2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай Шымкент қаласында медициналық әлеуметтік маңызы жоғары екі бірдей мекеменің тұсауы кесілді. Бірі Аутизмі бар балаларға арналған, екіншісі – «Қамқорлық» ерте араласу орталығы.
Көптің көмегі
Екеуі де «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Қамқорлық қоры» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларымен бірлесіп іске асырылатын қайырымдылық жобаларының аясында ашылып, жарақтандырылды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры, «Қамқорлық қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшесі Мағрипа Ембергенова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі Басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық қоры» ҚҚ директоры Арайлым Еркінова Ерте араласу орталығының лентасын қиды.
Бұл – мегаполистегі №2 Оңалту орталығының базасындағы 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған «Қамқорлық» бөлімшесі болып саналады.
Өзінің құттықтау сөзінде қала басшысы М.Әйтенов оңалту мекемесінің күрделі жөндеуден өткенін және заманауи емдік құралдармен жабдықталғанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның осы жұмыстарға үлкен қолдау көрсетіп, тиісті жағдай жасағаны үшін өзінің және ата-аналардың атынан алғысын жеткізді.
«Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев құттықтау тілегін арнап, аталған орталық Шымкентте республика бойынша бірінші ашылғанын, жыл соңына дейін басқа өңірлерде де пайда болатынын атап өтті.
«Балаларды оңалтуға арналған жаңа орталыққа шын жүректен қуанып отырмыз. «Қазақстан халқына» қорының жалғыз өзі мұны іске асыра алмас еді. Қала әкімдігі көп көмегін тигізді. Ғимаратты күрделі жөндеуден өтікізіп, құрылысын өңірлер ішінде бірінші аяқтады. «Қамқорлық қоры» да – біздің серіктесіміз. Олардың жәрдемі болмаса, бұл бастаманың жүзеге асуы екіталай еді. Өйткені қор шынымен де бар жауапкершілікті өз мойнына алып, өте көп жұмыс атқарды. «Samruk-Kazyna Trust» қоры да бір кісідей атсалысты. Олар өз қаражатына бүкіл керекті құрал-жабдықты сатып әперді. Үкімет те өз тарапынан қолдауын аямады. Денсаулық сақтау министрлігіне сол үшін де рахмет айтамыз. Мұндай оңалту мекемесі денсаулығында кінәраты бар балалар үшін әлбетте қажет. Ендігі мақсатымыз – олардың санын көбейте беру. 13 орталықтан бөлек жоспарымызда тағы алтауы бар. Оларды қалай ұйымдастыруды «Қамқорлық қорымен» бірге ойласа жатырмыз. Қосымша алтауын биыл болмаса да, келесі жылы іске қосып қалатын шығармыз. Қайырымдылық істердің барлығы сәбилер мен олардың ата-аналары үшін атқарылып жатыр», деді Б.Жәмішев.
Құттықтау сөз алған Мағрипа Ембергенова Денсаулық сақтау министрлігі мен Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің атынан орталықтың ашылуына бастамашылық танытқан қорларға алғысын білдірді. Министрлік өкілі өз сөзінде еліміз бойынша жүз мыңнан аса мүгедек бала бар екенін мәлімдеді. Оларға оңалту шаралары өте қажет деді. Егер балалар ерте жастан емделетін болса, 60-70 пайызының денсаулығы жақсара түседі деген халықаралық сарапшылардың пікірін келтірді. Мүгедектігі бар балаларды көпшілікке қосу Ұлттық денсаулық сақтау жобасында көрсетілген міндеттердің бірі екеніне тоқталды. Сол үшін де әр қалада, ауылда оңалту орталықтарының болуы маңызды. 2020 жылдан бастап министрлік «Қамқорлық қоры», «Қазақстан халқына» қорларымен бірлесіп және «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен осындай әлеуметтік жобаны табысты жүзеге асырып келеді. Ынтымақтастықтың нәтижесінде екі жыл аралығында елімізде 15 оңалту және 3 жасқа дейінгі ерте араласу орталықтары пайдалануға беріліпті. Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында 49 оңалту орталығы қызмет көрсетеді. Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, 2020 жылы реабилитациялық мекемелерде тәулік бойы және күндізгі стационарда 80 мыңнан аса бала ем қабылдаған. Ең бастысы мұндай орталықтарда балалардың денсаулығын түзеуге барлық жағдай қарастырылған. Тиісті мамандардың емдік шараларының нәтижесінде балалар ортаға тез бейімделіп кетеді», деп қорытты сөзін М.Ембергенова.
«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов «Қамқорлық» ерте араласу орталығы заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жарақтандырылғанын жеткізді. Сонымен бірге осындағы мамандар да арнайы оқудан өткен. «Samruk-Kazyna Trust» «Қамқорлық» қорымен бірлесіп үш жылдың ішінде 6 бірдей ерте араласу және 15 оңалту орталықтарының ашылуына көмек қолын созған. Емдеу мекемелері «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жалғыз қоры арқылы ғана емес, еншілес компаниялардың да атынан есіктерін ашып жатыр. Ғ.Ауғанов айтқандай, «Самұрық-Қазына» АҚ құрамындағы «Қазатомпром», «ҚазМұнайГаз», «Таукен-Самұрық», «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Қазақстан теміржолы» секілді ұлттық компаниялардың демеушілігімен осындай әлеуметтік жобалар іске асырылып отыр. Сондай-ақ ол Шымкенттегі ерте араласу орталығы жылына 600 баланы қамтитынын мәлімдеді. Қасиетті Рамазан айында пайдалануға берілген мекеме балалардың денсаулықтарын жақсартуға септігін тигізіп, ата-аналар қуанышын еселей берсін деген тілегін де қоса кетті.
Қалалық №2 оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиева «Қамқорлық» ерте араласу орталығы шала туған, церебралды сал ауруы, Даун синдромы, туа біткен даму ақаулары, босану жарақаттары, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, үдемелі бұлшық ет дистрофиясы және дамудың басқа да ерекшеліктері сияқты диагноздары бар балаларға реабилитациялық көмек көрсететінін айтты. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – денсаулығы әлсіз балалардың әрі қарай мүгедектікке өтіп кетпеу қаупін азайту. Сондықтан бала өмірінің алғашқы айларынан бастап оңалту шарасын жүргізу өте маңызды санайды маман. Сонымен бірге мұнда емделушілер диагностикалық, аудиологиялық тексерулерден және соңғы үлгідегі ми қызметін тексеретін ЭЭГ аппаратынан өте алады. Кішкентай науқастардың денсаулығымен реабилитолог-дәрігерлер, неврологтер, ЕДШ нұсқаушылары, кәсіптік терапевтер, логопедтер мен дефектологтер, қысқасы білікті мамандардан құралған дәрігерлер тобы айналысады.
№2 оңалту орталығында қызын емдетіп жатқан ата-ана Шолпан Ақынова мекеменің қызметіне дән риза. Орталық базасындағы тұз шахтасы, емдік дене шынықтыру секілді оңалту шараларының көп көмегі тиіп жатқанын айтты.
«Қызым Еркежан Рүстемқызы – екі жарым жаста. Оң қолы мен оң аяғы істемейді. Осы жерге келмей тұрып қызым сөйлемейтін. Аяғын басып та жүре алмайтын. Тиісті емдік шаралардың нәтижесінде Еркежаным жүре бастады. Қазір сөйлейтін болды. Бірте-бірте ортамызға қосылып келеді. Эрготерапия әдісімен ұсақ қол моторикаларын дамытуға арналған жаттығуларға қатысамыз. Дәрігерлер соның көмегімен тамақтану дағдылары қалыптасатынын айтты. Сондықтан өз-өзіне қызмет етуге арналған дамытушы ойындарға көбірек қатысуға тырысамыз», деді ол.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мегаполисте «Жас жауынгер» бейімдеу-спорт орталығы екі жылдан бері мүгедектігі бар балаларды спортқа баулумен айналысып келеді. Мұндай орталықтар республика көлемінде бес қалада жұмыс істейді екен. Ерте араласу орталығының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, балаларға қамқорлық танытқан игі жандарға алғыс сезімін білдірген 18 жастағы Айдос Сейіткаримов осы «Жас жауынгер» бейімдеу-спорт орталығында 16 жасынан бастап жаттығады. Ол өзінің жалғыз емес екенін, қоғамнан әрдайым әлеуметтік және рухани қолдау тауып отыратынын жеткізді.
Жалпы, қалалық №2 оңалту орталығында неврологиялық аурулары бар 116 бала ем қабылдаса, оған қосымша 50 бала мекеме жанындағы «Қамқорлық» ерте араласу орталығынан дертіне шипа іздейді.
Баламасы жоқ емдеу мекемесі
Қос қуаныш қатар келген осы күні мегаполисте №8 балаларға арналған «Қамқорлық» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ресми түрде жаңа қызметіне кірісті. Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні қарсаңында тұсауы кесілген бұл мекемеде осындай диагнозы бар балалар емделеді.
Орталық басшысы Гүлнұр Сауыртаеваның айтуынша, аталған мекеме 2021 жылдың қараша айында құрылған. Содан бері «Қамқорлық» қорының ұсынған талаптары бойынша жөндеу-әрлеу жұмыстарын жүргізген. Мұндағы барлық жиһаз шетелдерден әкелінген. Сондықтан орталықта еуропалық стандарт бойынша ем жүргізіледі. Сонымен бірге «Қамқорлық» қоры дайындап берген ерекше балалармен жұмыс істеу тұжырымдамасына сәйкес медициналық көмек көрсетіледі. Мекеме екі ауысымда 110 баланы қабылдай алады. Алпыстай маман қызмет атқарса, дәл қазіргі таңда қырық шақты бала оңалту шараларынан өтіп жатыр. Орталықта мүгедектігі бойынша тіркеуге алынған аутизм дертіндегі балалар тегін ем қабылдайды. Жалпы, қалада аутизмге шалдыққан 280 бала есепте тұр.
Орталық психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. Айта кетерлігі, ем-дом алатын балаларға проекциялық интерактивті сенсорлық және сенсорлық интеграциялық бөлмелер, ЕДШ залы, Лего роботтехникалық кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия мен тігін, ағаш және қыш шеберханалары қарастырылған. Ал «Қамқорлық» қоры мен «Балама» оқыту орталығының келісімі негізінде орталықтың 36 маманы біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бұған қоса аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларды оңалтуда отандық және шетелдік сарапшылардың курстары, тренингтері, көшпелі семинарлары негізінде әзірленген бағдарламамен оқыған мамандар даярланып жатыр.
Мекеменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев аутизмі бар балалар ауру емес ерекше жандар қатарына жататынын мәлімдеді. Қор басшысы баяндағандай, елімізде, өкінішке қарай, осындай диагнозбен анықталатын балалар саны кейінгі бес жылда екі есеге өсіп, қазіргі таңда Қазақстан бойынша 12 мыңға жеткен. Сондықтан орталық мамандары айрықша пациенттердің қоғаммен араласуына көмектерін аямайтынына зор сеніммен қарайтынын айтып, осынау зәулім ғимаратты шаһардың орталығынан, кең жолдың бойынан ашып бергені үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорымен бірге ілкімді жұмыс атқарған «Samruk-Kazyna Trust» пен «Қамқорлық қоры» қорларына алғысын жаудырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов жаңа орталықтың елімізде баламасы жоқ екенін баяндады. Министрлік өкілінің айтуынша, аутизмге шалдыққан балаларға көмек көрсететін мекемелерге сұраныс көбейіп бара жатыр, ал жұмыс істеп тұрғандарына қолжетімділік аз. Осыған байланысты кешенді әлеуметтік қызмет көрсететін оңалту орталықтарының санын арттыру бағытында ведомство тарапынан тиісті жұмыстар атқарылады. Бәрінен бұрын балалардың денсаулығы маңызды деген вице-министр сол үшін мемлекет қолдан келгенше көмегін аямайтынын айтты.
Жобаның әлеуметтік мәні ерекше екеніне тоқталған «Қамқорлық қорының» корпоративтік қор директоры Арайлым Еркінова орталықтың ашылуымен жиналған жұртты құттықтай келе, қоғамды толғандырған балалар денсаулығы мәселесіне де көпшілік назарын аударды.
«Көптеген отбасы үшін мамандардың білікті көмегі қолжетімді емес немесе тым қымбат. Бұл мәселе аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар арасында бүгінде өткір проблемаға айналған. Сондықтан «Қамқорлық» орталықтарының қызметі аутизмнің ауыр түрлерімен ауыратын балаларға ұзақ мерзімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Осы маңызды әлеуметтік жобаны іске асыруда бізбен серіктес болған «Қазақстан халқына» және «Самұрық-Қазына» қорлары қыруар іс тындырды. Солардың жәрдемінің нәтижесінде орталықтар қаржылай қолдау тауып, заманауи үлгідегі ең қажетті медициналық құралдармен және Аустрия, Жапония, Германиядан әкелінген жиһаздармен жабдықталды. Бұйыртса, биыл басқа да өңірлерде, атап айтқанда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарында осындай орталықтар ашу жоспарда бар», деді ол.
Жалпы, аутизмі бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы балалар мен олардың отбасыларына кешенді қолдау көрсету үшін құрылған. Енді осы мекемеде жыл сайын бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі жүзден аса бала білікті дәрігер мамандардың көмегіне тегін жүгіне алады.
Әсіресе жеті жасар баласын орталыққа алып келген қала тұрғыны Наргиза Асылханованың қуанышында шек жоқ. Осыған дейін әртүрлі сырқатты емдеу үшін бөлек-бөлек мамандарға қаралатын. Мәселен, тіл мүкістігімен айналысатын дефектолог маманға бір барып көрінсе, келесі жолы ми қызметінің бұзылыстарын тексеріп емдейтін басқа клиникадағы маманға қаралуға мәжбүр болатын. Бұл, біріншіден, көп уақытты алса, екіншіден, жекеменшік медициналық ұйымдар болған соң біраз қалтасынан да қағылатын.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген ұғымды енді шынайы сезіне бастадым. Жоғары жақтың ақыл-есінде ақауы бар балаларды тәрбиелеп отырған біздей аналарға көңіл аударып, қоғамды толғандырған осы мәселеге шындап кіріскені мені ерекше шаттыққа бөлеп отыр. Әсіресе бұрынғыдай әр жерге бір шапқыламай, барлық керекті ем-домды бір орталықтан тегін алатынымыз қандай жақсы болған. Содан кейін оңалту шарасының уақыты да ұзақ. Бұл баланың жаттығу барысында қалыптасқан дағдыларын ұмытып қалмауына көмектеседі. Әйтпесе, мұның алдында қысқа мерзімді курстардан өтіп, келесі мәрте барғанымызша баламыз оқып-үйренгенін естен шығарып алатын. Сондықтан осынау бірегей мекеменің құрылуына атсалысқан барша жанашыр азаматтарға болашақ ұрпағымыздың қамын жеп, жауапкершілік сезінгендері үшін аналық ақ батамды беремін», деді Н.Асылханова.
Тұтастай алғанда «Қазақстан халқына» ҚҚ, «Қамқорлық қоры» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларымен бірлесіп іске асыратын «Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» қайырымдылық жобасының бюджеті 2,4 млрд теңгені құрайды.