Экономиканың өсуін ескере отырып, табиғи газды ішкі тұтыну айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрден астамға ұлғайып отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Президенттің 2023 жылғы 29 наурызда Парламент сессиясы ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру аясында өткен Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, ел экономикасын газбен қамтамасыз ету мақсатында газ өндіруді ынталандыру бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды. Сонымен қатар Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында газ өңдеу бойынша жаңа зауыттарды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Нәтижесінде тауарлық газ өндірісі 2025 жылы айтарлықтай өседі деп күтіледі.
«Биыл І жартыжылдықтың сонына дейін энергия тиімділігі мен тауарлық газды ұтымды тұтыну жоспары әзірленеді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын халықты қоспағанда, тұрмыстық тұтынушылар үшін ұқыпты тұтынуды ынталандыратын газға сараланған тарифтер тетігі енгізіледі», деді министр.
Болат Ақшолақов атап өткендей, биыл 1 шілдеден бастап электр энергиясын бірыңғай сатып алушы және электр энергиясын теңгерімдеуші нарық тетігі негізінде электр энергиясы нарығының жаңа моделіне көшу жоспарланды.
«Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Олар 2027 жылға қарай 1 700 МВт-тан астам электр энергиясын іске қосуға мүмкіндік береді. Қызылорда қаласында және Түркістан облысында жалпы қуаты 1 200 МВт-тан асатын маневрлік қуаттардың құрылысы жүріп жатыр. Көкшетау және Семей қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу бойынша жобалар пысықталып жатыр. Екібастұз ГРЭС-2 №3-4 блоктарын салу, сондай-ақ Алматы энергия кешенінің энергия көздерін жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде Батыс және Оңтүстік аймақтардың энергия жүйесін күшейту, Батыс аймақты Біртұтас электр энергетикасы жүйесіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді министрлік басшысы.