• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2014

Алматыға апарып, арзан бағамен сатты

273 рет
көрсетілді

Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында өткен аптада Жамбыл облысының әкімдігі оңтүстік астанада жәрмеңке ұйымдастырды. – Жәрмеңкеде Алматы қаласының тұрғындарына шамамен 226 тонна ауыл шаруашылығы тауары сатылды, – дейді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Абдалы Нұралиев. – Атап айтқанда 35 млн. теңгеге 34 тонна ет, 4 млн. теңгеге 15 тонна сүт өнімдері, 3 млн. теңгеге 3 тонна шұжық өнімдері, 22 млн. теңгеге 250 тоннадан астам көкөніс-бақша өнімдері саудаланды. Одан бөлек, облыста өндірілетін басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары – ара балы, қымыз, шұбат, макарон өнімдері, өсімдік майы, кептірілген жеміс-жидектер бар. Жалпы, жәрмеңкеге ұсынылған тауардың құны 68,7 млн. теңгені құрады. Әрине, бұл жәрмеңкенің басты ерекшелігі – тауар бағаларының төмен, арзан болғандығы еді. Жамбыл облысының әкімі Кә­рім Көкірекбаевтың айтуына қара­ғанда, жәрмеңкеде 10 ауданның кәсіпкерлері өз тауарларын арзан бағамен, тіпті, өз құнынан 30-40 пайызға дейін төмен саудалаған. Жамбылдық ағайындардың бұл жомарттығы мен дарқан пейіліне алматылықтар да дән риза болды. Жәрмеңкені аралап көрген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов «Мұндай жәрмеңкелер қаланың сауда орындарында бәсекелестік тудырып, бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Жамбылдықтарға қала тұрғындарының және өз атымнан алғыс айтқым келеді», деп ризашылығын білдірді. Бұл күні бұған дейін сауда нүк­телерінде 80-100 теңгеден сатылған картоп 70 теңгеге, құны 160 теңгеге дейін көтерілген сәбіз бағасы 70 теңгеден саудаланды. Ет өнімдері де едәуір арзан. Алматының базарларында 1500 теңгеден сатылып жатқан жылқы етінің бағасы бұл күні 1200 теңгеге дейін төмендеді. Қанттың килосы 140, сары май­дың килосы 1000, қаймақ 700 теңгеге тұрақтады. Осыдан болар жәрмеңкеге жиналған халықтың қарасы қалың болды. «Астана» алаңына жамбылдық кәсіпкерлер тіккен 52 сауда нүктесінде күні бойы сауда қыз-қыз қайнап жатты. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.