• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Сәуір, 2023

Жаңбыр һәм тағдыр жырлары

241 рет
көрсетілді

Өмір әдебиеттегідей, әдебиет өмірдегідей, бірін-бірі қайталайды. Сіз қай кеңістікте өмір сүрмеңіз, бәрі бір «қарауылға» ілікпей қоймайсыз. Бүгін болмаса, ертең. Мүмкін сүріп немесе сүріліп жатқан өміріңізге ұқсас жайлар сізге дейін болып, жазылып қоюы да кәдік. Тарихтағы оқиғалар қайталанып отырарын неге жорисыз? Билеушілерді билеушілердің өмірімен, өнер адамдары тағдырының бір-бірімен ұқсастығын, тағысын тағы салғастыра келе түңілесіз де жеке қалуға тырысасыз.

«Өлмеген құлға жаз да келмей ме?». Күн қыза, тоң жіби бастағанда-ақ күнгей­ден қылтиып гүл, көлеңкеден жыбырлап жылан шығады. Қарамайын десең де әлі жалаңдатып үлгермеген жыланның айыр тілі еске түседі. Әдемі де нәзік гүлдің бейкүнә дәрменсіздігі, сұлулыққа бола жұлынары... Тағы да сол өмірдің бейнесі әдебиет: «Зұлымдықпен шығып жүрген атағы, жыландар да гүлге оранып жатады», деген Бауыржан Үсеновтің «Гүл туралы шумақтарының» көлеңкесі көкейді шалады. Жылан бойының уытынан гүлдің нұры қаша бастағандай, тақ пен тәждің айналасындағы салқындықтан мейірімнің де бауыры бірте-бірте сууға бет ала ма екен? Қоңырқай болса да ұядай шаңырақтың шуағы жарқырағы мол зәу­лім үйден көріне қоймайтыны қалай кейде? Біз тағы бастапқы әңгімемізге ауып барамыз, өзді өзі қалуды көксемеп пе едік о баста? Иә, сан сауалдың астына алып, ауыр­тып қоятын ойлардан арылтатын рухқа бас қой­ғың келеді. «Терең ойдың телміріп соңы­на ермей» (Абай) оны да таппайсың. Дүние­нің артыс-тартысы қалыңдап кеткен се­бебі. Бір есікті ашсаңыз, әр жағындағы есік­терден көз сүрінеді. Хакім Абай айтады:

«Көк ала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойың егіліп,

Жас ағады аулақта.

Жауған күнмен жаңғырып,

Жер көгеріп күш алар.

Аққан жасқа қаңғырып,

Бас ауырып, іш жанар».

Бұл – Абайдың жалғыздығы. Жеке қалғандағы күйі. «Көгеріп күш алған жер» сияқты іштегі қат-қабат дүниеден арыла алмаған ақын аққан жаспен қоса қасіретін де қалыңдатып алғанын аңғартады. Абайдың осы мәндес өлеңдері көп. «Көлеңке басын ұзартып», «Адамның кейбір кездері» сияқты туындыларын оқығанда әділетке көзі жеткен сайын жан баласы мұң мен зарды айтып тыншымайтынын танимыз. Демек, хакімнің «бас ауыры­п, іш жанар» дегені – өзі айтқандай, ойлы адамның ісі. Ой болмаса, санаға сөз салмағын не сәулесін түсірмесе, жүректің көзін шел басса, жоғарыда біз мысалға тартқан гүлді де, жыланның көмейінен шыққан айыр тілді де бір көресіз. Олай болмайды ғой, бірақ...

«Бұйра жонын күнге төсеп, жылынып,

Тастар жатты көшемде.

Көктем келіп, кеткендей-ақ тіріліп,

Жансыз тас қой десең де»

деген Қасымның жалғыздығы осындайда көлбеңдеп шығады. Мұнда ақын табиғатпен бірге елжіреген жан тынысын жазады. Өлең басталғаннан тасқа жан бітіріп қояды. Кісінің сана-сезімі оянып, көкірек көзін түрткен сайын басқалардың жанын сезініп, аялауға тырысасыз деген сөз. Гүл, жылан сияқтылар көктемде тіріліп, қыста өлетін тіршілік иесі. Жылдың төрт маусымында мелшиіп тұрған тас кейде мәңгіліктің бейнесіндей елестейді. Жер бетіндегі алғашқы таңбалардан бас­тап ойлағанда, расын да солай.

«Ақын деген қызық жан ғой кей кезде,

Жансыз затпен сырласар.

Жансызға жан берейікші дейміз де,

Көп болған соң жансыздар.

Тартып сырын табиғаттың,

тастардың,

Бір нәрсені үйрендім.

Көктем келіп, күліп жатқан тастарды

Басуға мен имендім.

«Әттең шіркін, берер ме еді сезімді?

Тас болғаны – жазғаны»

Деп тұрғанда бір есерсоқ өзімді

Басып кете жаздады».

Абайдың жоғарыдағы екі шумақ өлеңі мен Қасымның осы өлеңін салыстырып оқыса, екі заман қазағының рухы айқұлақтанады. Тастың өзін басуға именген жүрекпен өмір сүру... Бұл да сол ойлы, жаны нәзік адамның хәлінен алыс кетпейтін күй емес пе? Алайда Қасым қорытынды ойды оқырманға қалдырып, көкейдегі көрікті дүниені тіршілік қағып-соғып кететінін емеурін етеді.

Қазір адамдардың жаңбыр мен тағ­дыр, тас пен көз жас туралы ойланатын мұршасы бар шығар...