияны таза субъективті, ақынның ішкі сезім, мұңынан, көңіл күйінен тұрады деп жататынымыз да сондықтан. Бұл жерде айтпағымыз – толғау болсын, өлең болсын бұлардың бәрі лирикалық поэзия, демек кәсіби жазба әдебиетіміздегі Абайдан басталатын лирикалық поэзиямыздың тарихи-теориялық кез келген мәселесін қазақ өлеңдерінсіз, толғауларынсыз зерттей алмасақ керек.
Базар жырау толғауларын жеке шығармашылық тұрғысынан ғана емес, жалпы, әдебиет тарихының көлемінде, әдебиет тарихы дамуының контексінде қарастырсақ, оның назар аударарлықтай бірнеше қырларын атап өтуге болар еді.
Арнау өлеңдер – қазақ поэзиясындағы дәстүрлі жанр. Біріншіден, халық ауыз әдебиетіндегі арнау өлеңдер халқымыздың тұрмыс-салтымен біте қайнасып кеткен күйінде тұрмыс-салт жырлары деп аталып кеткен де, бұндай жырлар кейіннен тарихи әдебиетке, жазба әдебиетке кәсібиленген жағдайда сіңісіп кеткен. Тұрмыс-салт жырлары түрінде әдебиеттегі тарихын өте ертеден бастаған арнау өлеңдердің жалпы, қазақ өлеңінің тарихы мен теориясы үшін қисын-қағидалар қалыптастырудағы орнына Базар жырау толғаулары негізінде біршама тоқталып өтуге болады.
ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтитын толғау үлгілі өлеңдеріміз көне ауыз әдебиеті үлгілері мен жаңа жазба әдебиет арасындағы алтын көпір қызметін атқарғанын баса айтуға болады. Ауыз әдебиеті үлгілерінің әдеби үдеріс барысында жазба әдебиетке өтуін қазақ әдебиеті тәжірибесімен дәлелдеуде жеке авторлық шығармашылықтың өнімдері ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтитын толғау үлгілі поэзиямызға соқпай өте алмайтынымыз сондықтан деген ойдамыз.
Базар жыраудағы «Беташар», «Темірге көңіл айтуы», «Көнек Жалғасбайдың ел-жұртымен бақұлдасуы», «Пішанның Төребайына көңіл айтуы» сынды толғауларды, міне, осы бағытта қарастырамыз. Өлең толғаудың композициясы өзінің нысанындағы персонажға бағытталып құрылуымен ерекшеленеді. Жырау не айтса да сол «персонаж» төңірегінен ұзамай, оған өлеңмен сипаттама, мінездеме беріп отырады. Бұл «персонаж» дүниеден өтіп кеткен адамдар болуы да немесе жаңа түскен келіншек күйінде келіп отыруы да дәстүрге сыйымды. Мәселе Базар жыраудың арнау толғауларының дәстүрден озып дүниеге келуінде, әдебиет тарихын ілгерілетуінде, сөйте отырып дүниеге жазба әдебиет үлгілеріне тән сипатпен келуінде, өзінен кейінгі не қатар дүниеге келетін кәсіби әдебиет туындыларына шығармашылықпен игілікті әсер ете алуында демекпіз.
Жоғарыда аталған толғаулардың дәстүрге беріктігімен бірге жаңашылдық сипатының молдығы ерекше назар аударуға тұрарлық сипат. Көңіл айту, көңілді өлеңмен айту – дәстүршілдік белгісі болса, ал арнаудың нысанындағы адамды, «персонажды» толыққанды, жан-жақты сипатталған, мінезделген, тіпті жинақталғандай болып көрінетін әдеби бейне дәрежесіне көтеріп жырлау – бұл енді жаңалық. Базекеңнің «Пішанның Төребайына көңіл айтуы» толғауы, міне, осындай сипатты шығарма. Арнау толғаудың бірінші бөлімінде 18 жастағы ұлы Ысқақтан айрылған, қайғыдан басын көтере алмай жатқан Төребай биге Базекең көңіл айтып ұзақ толғайды. Төребай – Сыр өңіріне кең танылған тұлға, би. Өз кезінде-ақ ел абыройына бөленген қайраткер адам. Өлең нысанында өмірде бар адам, тарихи кейіпкер туралы айту әрі қиын, әрі оңай болғанымен, бұл жердегі ауырлық қалған көңілді жібітіп, қалың қайғыны сейілтетіндей сөз тауып айту. Төребайдай тұлғаның анау-мынаудың сөзіне иліге, жіби қоюы да бейкәміл. Міне, осы талаптар дүниеге келетін шығарманың, яғни көңіл айтудың өнерлік шарттары болатындықтан, Базекеңнің бұндай талаптарды ескеріп, көңіл айту барысында Төребайдың басын көтеріп, сөз құдіретіне елітіп жылап жіберетіні, арнау толғаудың көркемдік деңгейіне, өнер туындысына тән табиғатпен дүниеге келгенінің дәлелі бола алады. Базар жырау көңіл айту барысында Адам ата – Хауа анадан басталған адамзат тарихына шолу жасайды, Төребайдың ата-бабасына, әулет-зәузатына тоқталып өтеді, Сыр елінің дүниеден озған атақты адамдарын сөз етеді. Осылардың барлығын жырау өмірдің өтпелілігін, өлімді адам баласының бәрібір мойынсұнатынын айту үшін толғап келеді де қыршын жас Ысқақтың өлімінің ерекше екенін есінен шығармай отырады және бір ерекшелігі – көңіл айтудағы дәстүрлі тұспалдау, мезірет жасау, ишара білдіру әдістерін нәтижелі пайдаланып отырады.
«Ақырын істің оңғарсын,
Сыныпты бұтақ теректен» деген сияқты жолдар осы айтқандарымызға дәлел. Көңіл айтудың бірінші бөлігі өмір, дүние, адам туралы тың толғаныстардан тұрады. Осындай ұғымдар төңірегіндегі ойлардың берілуінде, негізгі идеяны жеткізуде дәстүрлі көңіл айтудың шарттары да сақталған. Бұл толғаудың да, Базар жыраудың басқа арнауларының да сипаты біздіңше, өлең нысанындағы персонажға тоқталуында, яғни өлеңдегі негізгі кейіпкерге сипаттама, мінездеме жасалуында деп тұжырым жасауға болады. Толғаудың екінші бөлімінде тікелей Төребай туралы айтылады, оның ел алдындағы қызметіне баға беріледі. Төребай туралы айтыла отырып, ел бірлігі, елдік пен ерлік, өмір, оның өзгермелілігі мен қысқалығы төңірегінде тоқталып отыру, салыстырмалы түрде адамдық қалыптар мен мінездер төңірегінде айту үшін өткен-кеткендерді еске түсіріп жырлау – Базар жырауға тән ақындық қолтаңба, жыраулық жөн жоба екенін айтар едік. Бұлардың барлығын жырау қайғыны жеңілдету үшін Төребайды қанаттандырып, қайрап отырып айтады. Көңіл айту мен жұбатудың дәстүрлі сілемдері сақталып отырған бұндай арнаудың жаңалығы реализмінде, өмір құбылыстарын сол қалпында уақытпен байланыстыра отырып дәл көрсете алуында деп есептейміз.
Базар жыраудың «Бақа биге» арнауында да сондай. Аз айтылса да, көп айтылса да Бақа би туралы айтылады. Ел басқарған болыс Бақаның Қосқұлақ бабасынан бері жалғасып келе жатқан қасиеттері жайлы жырланады:
«Жолдасын жауға бермеген,
Көлденең сөзге ермеген,
Ешкімді бөтен көрмеген,
Қосқұлақ еді бабаңыз» делінетін жолдар осыған дәлел. Арнау толғаудың жанрлық аясына Бақа биге түрлі сипаттама, мінездеме беріп отырумен бірге, өзінің басына түскен жағдайды, түрмеге түсіп қалғанын айтып, мұңын шағуды сыйғызып жіберу – Базар жыраудың жаңалығы, арнау өлеңнің күнделікті тіршілікте кездесе беретін жайттар мен көңіл күйдің түрліше мотивтерін қамтып жырлауға ойыса бастағанының, яғни жазба әдебиетке толық алғы шарт бола аларлықтай деңгейінің дәлелі. Осындай ілгерішіл үрдіс, дамуға бет алған жақсы бағдар Базар жыраудың «Нарманға», «Лепес туралы», «Қалжан ахунға», «Маутанға», «Қаражан болысқа» арнауларында одан әрі толықтырыла түскен. Бұл толғауларда адамның кейбір мінездері сыналады. Жанрлық тұрғыдан алғандағы бұндай жетістікті толғаудың нысанындағы жеке адам бейнесінің емес, оның кейбір мінездерінің өлеңге арқау болғанымен дәлелдеуге болады. Адамның өзіне не бейнесіне жалпылама тоқтамай, оның мінезін даралауға жалқылап тоқталу шығарманың жанрлық тұрғыдан өсіп-дамып келе жатқанын, күнделікті өмір тіршіліктерін суреттеуге ойыса бастағанын дәлелдесе керек. Мәселен, «Қаражан болысқа», «Нарманға» арнауларында Қаражан мен Нарманның бар бола, бай бола тұра сараң екендіктері беттеріне басыла жырланса, «Лепес туралы» арнауында сараңдықпен бірге қолының сұғанақтығы, ұрлық жайы сыналады.
Базар жырау Сыдық сұлтанға арнауында:
«Кенеден туған Сыдық жүр,
Көрмеймін деп кәуірді,
Қойып Хаққа көңілді-
Зорлығына көнбен деп,
Қолдан тізгін бермен деп.
Көңілі осылай бөлінді,
Сыбанып батыр білекті.
Қайтпаған қайсар жүректі,
Алла оңғарса тілекті
Кенеден туған ер төре
Келтірер өзі ретті.
Балдағы алтын ақ болат,
Білегіне бос салған,
Тайғақ кешу тар жолда
Ер жолдасын еске алған,
Шашақты қара ту алған» делінеді де осы мазмұнда әрі қарай жалғаса береді. Бұл арнаудың дәстүрлілігі Сыдық сұлтанның кім болғаны жөнінде тыңдарманға, оқырманға мағлұмат, дерек бере алуында. Базар жырау да Сыдық сұлтанның бейнесін асқақтата жырлайды. Даңғайыр жырау сөз сапырып, асқан шеберлікпен, тапқырлықпен не бір асыл теңеулерді, ажарлаулар мен ауыстыруларды Сыдық төре бейнесін сомдауға аямай-ақ жұмсаған. Бұл арнаудың артықшылығы ол бірыңғай марапаттау, мадақтаудан тұрмайды, бұнда саяси-әлеуметтік астар, сипат бар. Базар жырау Ресей патшалығына қарсы бағытталған Сыр елі қазақтарының ұлт-азаттық күресінен хабардар етеді. Сыдық төрені осы көтерілістің басында жүргендіктен де мадақтап отырғанын ашық білдіріп отырады. «Зорлығына көнбен деп, қолдан тізгін бермен» деп жүрген Сыдық төре – Базар жыраудың арнауынан танып білгеніміздей, ұлттық батыр, қаһарман. Ол – ел басқарған хан емес, бірақ ұлтты отарлық езгіден құтқару үшін күресіп жүрген батыр. Өзі де осы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан, жырларымен оған дем берген Базар жырау арнауындағы Сыдық төре бейнесінің жасалуының осындай саяси астары бар. Біздіңше, өнер туындысы халық үшін туады және халықтың тарихындағы өшпес оқиғалардан хабар береді, бұл – оның шынайылығы, өміршеңдігі, нағыз өнер туындысына тән бедер-белгілерді, сыр-сипаттарды өз бойынан білдіре білуі. Демек Базар жырау Сыдық төреге арнауында осы жанрлық түрдің қазақ поэзиясындағы жеткен жетістігін, дәреже-деңгейін көрсетеді, сөйте отырып ХІХ ғасырдағы толғау үлгілі поэзиямыздың, жыраулар мұрасының ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас жағынан басталатын кәсіби, жазба әдебиетімізге толық алғышарт бола аларлықтай екенін дәлелдейді.
Базар жыраудың Бақа болысқа арналған жыры да жанрлық сипаты жағынан поэзиядағы дәстүрлі арнаулардан алшақ кетпеген. «Шөменнің алтын сақасы» деп аталатын арнау жырдың негізгі кейіпкері Бақа би – патшалық Ресей билігі тұсында болыс болған, ірі тарихи тұлға. Арнауда не айтылса да Бақа би туралы айтылады. Әрине, арнаудың жанрлық сипатына сай жасалатын Бақа бейнесін бедерлеу үстінде жырау оған сипаттама, мінездеме жасап отырады.
«Үстіңнен дұшпан аспаған,
Аяққа пенде баспаған,
Сіз едің берен ағамыз.
Шыныңменен бұрқансаң,
Атасы басқа дұшпаннан,
Босар еді жағамыз.
Жолдасын жауға бермеген,
Ешкімді бөтен көрмеген,
Қосқұлақ еді бабаңыз».
Рулық жағынан Базар жырауға аға болып келетін Бақа болыс ел ішінде әділдігімен, ақылдылығымен ерекшеленген билік иесі болғандықтан, жыр жолдарында оны көтермелеу, мадақтау элементтерінің болатыны дәстүрге сыйымды. Осы жолдар әрі қарай:
«Ежелден халыққа жол айтқан,
Жәнібекұлы Кедейсің,
Бір істі алсаң қолыңа,
Ермейтін жан жоқ соңыңа,
Азды көпке теңейсің,
Қамқорың тиіп ғаріпке,
Қысылғандарға қол созып
Әруақша желеп-жебейсің.
Аждаһадай айбатың,
Жолбарыстай қайратың» күйінде жалғасады. Көріп отырғанымыздай, арнау жырдағы Бақа болыс бейнесін сомдауда Базар жырау бірыңғай мадақтауларға бара бермей, оның азаматтық тұлғасын, адамдық бітім-болмысын мінездік сипаттаулар арқылы көрсетуге тырысқан. Осы арнаудың бір ерекшелігі – Базар жыраудың басына түскен істі, жағдайды Бақа биге жеткізуінде, осы мазмұндық мотивтің жырдан орын алуында.
Ойымызды қорытындылар болсақ, Базар шығармашылығын Абайдан басталатын кәсіби, жазба әдебиетіміздің ұлттық негізі, нәрлі топырағы деуге негіз бар.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері