Келесі айда Оңтүстік Африка Республикасының бас шаһары – Дурбанда жалауы желбірейтін үстел теннисінен жекелей сындағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының қатары толықты.
Кеше Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) жерлестеріміз – Денис Жолудев/Сағынтай Құрмамбаев және Зәуреш Ақашева/Анастасия Лаврованың жұптық сында бақ сынайтынын хабарлады.
Қаңтар айында Дохада (Қатар) өткен Азия құрлығының іріктеу кезеңінде үздік шыққан ұлттық құрама өкілдерінен Кирилл Герасименко (жекелей және жұптық сында), Алан Құрманғалиев (жұптық сын), Айдос Кенжеғұлов (аралас жұптық сын), Зәуреш Ақашева (аралас жұптық сын) жылдың басты бәсекесіне жолдама жеңіп алған болатын.
Биылғы әлем чемпионаты 20-28 мамыр аралығында өтеді. Бұл –1939 жылдан кейін Африка құрлығында өтетін алғашқы әлем чемпионаты. Осымен 57-рет ұйымдастырылатын әлемдік додада жалпы бес жүлде жиынтығы сарапқа салынады.