• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 10 Сәуір, 2023

Асау жалындағы асқақ рух

379 рет
көрсетілді

«Жүйрік атқа мінгенің бар ма?» деп басталатын жолдар бар, Жүсіп­бек Ай­мауытовтың бір шы­ғармасында. «Ақбілектің» орта тұсында болса керек. Жақ­сы ат жалындағы әсер мен желік, көңіл мен өмір тура­лы ондай наным­ды жет­кізген жазба­ны оқы­­мадық. «Дәмі ауыз­дан кетпейді» дегендей, ара­сында еміс-еміс еске түседі. «Жақсы ат құла­ғында бесті қымыздың же­лігі» бар деген сөзді де сон­да оқығанбыз.

Қазақтың даласы мен жылқы­сының жалында не қалмаған дейсіз? Қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының салтанатқа малынған дәуірі қалған жоқ па? Иә, ат үстінің философиясы, жаны мен рухы бөлек. «Ту құйрығы бір тұтам, тұлпар мін­дім – өкінбен. Бұрын-соңды өкінбен, өкінбестей болғанмын. Ер Мамайдың алдында Шаһид кештім – өкінбен!..» деген Дос­памбет жырау сөзінің астары қалың. Тұлпар мінген – жұрттың алдына түседі. Жалғыз-ақ ат үстінде серілік дәурен сүріп, емін-еркін жүргенін айтып тұрған жоқ ой көзімен қарағанға. Сөздің бастапқы мағынасы, ол – бір жағы. Бұрынғы сүрген дәуреніне өкінбестей болған. Анығында, жырау күйкі тірлікке қамалмаған азат ғұмырындағы ерлік пен елдікті айтып тұр: «Алғаш атқа қонып, адамзатқа үлгі болдым. Ке­ңістікке жол аштым» деген ұлы емеурін тұр білгенге. «Арыс­тандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбесті» де айтқан Доспамбет. Алп-алп басқан арғымақ жалындағы рух арыстанды айтқызбай қоймайды. Асау жылқыны жүгендеп мінген адамның бойына өз күш-қуатына қоса, астындағы арғымақтың да қуаты бітпей ме? «Қазақтар атқа мінсе...» деп басталатын шетел саяхатшылары сөзінің астарында көп дүние жатыр.

Жүйрік атқа, жақсы атқа, жуас атқа, міңгі торыға шап шал­­дырып, тақым тигізгенді сұм­дық қыламыз. Шу асауды шың­ғыртып ұстап, ауыздықтап, езуін жырып мініп алған жігітті не дейміз? Бойына енесінің шуы­нан басқа (шу асау дейтіні сол) жүген-құрық тимеген асаудың қыл мойнына бұғалық тигендегі қарсылық пен ызбардың өзінен именіп қалады адам. Анау ал­дындағы кісі тұрмақ өзін жеп қоя жаздап осқырынып келіп, тарпып тастай жаздап орғып секіреді. Тай-тулақ емес, құнан­нан дөненге шыққан, шәңгір-шәңгір еткен айуан неме ғой. Жуысаң шайнап тастайтындай айбатты. Қойшы әйтеуір, көп адам жабылып жүріп бұғалыққа қылқынып қайраты кеміп тұр­ған соң ғана құлақтан басып, тұқы­ртып ұстап ауыздықтаған соң, жігіттің ері ғана міне алады. Көздері от шашып тұрады. Алдына барсаң тарпып, тістеп, артынан өтсең теуіп қалатындай. Ыш­қынған дауысының өзі қы­рылдап кеп оқыс үрей тудырады. Жүректің атқақтағаны жай, тізең қалтырайды. Көзбен көрген ғана біледі мұны. Қордалы қазақ өлеңінде бұл құбылыс та бар:

«Жүген-құрық тимеген,

Жасынан ноқта кимеген

Алты жасар асауды

Ұстап міндім далада.

Ақырды асау –

Жаңғырды дала.

Тулады, орғыды асау –

Дүбірлеп күңіренді дала,

Қиырсыз дала...

Орғыды асау айнала –

Дүбірледі айдала»

деп бір кетеді Сәкен «Далада» өлеңінде. Тақырыптың астына «Арнау» деп жазып, жақшаға алады. Бірақ бұл арнау емес, өлеңнің озық үлгісі, өзіне дейінгі далалық рухтан жан тартып, сол заманның көзқарасымен әдіптелген шығарма. Және ендігі уақытта, бұдан былай жоғарыда біз келтірген шу асауды ұстап, жүгендеуді көрген күннің өзінде мынандай рухпен жырлау, әй, нәмәлім-ау. Асау үйретпек былай тұрсын, ауылдың өзінде атқа мінетін қазақ аз. Жасынан кітапқа бас қоятын ақындар ара­сында атқа мінгендерінің өзі бірен-саран. Ал асау үйретіп, атқа міну Сәкендер заманында қалыпты жағдай. Мына шы­ғар­масы соны қаз-қалпында қа­ғазға түсіргенімен де құнды. Ал­­ты жасар асауды тізгіндеп, ба­­ғын­­дырған ерге басқа дүние­лер­ді игеруде қиынға соға қой­майды. Тақырыбының өзін тауып қойғандай далалықтың ба­сындағы қалыпты жай қалалық­тың жүре­гін жарып жіберуі мүмкін. Ал қа­лалықтың еті өлген нәрсе дала­лық­қа ауыр тиюі, жеркендіруі кәдік.

«Алысып асау осқырды –

Жал-құйрығы желмен

ысқырды,

Жүйткіп, зымырап құлашын

керді асау.

Танаулары шелектей,

Ырсылдап демі көріктей,

Көздері оттай, өріктей,

Өрге қарай орғыса

Өр не қылмақ асауға?!

Жел не қылмақ асауға,

Желге қарай орғыса?

Орғытып, ұшыртып жүріп

Көкіректі кернеп,

Кең даланы күңірентіп

Қатты айқайлап ән салдым.

Әнім кетті дыңылдап,

Жаңғыртып кең даланы».

Тізесі қалтырамақ тұрмақ, асаудың арынына қосылып ән сал­ған даладағы қазақтың бір бейнесі ғана бұл. Тұтас бір дәуір­дің болмысы атойлап тұр. Шабыс пен дабыс қосылып, дүниені дүбірге бөлейді. Өлең сөз арқылы сол замандардың жаң­ғырығы жетеді құлаққа. Кө­кейге қонады, кейінгіге айтылады, келешекке барады. Рух тұмасын тасымалдаған сәулелі көш үзілмесін!