Төңкерістен бұрынғы Батыс Қазақстан өңірінде ең танымал дін қайраткерінің бірі болған Дәулетияр ишан Айсарыұлының да тағдыры аянышты. Кеңес үкіметі 80 жастан асқан ақсақалды бірнеше мәрте соттап, жер аударады. 1935 жылы Жымпитыда дүние салған ишанның қабірі талай жыл күтімсіз жатқаны өкінішті-ақ...
Дәулетияр ишан – Өлеңті өзенінің төменгі сағасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылы маңында екі қабатты медресе тұрғызып, жүздеген бала оқытқан адам. Кейбір естелікте ишанды Мысыр, Бағдат секілді Шығыс діни орталықтарында оқыған десе, бірқатар өлкетанушы Қазан, Уфа секілді шаһарларды атайды. Дәулетияр Айсарыұлының есімі ағартушылықпен, бала оқытумен танылған. «Орал облысының 1900 жылғы естелік кітабы және мекенжай-күнтізбесі» атты жинақта Ілбішін уезі Қурайлы болысының №3 ауылында Дәулетияр Айсарыұлының медресесі болғаны, оның жанынан орыс-қазақ сауат ашу мектебі жұмыс істегені көрсетілген.
Дәулетияр ишан 1905 жылы өзі тұратын Өлеңті өзенінің жағасынан екі қабатты медресе тұрғызады. Медресенің құрылысы бірнеше жыл жүрген. Ел адамдарының айтуынша, құрылысқа қажетті есік-терезе, құрылыс тақтайларын түйеге артып, Саратовтан алдырған екен. «Тақтайларын көрдім, қалың еді» дейді Сайқұдық ауылында туып-өскен Сайполла Құмаров ақсақал. Ол сол мешітті бұзып, материалдарынан тұрғызған мектепте оқыған. Сайполла ағайдың айтуынша, медресе қабырғасы пішіні шаршы болып құйылған шикі кірпіштен қаланған. Мұнарасы биік екен, оған шыққанда 45 шақырым жердегі Жымпиты көрінетін болған. Осы ауылдың тағы бір тумасы, ақын әрі өлкетанушы Үзілдік Елеубаева «Таңғы намазға шақырған азан дауысы көрші 15 шақырым жердегі Қособаға естіліп тұрған» деп жазады. Әрине, Дәулетияр мешітінің фотосуреті сақталмаған. Бірақ осы ауылдың тумасы, Қазақстанға еңбегі сіңген ардагер ұстаз Кәрім Сәпиевтің мына естелігі назар аударарлық: «Мен әскери қызметімнің төрт жылын Башқұртстанда, Уфа қаласында өткіздім. Осы қалаға алғаш ат басын тірегенімде, о, құдірет, алдымнан біздің Сайқұдықтағыдай Дәулетияр мешіті шыға келгені ғой. Өз көзіме өзім сенбей, «мынау біздің мешіт, біздікі...» дей беріппін қасымдағыларға» дейді куәгер.
Өлкетанушы Үзілдік Елеубаева Дәулетияр мешітін көргендердің сипаттауы бойынша суретін салдырған.
Дәулетияр ишан аса бай болмаған адам. Бұл медресе құрылысын да ел-жұрттың қолдауымен, көп болып жүзеге асырса керек. Дәулетияр ишанның мешіті мен медресесі өз заманында өте танымал болғанын 1891 жылы туған Науқан молда деген кісінің әңгімесінен де байқаймыз. Бұл сұқбатты жазушы Құрманғазы Қараманұлы 1978 жылы магнитофон таспасына жазып алған екен. Өлкетанушы Нұртас Сафуллин өте құнды әңгімені қағазға түсіріп, тұңғыш жариялады: «Сол заманда жүзден-жүзден оқитын үлкен медреселер болды ғой. Өлеңті бойында Қалқаман тана Дәулетияр дейтін кісі болды. Жиырма қос шәкірт оқыды. Данышпан көп болған жер» дейді Науқан молда. Бұл жердегі «қос» – қазіргі сынып, топ ұғымында болса керек.
Дәулетияр ишанның елге үлгі болған тағы бір ісі 1911 жылы «Айқап» журналында жарық көріпті: «Орал облысындағы Қурайлы болысында Дәулетияр ишан мешітінен 200 шамалы шәкірт оқитын еді. Былтыр жыл ауыр, астық қымбат болған соң, ишан шәкірттерге һәм ел ішіндегі жарлы-жақыбайларға асталабой (столовая, асхана – Қ.Қ.) ашып, күніне бір мәрте көже ішкізіп тұрып еді. Биыл көжені күніне екі рет беру үшін ишан бір арғымағын 300 пұт сөкке сатып, құрал жасап жатыр» деп жазады Жаңабайбақты деген автор.
Ашаршылық жылдары ишанның халыққа тегін тамақ таратқаны туралы әңгіме ел аузында сақталған. «Мешіт жоқ-жітіктерге, жолаушыларға үш мезгіл тамақ берген, ислам әліппесін оқытатын мектеп-интернат болған» деп жазады Үзілдік Елеубаева.
«Ауданда Шүйеке мен Дәулетияр атты танымал ишандардың болғандығы жөнінде еңбек ардагері Қайыржан Нұрмұханов ағамыздан естіп жазып алдым. Ол кісі осы елге алғаш медресе салдырған адамның бірі осы Дәулетияр ишан болғанын айтады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы аштықта Дәулетияр ишанның атқарған игі ісін өзінің әкелері де көзбен көрген. Үлкен тайқазанға күніне бір мезгіл ас-ауқат пісіріп таратып, біраз адамды аштықтан алып қалғанын, кейін тергеуге алынып біраз бейнет көруге тура келгенін де екінің бірі біле бермейді» деп жазады Сырым аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Айнагүл Ойшыбаева «Мешіттер мен имамдары туралы сыр» атты мақаласында.
Дәулетияр ишан бұл кездері тек дін қайраткері, мешіт-медресе иесі ғана емес, ел ағасы ретінде де танымал бола бастаған. Орынбордан шығатын «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 25 мамырдағы санында «Орал қазақтарының тілегі» атты мақала жарық көрген. Ресей Мемлекеттік Думасы жанындағы Мұсылман фракциясына алты талап қойған қазақтардың дені – дін қайраткері, ишан-хазіреттер еді. Мақалаға қол қойған 15 адамның тізімінде екінші болып Дәулетияр ишан Айсарыұлы тұр.
Мақаланы толығымен келтіреміз:
«Орал облысының қазақтары 7-ші майда мұсылман фраксиасына төмендегі өтініштерін жіберген: «Төменде жазылған 6-бап тілегімізді Государственни Думада қорғауды һәм тиісті орындарға жеткізуді мұсылман фраксиасынан кішілікпен сұраймыз.
1) Біздің тіршілігімізді, рәсім һәм жеріміздің жайына қарай мал баққанда күн көруіміз мал етімен. Сондықтан Г. Думаға 66 депутат кіргізген мал бауыздау хақындағы закон жобасына қатты ренжідік һәм ол депутаттарға кейідік. Өйткені бұл жоба закон болып шыға қалса, біз тіпті жеуге иә аштан өлуге қаламыз. Жобада көрсетілген ретше мал бауыздаудың шариғатша арамдығын жазу да қажет жоқ. Бұл туралы фраксианың өзінде жетерлік дәлел бар шығар. Жалғыз біздің тілегіміз сол, жоғарыда айтылған закон жобасы закон болмасына фракциа бар күшін жұмсаса екен. Закон болып шыға қалған күнде риза болып, қабыл ете қоймайтынымызды тиісті орындарға білдірсе екен.
2) Бұл күнге дейін біздің дін істеріміз хүкімет төрелерінің қолында болып келеді. Бірақ төрелер шариғат хүкімін жақсы білмегендіктен, тұрмысымыздан хабардар болғандықтан хүкімет үшін де, қазақ халқы үшін де бапсыз жұмыстар болып келді. Енді мұнан кейін сондай көңілсіз, жайсыз оқиғалар болмас үшін қазақ халқын Оренбург мүфтилігіне қосса екен йәки өзімізге жеке мүфти берілсе екен.
3) Қазақ жері тегіс егінге жарамсыз болғандықтан, қазақ халқы мал бағып тіршілік етеді. Бірақ соңғы жылдары мұжықтарға ең жақсы жерлеріміз кесіліп беріліп, мал бағуымыз қиыншылыққа айналды. Қазақ халқы фақырлыққа ұшырады. Соның үшін қазақ жеріне мұжықтар жіберуді енді тоқтатса екен.
4) Орал облысының қазақтарынан кей облыстар қала салып отыруға риза болып еді. Бірақ хүкімет төрелер оларға «Екі орыс, бір қазақ болсын» деген саясат жүргізе бастады. Біз бұл саясатты дін һәм ұлт істерімізге зиянды деп білеміз, сондықтан бұл саясаттың жоғалуын тілейміз.
5) Біз мәдени тұрмысқа, орыс һәм басқа халықтармен қатар тіршілік етуге жаңа ыңғайланып келеміз. Соның үшін біздің дін һәм дүниялық жұмыстарымыздан кемшіліктеріміз бек көп. Бірақ бұл керектерімізді халық өкілдері де хүкіметке жеткізіп, хұқымызды қорғарлық һешкіміміз жоқ. Соның үшін бізден Г.Думаға депутат алынса екен.
6) Бұл күнге дейін қазақ арасында бірсыпыра орысша бастауыш ышколдар ашылды, бірақ бұл ышколдарда дін, ана тілі һәм ұлт әдебиетінен һеш нәрсе оқытылмағандықтан, ышколдан оқып шыққан балаларымыз өзімізше оқу-жазу білмейді, дін білімдерінен тіпті надан қалады һәм халық арасында қызмет етуден мақұрым болады. Сондықтан халық мұндай ышколдарды артық жаратпайды. Сол себепті қазақ арасына ашылған һәм ашылатын ышколдарда бастапқы 3 жыл ана тілінде оқытылуды, соңғы жылдарда лайықша деп үйретіп, һәм ұлт әдебиетінен сабақ берілуді тілейміз.
Бұл тілекке өкіл болып қол қоюшылар: Хамидолла ишан Тәржіманов, Дәулетияр ишан Айсарин, Сұлтан ишан Көркенбайев, Әндіжан Жұбаналиев, Бақытжан Қаратаев, Тақтабай Толаев, Ғабдолғали ишан Қонаев, Мұхаммед-Сүйінғали Ишанұғлы, Өтеш Дүйсенбаев, Хасен Жиенғалиев, Ғабдолла ишан Досжанов, Нұғман Байтоқов, Сүлеймен ишан Есенғалиев, Айтыс ишан Далақов, Хасен ишан Нұрмұхамедов».
Көріп отырғанымыздай, мұндағы алты талаптың қай-қайсысы да сол кездегі қазақ ұлтының басындағы ең өзекті тақырыпты қамтиды. Дәулетияр ишан бұдан кейін де елдегі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген.
Кейбір естеліктерде Дәулетияр ишанның Бақытжан Қаратаевпен бірге бірнеше ишан-хазіреттің арасында Петербургке, патша сарайына барғандығы айтылады. Ал 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін өткен Орал облысы қазақтарының съезіне, ізінше Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысу үшін Жаһанша және Халел Досмұхамедов, т.б. бірге Мәскеуге барғаны жөнінде Бақытжан Қаратаев өз естелігінде, өлкетанушы Болат Қоспаев мақаласында жазады.
Дәулетияр ишан 1917 жылдың желтоқсан айында Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезіне Орал облысы қазақтарының атынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметін бірден жариялауға дауыс берген. Яғни осы жылдары Хасан хазірет Нұрмұхамбетовпен бірге Дәулетияр ишан да «Алаш» қозғалысын, Қазақ мемлекеттігін құруды қуаттап, уездік, облыстық және бүкілресейлік мұсылман қауымдастықтарының тарихи жиындарына қатысқан, бүкіл қазақ даласы бойынша аса беделді, сауатты діндарлардың, саяси қайраткерлердің санатында болған.
1917 жылы 5-12 желтоқсан аралығында күллі қазақтың тағдыры үшін бас қосқан ұлт зиялыларының ішінде «Алаш автономиясы бұ күн ресми иғылан етілсін» деп тас салған 33 делегаттың бірі – Дәулетияр ишан Айсарин болатын.
Екінші жалпықазақ сиезінің құжаттарының ішінде Дәулетияр ишанның Орал облысы қазақтарының арасынан сайланып келген делегат екендігі анық жазылған. Яғни Дәулетше Күсепқалиев, Нұрғали Ипмағамбетов, Хасан Нұрмұхамедов, Тағыберген Жамашев, Керей Есенғұлов, Ғабдолла Дошанов (Досжанов), Аспендияр Кенжин, Нұрмұхамед Қалменев, Ғұбайдолла Әлібековтермен бірге оның аты-жөні энциклопедиялық жинақтарда Алаш қайраткерлері тізімінде жүретіні сондықтан.
Өлеңті жағасындағы әйгілі мешіт-медреседе Дәулетияр ишанмен бірге қызмет еткен бірнеше адамның аты-жөні белгілі. Мәселен, өлкетанушы Үзілдік Елеубаеваның дерегінше, мешіттің бас азаншысы ақын Сағынғали Сейітовтің әкесі Дүйсенғали қарт болған.
Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорынан 1927 жылғы бір құжатты тауып алдық: онда Тайпақ болысы №6 ауыл азаматы Құлмұқанбет Мұқатайұлы «Дәулетияр мешітінде балаларды жинап, дін оқуын оқытуды тоқтатамын» деп қолхат берген. Шежіре деректеріне қарағанда Құлмұханбет Мұқатайұлы – Дәулетияр ишанмен аталас ағайын болып келеді. Жоғарыдағыдай айыптаудың, қисапсыз қудалаудың салдарынан 1920 жылдардың соңында бүкіл әулетін алып, Ресей жеріне көшіп кеткен.
Орайы келгенде айта кетейік, Сайқұдық пен Кеңсуаттың арасынан 1930 жылдары 90 үй көшіп кетіпті. Соның жартысы Орынбордың Құрманай, Первомай аудандарында, Самараның Кинел ауданында тұрақтап қалып қойған. Жоғарыдағы Құлмұханбет Мұқатайұлының ағайындары – Орал облысында жоғары лауазымды қызметтер атқарған Геннадий (Құспан) мен Вениамин (Жақан) Мұқатаевтар кейін Қазақстанға оралған. Белгілі өнер қайраткері Асхат Маемиров та өз атасы Майемердің жат жерде – Кинел топырағында қайтыс болғанын айтады.
Әрине, большевиктер билігі күшейген сайын кеңеске «жат элемент» – дін өкілдерінің де өрісі тарыла бастады.
Әуелі бүкіл мешіттер мен ондағы имамдардың тізімі жасақталды. 1923 жылғы 20 мамырда толтырылған құжатта Жымпиты уезіне қарайтын Қурайлы болысының 9 мешіті көрсетілген. Оның ішіндегі ең үлкені – №3 ауылдағы Дәулетияр ишанның жұма мешіті болатын.
1920 жылдардың алғашқы жартысы кеңес үкіметінің дін саясатында ұзын арқан, кең тұсауға салып, кейде сенім бостандығын жариялап, дінге еркіндік бергендей көрінеді.
Мысалы, 1924 жылы 26 маусымда Жымпиты қаласында дін сиезі өткен. Оған үйездің әр түкпірінен 60 молда, ишан-хазірет қатысқан. Осы сиезде орнынан босаған мұхтасиб Ғадылша хазіреттің орнына 2-ші район мұхтасибтігіне Дәулетияр хазірет Айсары баласын сайлау ұсынылып, сиез бірауыздан қабыл еткен.
Алайда көп кешікпей, РКФСР Конституциясының 65-бабы және ҚазОАК-тың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша облыстағы барлық молда дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылады. Бұл тізімде Тайпақ болысынан даусы алынған 35 дін өкілінің алдыңғы қатарында имам, ишан әрі мұхтасиб Айсариев Дәулетияр ишан тұр еді.
Жоғарыда айтылғандай, Дәулетияр медресесінде сабақ ара-тұра тоқтап, 1928 жылға дейін жалғасқан. Бірақ 1928 жылғы 4 қаңтарда оқу мүлдем тоқтаған. Дәл осы күні №6 ауыл азаматы Құлмұқанбет Мұқатайұлы болыстық сақшыға «бүгіннен бастап діни оқытуды тоқтаттым, егер жалғастырар болсам, тесік базға (түрмеге) кіріптар болуға бейілмін» деп қолхат берген.
Бұл кезде кеңес үкіметінің «жауларын» әшкерелеу баспасөзде де жүріп жатты. «...Қазақ ауылдарында азамат соғысы, аштық пен жұттан кейін діни қозғалыс өсе бастады. Барлық өлкеде, қазағы басым уездерде уездік және аудандық мухтасибаттар құрылып, діни мектептер, мешіттер, ақсақалдардың шариғат соттары пайда бола бастады, мүрид ұстаған ишандар көбейді. Орал губернасындағы Қосдәулетов, Айсариев секілді ишандардың әрқайсысында мүрид саны 500-800-ге дейін жетті» деп жазды осындай мақалалардың бірінде. Бұл, әрине, жала болатын.
Дәулетияр ишанның өмірінің соңындағы соңғы сот 1930 жылы болған. Тайпақ аудандық халық сотының №144 қылмыстық ісі «Тайпақ ауданы №18 ауылының азаматтары Дәулетиар Айсарыұлын, Қазиза Қашқынбай әйелін және басқаларын ҚК-тің 169-2 бабымен айыптау жөнінде» деп аталады. Тергеу және сот ісі 1930 жылы 9 қаңтарда басталып, 1930 жылы 12 ақпанда аяқталған.
«Дәулетиар Айсарыұлы 84 жаста, 2 әйелі бар, оқи, жаза біледі, сайлау пұрсаты жоқ, 28 статиада бар, не барлығы 5 жан, 20 жыл ишан болған, бұрын сот астында 2 рет болған.
Дәулетиар Айсарыұлы ежелден еңбекшілердің қанын сорып отырды, бұрынғы бұғаулы тегеурінен айырылмаған ишан, өткен жылы жүргізілген кәнпеске науқаны кезінде еңбекшілердің аузына ілініп, бұны бұл жақта ел кедейлері араларынан қуып, кәнпескелеп жер аударуын сұраған, бірақ та түрлі себептермен кәнпескеленбей қалған, сондықтан да малдарын сатып жойып, ақшаға айналдыра бастаған, астық дайындау науқанын жамандап, осы жылғы бірыңғай шаруа салығына берген малдарының барлығын өзі әруақыт сатып жоқ етеді;
Айыпкердің бұлай етуі еңбекшілер үкіметінің түрлі жүргізіп жатқан науқандарынан қаштырып, бой тасалағандық, онымен бірге келешекте үкімет тарапынан жүргізілетін түрлі әлеумет қорғау шараларының іс жүзіне шықпауына көріне зұлымшылық, ...мен айла жасағандық, бұлай етуі қоғам алдында қауіпті болып саналады, онымен бірге айыпкердің еткен амалдары (қылмыс) заңның 169-2 статиасына тура келеді. Бұл айтылғандар істегі берген айыпкерлердің өздерінің көрсетулерімен анықталады, сондықтан бұл айтылған бойынша Қылмыстық іс жүргізу заңының 319-320 статиаларын қолданып, сот үкім етеді:
Айыпкер – Дәулетиар Айсарыұлы Қ(ылмыс) заңның 169-2 статиасы бойынша айыпты деп тауып, екі жыл жарым еркінен айыруға, бұлтартпау шарасы есебіне Айсарыұлы қазірден бастап тұтқынға алуға, үкім тұжырымына разы болмағаны жайлы 14 күн срөк ішінде Орал округтік сотына жолдама шағым беруге ерікті...»
Сот тергеудің біткенін мәлімдеп, айыпкерлерге ақтық сөз береді. Дәулетияр ишан: «Қандай үкім шығарсаңдар да қарсылығым жоқ, тек кәрілігім еске алынса екен» депті. Осылайша, жасы сексеннің бел ортасына келген Дәулетияр ишан бүкіл мал-мүлкінен айырылып, үш жылға сотталады. Одан босаған соң, өмірінің соңғы жылдары Жымпиты шаһарында, немере інісі Ахметов Ғабдолланың қолында тұрып, 1935 жылы қайтыс болған.
Заманында елді аузына қаратқан, ашаршылықта халқына талғажау таратқан, мың айдың жүзін көріп, бейнетінің зейнетін татар шағында темір тордың азабын тартқан Дәулетияр ишанның тағдырын оның екі қабатты мешіті де кешіпті. Өлеңті өзенінің жағасында өркениеттің ошағындай болып тұрған зәулім ғимарат 1932 жылы қиратылған. Оның кірпіші мен басқа да материалдарынан кеңсе, мектеп (Өлеңті бастауыш мектебі), интернат салыныпты.
«Мешітті бұзарда ішінен теке шығып, адамдарды жақындатпаған. Атса, жоқ болып кеткен. Сосын Дәулетияр ишанның өзін әкеліп, оқытып барып, бұзған. Мұнарасын құлатқанда, басындағы айы Өлеңті өзеніне түсіп кетіпті. Ешкім таба алмаған. 1930 жылдары бұзылса керек. 1932 жылы Өлеңті бастауыш мектебі салыныпты» дейді Сайполла Құмаров.
«Мешіт жөнінде айтар болсам, өз басым оны сыртынан болмаса, ішіне кіріп көрген жоқпын. Шешем марқұм: «Ишан атам Жымпитыға көшкен соң, белсенділер мешітті бұзбақ болған. Бірақ есік алдында екі көзі оттай жанған ақ теке атса да оқ дарымай, ешкімді кіргізбепті. Ишанның өзін алдырып, дұға оқытып, содан кейін барып бұзған. Ал мұнарасын бұзған жігіт аузы қисайып, есіріп өлді деседі», деп айтып отырушы еді. Бар білгенім осы» дейді Қабылқайыр Ахметов.
1932 жылы Тайпақ ауданы №8 ауылкеңес – Дәулетияр мешіті орнына Энгельс және Қызыл ақырап колхоздарын құрып, халықты орналастыру бойынша құжаттар Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде сақталған. Бір қызығы, осы картада Қызыл ақырап колхозы негізінен Қызылқоға ауданының №11 ауылынан көшіріліп әкелінген адамдардан құралғаны анық жазылған. Яғни Сайқұдық өңірінің өз тұрғындары, Дәулетияр ишанның ағайындары туған жерінен ауа көшіп, атажұрт жартылай иесіз қалғандығы бұл құжаттан да байқалып тұр.
Бұл жөнінде өлкетанушы Үзілдік Елеубаева ««Репрессия жылдары Сайқұдыққа да салқынын тигізді. Елде тек 5 отбасы қалып, қалғаны Ресейдің Самара жағына, өзге аудандарға көшіп кеткен. Содан қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданынан үгіт-насихат арқылы беріш, шеркеш, есентемір руларын көшіріп әкелген» деп жазған болатын.
Дәулетияр ишанның кейінгі тағдыры, жерленген жері өзімен тағдырлас жүздеген ишан-хазірет сияқты мүлдем белгісіз болып қалар ма еді?! Өйткені 1930 жылдары әйгілі ишанды арулап жерлеудің өзі оңай болмағаны анық. Басына белгі де орнатылмаған. Махамбет батырдың қабірін ұрпаққа көрсетіп кеткен Құрақ Бектұрғанов ақсақал сынды, Дәулетияр ишанның басына да белгі орнатып, өз басын қатерге тіккен Қабделхай (құжатта Қабылқайыр) ақсақал Ғабдоллаұлына рахмет айтуымыз керек.
«Дəулетияр ишан Сайқұдықтан Жымпитыға келіп, 1935 жылдың наурызында 83 жасында Ахметов Ғабдолла деген інісінің қолында дүние салды. Мен ол кезде 9 жаста едім. Сол кездегі саясаттың салқынымен атайдың басы қарайтылмай қалған. Осы жайт əкемнің жанына қатты батып жүрген. 1955 жылы дүниеден өткен əкем Ғабдолла: «Қарағым, заман болса мынау. Міндетті түрде тас қой деп айта алмаймын, бірақ шамаң келсе, басын қарайтарсың» деп аманат еткен болатын. 1970 жылы, өзім коммунист бола тұра, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік заманның зауалына қарамай, атайдың басына өз қолымнан құлпытас қойған едім...» деп жазады ақсақал.
Жымпиты ауылындағы үлкен қорымда жерленген Дəулетияр ишанның құлпытасын арнайы барып көріп, дұға қылып қайттық. Құлпытаста былай деп жазылған: «Руы тана, Қалқаман тайпасы Қосдәулет бөлімі, Айсары ұлы Дәулетияр, 1852-1935, Тас қойған шөбересі Қабделхай, 1970».
Батыс Қазақстан облысы