Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекова шаһарда «Халық жады» акциясы бастау алғанын мәлімдеді.
Аталған іс-шара 1-30 сәуір аралығында өтеді. Акция барысында қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының естеліктерін, 1930-1950 жылдары туған, ата-аналарының қасіретін еске түсіре алатын куәгерлердің, аға буынның естелік куәліктері жинақталады.
Мәселен, естелік-әңгімелер қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттары бойынша іріктеледі. Ол халық көтерілісіне қатысушылар, Қазақстаннан мәжбүрлі босып кеткендер, ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары, жер аударылғандар, діни қызмет өкілдері және тағы басқа қызыл қуғындауға түскен құрбандар болуы мүмкін.
Естеліктер Астана қаласында баспадан шығарылатын «Халық жады» атты жинаққа енгізіледі. Өз естелігін неғұрлым толық айта алатын, жадында көптеген оқиға тізбегі қалған және құжаттық материалдарды сақтай алған аға буын өкілдерінің естелігі бейнетаспаға түсіріледі.
«Кеңестік билік өз үстемдігін кең-байтақ жерімізде орнату үшін қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі саяси, әлеуметтік және экономикалық-шаруашылық ішкі байланыстарын жойды. Сол үшін большевиктер пролетариат диктатурасын орнату мақсатында ХХ ғасырдың бірінші жартысында сталиндік саяси қуғын-сүргінді аса жоғары қатыгездікпен жүргізді. Кедейлерді тонаушы деп айыптаған шонжарлар, хан тұқымы, билер мен молдалар қызылдардың нәубет найзасының ұшына алғашқы болып ілінді. Олармен қоса-қабат орташалар мен кедей-кепшіктер де тәркілеу мен қуғындаудың құрбандарына жазықсыз түрде айналып кете берді. Осы нәубеттер мен қиыншылықтар 1920-1950 жылдар арасында ер-азаматтарымызды, ару қыздарымыз бен аналарымызды, ұл-қыздарымызды гүлдей солдырып халық санын жасанды түрде азайтып жіберді. Ал олардан қалған ұрпақтардың маңдайына кеңестік заманда қара күйе жағылды. «Саяси қуғын-сүргін» деп аталатын ерекше сойқанның салдарынан қаншама жазықсыз азамат «халық жауы» деген атпен атылып, қамауға алынып, олардың отбасы ойран болды», деді тарихшы Г.Жанысбекова.
Оның айтуынша, саяси қуғын-сүргін алапат қарқынмен жүргізілген өткен ғасырдың 20-50-жылдарынан бері қарай да тұтас 100 жыл өткен екен. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, өткен заман қиыншылықтары біртіндеп халық санасынан өшіп, жойылып барады.
Өткен шақты ел есінде сақтап қалу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы жобалық офисінің бастамасымен «Халық жады» атты 20 томдық жинақты баспадан шығару жоспарланып отыр.
Шымкент қаласы Өңірлік комиссиясының жұмыс тобы да аталған жинаққа атсалысып, ата-баба тарихын ұрпақтар естелігі түрінде жаңғыртуға үлес қоспақ.