Америкалық Forbes журналы әлемдегі ең бай адамдардың рейтингін жариялады. Аталмыш тізімге Қазақстанның алты азаматы кірген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандық - Владимир Ким. Ол - KAZ Minerals компаниясының президенті. Кәсіпкер «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің мажоритарлық иесі болып саналады.
Forbes оның байлығын 4,6 миллиард долларға бағалаған. Forbes real-time жаһандық рейтингінде бизнесмен 591-ші орында тұр.Рейтинг бойынша 636-шы орында тұрған Тимур мен Динара Құлыбаевтартардың әрқайсының активтері 4,3 миллиард долларды құрайды.
Тимур Құлыбаев сингапурлық Steppe Capital Pte Ltd компаниясының үлесіне ие. Ол - Joint Resources АҚ-ның жалғыз иесі. Құлыбаев «Кипрос» ЖШС-нің негізгі иесі, бұдан басқа Mercury Properties ЖШС акцияларының бақылау пакетіне ие.
Ол сондай-ақ өзінің зайыбы Динара Құлыбаевамен тең дәрежеде «Фирма Алмэкс Плюс» ЖШС мен «Алмэкс» холдингтер тобына иелік етеді. Halyk Bank-те Құлыбаевтар 69,52 пайызыға тең құқылы. Ал Динара Құлыбаеваның өзі Нұрсұлтан Назарбаев Білім қорының жалғыз құрылтайшысы.
Тізімде Kaspi.kz сайтының акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким де бар. Оның байлығы 3,6 миллиард долларға бағаланады. Осылайша, Вячеслав Ким Forbes-тың 787-ші орнына тұрақтады.
Ең бай қазақстандықтардың қатарында Тимур Турлов та бар. Ол Forbes real-time жаһандық рейтингінде 3,1 миллиард доллар байлығымен 949-шы орынға табан тіреді.
Ең бай қазақстандықтардың тізімін рейтингтің 1104-ші қатарында тұрған Болат Өтемұратов аяқтады. Журнал оның байлығын 2,7 миллиард долларға бағалады.