Жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақтың аңыз-ғұмыры жұртқа аян. Қара күші тасыған тұла бойы таланттан да кенде емес. Өзі әнші, өзі сері, өзі сазгер. Сазгер дегенде, әрине, балуанның «Ғалиясы» еске түседі: «Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады күлімдесең...»
Қазақтың ұлан-ғайыр атырабына аты жайылған аңыз-адамның мұрасы, шығармалары мен жеке заттары бүгінде сақтаулы. Мәселен, Ұлттық музейдің мұрағатында Балуан Шолақтың кісе белдігі бар. Былғары, күміс, темір бедерлемеден тұратын белдіктің өлшемі 158 х 25 см. Қара түсті бұқа терісінен тігіліп, күміс шытыралармен әсемделген. Белдіктің екі салпыншағы мен сөмкесі бар. Шытыра, салпыншақтары және сөмкесінің бетіне қаралау әдісімен оюлар салынған.
Ұлттық музейдің баспасөз қызметінің айтуынша, батырдың белдігі 2014 жылы Президенттік мәдениет орталығы музейі қорынан келген.
Ал кісе белдіктің қазіргі күйі – металы қарайған, кірлеген, үш түймелі, шытырасы жоқ, сырылған, қажалған, майысқан, өрнектері өшкен, былғарысы қажалған, жарылған, көгерген.