• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Сәуір, 2023

Алтынға қол жеткізе алмады

612 рет
көрсетілді

Түркияның Анталия қаласында ұйымдастырылған дзюдодан «Үлкен дулыға» санатындағы халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Әлемнің 83 елінен келген 600-ден аса дзюдошы белдескен бәсекеде Қазақстан құрамасының балуандары жалғыз жүлдені қанағат тұтты.

Анадолы елінде Қазақстанның намысын 19 балуан қорғады. Олар­дың арасынан тек Нұрқанат Серікбаевқа ғана (60 кг) жүлдегерлер қатарынан көріну бақыты бұйырды. Жарыстың іріктеу бәсекелерін В тобынан бастаған 2022 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы Нұрқанат Серікбаев алғашқы белдесуінде моңғолиялық Цогт-Очир Бьямбаджавты жеңсе, екінші айналымда әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, 2014 жылғы Азия ойын­дарының үшінші орын иегері оңтүс­тіккореялық Вон Джин Кимді жарыс жолынан ығыстырды. Ал ширек финалда жастар арасындағы Еуропа чемпионы әзербайжандық Назир Талибовтан басым түскенімен, жартылай финалда украиналық Дилшод Халматовтан айласын асыра алмады.

Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде моңғолиялық Энхтайвани Ариунболдты 1 минуттың ішінде таза әдіспен жеңіп, қола медальды мойнында жарқыратты. Бұл – Нұрқанаттың «Grand Slam» жа­рыстарындағы екінші жүлдесі. Ол осыған дейін Ташкентте өткен әлемдік додада күміс жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ 60 килода өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Шерзод Давлатов 7-орынға табан тіреді.

Сонымен қатар 66 кило салмақта белдескен Ғұсман Қырғызбаев пен 100 килода сынға түскен Нұрлыхан Шар­хан жүлделі орындарға сынық сүйем қалғанда сүрінді. Ғ.Қырғызбаев қола медаль үшін болған белдесуде бразилиялық Виллиан Лимаға голден-скорда есе жіберсе, Н.Шархан хор­ватиялық Боян Досеннан жеңіліп қалды.

Өзге отандастарымыздың нәти­же­леріне тоқталар болсақ, Есет Қуа­нов (66 кг), Дархан Қойбағаров (73 кг), Руслан Мұсаев, Абылайхан Жұ­баназар (81 кг), Айдар Арапов (90 кг) үшін­ші айна­лымға дейін жетсе, Да­нияр Шам­шаев (73 кг), Дидар Хамза (90 кг), Бек­арыс Сәдуақас (100 кг), Ға­лым­жан Қы­рықбай (+100 кг) және Әділ Оразбаев (+ 100 кг) алғашқы айналымда сүрінді.

Ал әйелдер арасында 70 килода белдескен Анастасия Маякова екінші, Ғалия Тынбаева (48 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Роза Нысантаева (70 кг) және Кә­мила Берліқаш (+78 кг) бірінші айналымнан аса алған жоқ.