• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 04 Сәуір, 2023

Тартысқа толы төртінші тур

135 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан чемпионатының төртінші тур ойындарында бірнеше тосын нәтиже тіркелді. Ақтөбеге сапар шеккен Петропавлдың «Қызылжары» жергілікті «Ақтөбе» клубын ірі есеппен тізе бүктіріп, турдың сенсациясын жасады. Сонымен қатар алғашқы үш турда ұпайдан шашау шығармаған Қостанайдың «Тобылы» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубтары бұл жолы білгенінен жаңылды. «Тобыл» Талдықорғанда «Жетісумен» тең ойнаса, «Ордабасы» елордада «Астанадан» жеңіліп қалды.

«Ақтөбе» футболшылары үшінші турда былтырғы ел чемпиондары – «Астананы» өз алаңында 4:1 есебімен жеңген соң, жанкүйерлер бұл маусым­да «қызыл-ақтарды» тоқтату мүм­кін емес деп топшылаған еді. Алай­да арада бір тур өтпей жатып «ақтө­беліктер» өз жанкүйерлерінің алдында «Қызылжардан» масқара болып жеңілді – 3:1. Кездесудің 35-минутында Лука Имнадзе қонақтарды есепте алға шы­ғарса, 56-минутта Пернамбуко есепті есе­лей түсті – 2:0. Арада 18 минут өт­кенде «Ақтөбе» сапынан Әлібек Қасым 11 метрлік айып добын сәтті орындап, жергілікті жанкүйерлердің кеудесіне үміт отын жақты. Дегенмен кездесудің соңғы минуттарында «қызылжарлық» Юрий Бушман мергендігімен көзге түсіп, ойынның нүктесін қойды. Осылайша, қатарынан төрт ойында жеңіске жеткен Әли Әлиев шәкірттері 12 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.

Төртінші турдың орталық ойыны саналған «Астана» мен «Ордабасы» арасындағы матчта алаң қожайындары еш қиындықсыз үш ұпайға қол жеткізді. Қосалқы құраммен өнер көрсеткен шымкенттік ұжым «Астана Аренада» 2:0 есебімен жеңіліп қалды. Екінші таймда «Астана» сапынан Марин Томасов мер­гендігімен көзге түссе, кейіннен Ма­маду Мбодж өз қақпасына гол салып алды. Бір айта кетерлігі, қонақтар сапы­нан бұл ойынға негізгі құрамның бірне­ше фут­болшысы қатысқан жоқ. Атап айт­қанда, легионерлерден Радо­сав Петро­вич, Бернардо Матич, қазақ­стандық футбол­шылардан Сергей Малый мен Бауыржан Исламхан матчтың хаттамасына да енген жоқ. Ал Бобур Абдухоликов пен Асхат Тағыберген қосалқы құрамда қалып қойды.

Қостанайдың «Тобылы» төртінші турда маңызды екі ұпайынан қағылды. Үш турдан кейін турнир кестесінде алдыңғы орында келе жатқан «Тобыл» сырт алаңда биыл ғана Бірінші лигадан жоғары топқа оралған Талдықорғанның «Жетісу» клубынан айласын асыра ал­мады – 1:1. Кездесудің 8-минутында Йован Илич қостанайлықтарды есепте алға шығарғанымен, 44-минутта Руслан Теверов таразы басын теңестіріп кетті. «Жеті­су» чемпионаттағы алғашқы ұпайы­­на қол жеткізді.

4-турдың өзге матчтарында мынадай нәтижелер тіркелді: «Атырау» – «Оқ­жетпес» – 0:4, «Ақсу» – «Мақтаарал» – 2:1, «Шахтер» – «Қайрат» – 1:1, «Кас­пий» – «Қайсар» – 1:3.

8-9 сәуір күндеріне жоспарланған V турда «Ордабасы» – «Ақтөбе», «Тобыл» – «Ас­тана», «Қайрат» – «Жетісу», «Қайсар» – «Шахтер», «Мақтаарал» – «Каспий», «Оқжетпес» – «Ақсу» және «Қызылжар» – «Атырау» командалары кездеседі.