Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында АҚШ-та өтіп жатқан Хьюстон ATP 250 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстандық жұп жартылай финалда аустралиялық Макс Пёрселл мен Джордан Томпсонмен күш сынасты.
Екі сет те тай-брейкпен аяқталып, онда аустралиялық дуэт сәттірек ойнады – 7:6 (8:6), 7:6 (7:5).
Екі сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандықтар 1 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыластары 5 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Аустралиялық жұп соңғы матчта Ұлыбритания өкілдері Джулиан Кэш пен Энри Паттенмен бас жүлдені сарапқа салады.