Таяуда Үндістанның астанасы – Нью-Делиде әйелдер арасында өткен әлем чемпионаты барысында кейбір боксшылардың трансгендер екені анықталды. Алғашында 1/8 финалда ресейлік Ахалия Аминовадан айласын асырған алжирлік Иман Хилевтің басы дауға қалды. Содан кейін Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) басшылығынан бастап, бапкерлер мен спортшыларға дейін тағы бірнеше қатысушының жынысына күдіктене қарап, оны жалпақ жұртқа жария етті.
Жалпы, бұл әңгімені біз бекер қозғап отырған жоқпыз. Қазіргі кезде «Трансгендерлерді жарыстарға қатыстырамыз ба, әлде жоқ па?» деген мәселе күн тәртібінде тұр. Негізінде спорттық бәсекелер саласында ондай оқиғалар ара-тұра болып тұрады. Өткен тарихқа үңілсек, түрлі жарыста жеңіс тұғырына көтеріліп, сан мың жанкүйердің алдында абырой жинау үшін жынысын ауыстырған немесе «уақытша» әйел кейпіне енген ер жігіттер аз емес екенін аңғарамыз. Мәселен, 1932 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанған Олимпия ойындарының жалпыкомандалық есебінде Германия құрамасы тоғызыншы орынға табан тіреген еді. Бұл нәтиже ІІІ рейх басшыларын қанағаттандырған жоқ. Содан олар 1936 жылы Берлинде өтетін ғаламдық додада барлық бәсекелесін шаң қаптырып, зор табысқа қол жеткізуді көздеді. Сол жоспарды жүзеге асыру үшін Адольф Гитлер «халықаралық додаларда тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген бірнеше еркекті қысқа ғана мерзім аралығында әйелге «айналдырып» жіберген» деген қауесет бар. Нәтижесінде фашистік Германия Олимпия ойындарының жалпы есебінде жеке-дара көш бастады. Алайда аталған жарыста әйел кейпіне енген қаншама неміс спортшы өнер көрсеткенін дәл қазір нақты айту мүмкін емес. Өйткені ол кезде гендерлік тест жүргізілмейтін. Жалпақ жұрт та бұл жағдайдан бейхабар еді. Бірақ арада бірер жыл өткен соң былықтың беті ашылды. Берлиндегі додада төртінші орын алып, Еуропа чемпионатында рекордтық көрсеткішпен топ жарған сырықпен секіруші Дора Ратьеннің әйел емес екені көпшілікке мәлім болды. Кейіннен ол: «Фашистердің қаһарынан қорыққаннан кейін осындай қадамға баруға мәжбүр болдым. Олар мені үш жыл бойы әйел кейпіне енуге мәжбүр етті», деп жер-жаһанға жар салды.
1980 жылдың 4 желтоқсанында АҚШ-тың Кливленд қаласында Стелла Уолш есімді зейнеткер қандықол қарақшылар қолынан қаза тапты. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 70 жастағы әженің кезінде әйгілі спортшы болғанын бірден анықтады. Негізі бұл азаматшаның аты-жөні Станислава Валасевич еді. Ол 1911 жылдың көктемінде Польшаның Верховня өңірінде дүниеге келді. Үш жасында ата-анасымен бірге Америкаға қоныс аударды. Кливлендтегі мектептердің бірінде оқып жүрген кезінде Станислава спорттың сиқырына арбалды. Американың өмір-салтына сай есімін Стела Уолш деп өзгертті. Шеберлігі шыңдала келе, ол түрлі жарыстарда топ жарды.
Көнекөз қариялар «Жан тартпаса да, қан тартады» деп бекер айтпаған ғой. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Стела Уолш дәулеті тасыған АҚШ-тың емес, өзінің ата-бабасының мекені – Польшаның намысын қорғауды құп көрді. Көптеген байрақты бәсекеде дара талантымен оқшауланған ол көп ұзамай өз дәуірінің теңдессіз спортшыларының біріне айналды. Тарқатып айтсақ, поляк қызының ХХ ғасырдың отызыншы жылдары жеңіп алған жүлделері мынадай: Лос-Анджелес Олимпиадасы – алтын, Берлин Олимпиадасы – күміс. Еуропа чемпионаты – 2 алтын мен 2 күміс. Дүниежүзілік универсиада – 3 алтын мен 2 қола. Халықаралық әйелдер ойындары – 4 алтын, 2 күміс және 1 қола. Бұл медальдарды Уолш 60, 100, 200, 400 метрге жүгіруден, 4х100 эстафеталық сайыстан, ұзындыққа секіруден және диск лақтырудан олжалады. Міне, осы деректердің өзі-ақ Стеланың қандай әмбебап спортшы болғанын аңғартып тұр. Сондай-ақ ол Польшаның рекордын 46 мәрте және әлемдік рекордты 14 мәрте жаңартты.
1980 жылдың 4 желтоқсанында Кливленд қаласындағы дүкендердің біріне бәзбіреулер сау етіп кіріп келеді. Сатушы мен күзетшіні соққыға жыққан олар кассаға қол сұғып, тауарларды тонай бастайды. Дәл сол уақытта Стела Уолш та сауда жасап тұрады. Беттерін бүркеп алған бір топ еңгезердей жігіттерден еш қаймықпаған зейнеткер қарақшыларға қасқайып қарсы тұрады. Тіпті олардың бірінің қолындағы қаруды тартып алуға да талпынады. Бір мезетте мылтық атылады. Ауыр халде ауруханаға түскен әже көп ұзамай жан тапсырады.
Оның мәйіті жан-жақты тексеруден өткен кезде Стела Уолштың гермафродит екені, яғни бір организмде аталық және аналық бездердің болғаны анықталады. Көп ұзамай бұл жаңалық жер-жаһанға тарайды. Кезінде оның өнеріне тамсанған сан мың жанкүйер жағаларын ұстады. Сол кезде кейбір ұйымдар мен осы саланың басы-қасында жүрген жеке тұлғалардың тарапынан әйгілі спортшының жеңіп алған медальдарын қайтарып алу және рекордтарын есепке алмау талап етіледі. Бірақ Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы бұл әңгімелердің біріне де құлақ аспайды. Сөйтіп, марқұмның медальдары өзінде қалды.
1934 жылы дүниеге келген Ричард Раскин әуелде ел қатарлы ғұмыр кешті. Үлкен тенниспен шұғылданып, аз-кем табысқа қол жеткізді. Үйленді, бала-шағалы болды. Уақыт оза Ричардты не шайтан түрткенін кім білсін, әйтеуір ол әйел болуды аңсай бастады. Жасы 40-тан асқанда операция жасатып, жынысын ауыстырды. Рене деген есімді таңдаған ол әйелдер арасындағы турнирлерде бақ сынауға бел буды. Алғашында түрлі кедергілерге тап болды. Көпшілік тарапынан қысым көрді. Бірақ Рене алған бетінен қайтпай, құзырлы органдардың көмегіне жүгінді. Ақыры АҚШ соты «Транссексуалдардың құқын бұзуға болмайды» деп, бұл іске соңғы нүкте қойды. Сөйтіп, Рене үшін даңғыл жол ашылды. Жетпісінші жылдардың аяғында ол әлемдік рейтингте үздік 20 ойыншының қатарына қосылып, жұптық сайыста АҚШ-тың ашық біріншілігінің ақтық сынында өнер көрсетті. Кортпен қош айтысқан соң Рене спорт саласындағы транссексуалдардың құқығын қорғау ісімен белсене айналысты.
Осыдан он жылдай уақыт бұрын әйгілі желаяқ Семеня Кастердің басы үлкен дауға қалғаны баршаға мәлім. Жеңіл атлетиканы серік еткен Оңтүстік Африка Республикасының өкілі ұзақ жылдар бойы 800 және 1500 метрлік қашықтыққа жүгіруде шашасына шаң жұқтырмады. Оның Лондон мен Рио Олимпиадаларының жеңімпазы, әлемнің үш және Африканың бес дүркін чемпионы деген атақтары бар. Кастер керемет көрсеткіштерге қол жеткізе бастаған тұста оның артынан түрлі өсек-аяң ерді. Тіпті «Семеня бұрын еркек болған. Әйел кейпіне ену үшін ол жынысын ауыстырды» деген әңгімелер де айтылды. Көп ұзамай өкілетті органдар істің ақ-қарасын анықтауға кірісті. Гендерлік тест өткізу барысында Кастердің жыныстық дамуында біраз ауытқушылықтың бары анықталды. Ғылыми терминмен айтсақ, ол интерсекс тобындағы адамдардың қатарына жатады. Бірақ бұл заңға қайшы келмейді. Жаратушы ие Семеняны солай жаратқан. Сөйтіп, бірнеше айға созылған тексеру жұмыстарының нәтижесі шығып, ОАР спортшысының әйел екені ресми түрде расталды. Әділдік орнағаннан кейін алыпқашпа әңгімелер сап тыйылды. Ең бастысы, келеңсіз жағдайдан Кастер абыроймен шықты. Желмен жарысқан қара нәсілді қыз одан кейін де көптеген дүбірлі додада жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Жоғарыда біз бірер ғана мысал келтірдік. Сондай-ақ польшалық Ева Клобуковска (4х100 метрлік эстафетада 1964 жылғы Олимпиаданың жеңімпазы, Еуропа чемпионы), испаниялық Мария Патино (кедергілер арқылы 100 метрге жүгіруден ел чемпионы, 1983 жылғы әлем чемпионатына қатысушы), германиялық Хайди Кригер (ядро лақтырудан өз елінің чемпионы), бразилиялық Эдинанси Сильва (дзюдодан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, төрт бірдей Олимпиадаға қатысушы), үндістандық Санти Сундараджан (жеңіл атлетикадан құрлықтық жарыстардың жеңімпазы) мен Пинки Праманик (жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы), канадалық Рэйчел Маккиннон (велоспорттан әлем чемпионы), жаңазеландиялық Лорел Хаббард (ауыр атлетикадан 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері), америкалық Лия Томас (жүзуден студенттердің NCAA жарыстарының жеңімпазы) және тағы басқа бірнеше спортшы да дәл жоғарыдағыдай жайттарды басынан кешкен. Олардың біразы – трансгендерлер, біразы – интерсекстер.
Соңғы жылдары осы мәселе қатты ушығып тұр. Қыздар мен әйел спортшылардың көбі бұрын еркек болып, кейін жынысын ауыстырғандармен бірге сайысқа түсуді қаламайды. Тіпті кейбіреулері ашық түрде өз наразылығын білдіреді. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымынан (БҰҰ) бастап, бірқатар халықаралық орган олардың құқығын қорғап отыр. Сол себепті де трансгендерлер мен ағзасында ауытқушылығы бар басқа да адамдардың дүбірлі додаларға қатысуына еш кедергі жоқ.