Өкінішке қарай, есірткі, ішкілікті шектен тыс пайдалану салдарынан күйзеліске түскен, ешкіммен араласпай, өмірден түңіліп өзіне қол жұмсауға дайын тұрған, яғни моральді тұрғыда құлдыраған азаматтар арасында қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмейтіндер баршылық. Жарнамалайтын да жер емес, дегенмен мұндай жағдайға ұшырағандарға психикалық денсаулық орталығының көмегі көп.
Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты психикалық денсаулық орталығында жүйке ауруларын және наркологиялық ауруларды емдейтін 740 төсек-орын бар. Оның 525-інде жүйке ауруларына, 130-ында наркологиялық ауруға қатысты науқастар ем-дом алады. Сондай-ақ Сарыағашта – 60, Кентау қаласында 65 төсек-орындық жүйке ауруларын емдейтін бөлімше бар, оларда жақын маңайдағы науқастар емделуде. Облыста 19 психиатриялық кабинет бар. Сонымен қатар Кентау және Түркістан қалалық емханаларында алғашқы психикалық денсаулық орталықтары жұмыс істейді.
Орталық көмегіне мұқтаждарға ең алдымен уақытша бейімдеу және детоксикация бөлімшесінде медициналық қызмет көрсетіледі. Одан соң психотерапия және психологиялық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
«Науқастарға түрлі тренинг ұйымдастырылып, әрқайсысымен жеке жұмыс істейміз. Оларды қайтадан қоғамдық ортаға бейімдеуге барымызды саламыз. Қазіргі таңда мұндай науқастарды еңбек және спорттық іс-шаралар арқылы қоғамға бейімдеу жақсы нәтиже беріп жатыр. Себебі еңбек ету арқылы ол өзін қоғамға керек сезінеді. Еңсені езетін ауыр ойларды қол жұмысы тықсырып шығады. Еңбек ету арқылы бойдан тек тер емес, жағымсыз көңіл күй, ойлар да сыртқа бөлінеді. Нәтижесінде, науқастар жүйелі еңбек жұмыстарынан соң өздерін жеңіл сезінеді. Адамды адам еткен еңбек деген сөз бар емес пе? Бұл сөз осында өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын» демекші, расында да науқастар күнұзақ төсегінде жата берсе ем қонуы, қоғамға бейімделуі қиын болады. Сондықтан да қазір еңбекпен, спортпен емдеу жұмыстарына ерекше ден қойып жатырмыз», дейді орталықтағы ақпарат талдау мониторинг орталығының бөлім меңгерушісі Бөрібай Сихымбеков.
Орталық басшысының медициналық қызмет сапасын бақылау бойынша орынбасары Қабілет Әбеновтің айтуынша, мұнда төсек-орын жетіспеушілігі жоқ. Оңалту бөлімшесі спорттық құралдармен жабдықталған. Науқастар жүгіру алаңында әбден терлеп, білте темірлерді көтеріп, велосипед аппаратында бүкіл денесіне күш салып, бойында қан жүгірте алады. Мамандар бұл науқастарды сергітіп, өмірге басқаша көзқараспен қарауға септігін тигізетінін айтады.
«Спорт жаттығулары ағзаның иммунитетін көтереді, сол себепті спортпен шұғылданатын адамдар, вирустық инфекцияларға бейім болмайды. Физикалық белсенділік қан тамырларына жағымды әсер етеді. Жүрек – дененің ең маңызды органы, оның дұрыс жұмыс істемеуі, ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Күнделікті жаттығулар – жүрек-тамыр жүйесі қызметінің жақсаруының кепілі. Сонымен қатар оңалту бөлімшесінде арнайы шеберханалар ашылған. Шеберханаларға науқастар станоктармен ағаштан ою ойып, түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасайды. Әсіресе науқастар астау жасауды жақсы меңгерген. Астаулар өте сапалы шығып, жұрт қызығушылығын білдіріп жатыр. Ал домбыраларды орталықтың науқастары жасады дегенге көп жұрт сене қоймайды. Кәнігі шеберлерден бір мысқал кем жасалмаған дүниелерге қарап басыңызды шайқайсыз. Расында да, науқастар арасында қолынан өнер тамған шеберлер бар. Олар мұнда уақытын тиімді жұмсап жатқанын жасаған бұйымдарына қарап аңғаруға болады. Және де мұнда кішігірім кітапхана бар. Кітап оқу арқылы науқастар таным көкжиектерін кеңейте алады. Мерзімді басылымдарды оқып, күнделікті жаңалықтарды біліп отырады», дейді Қ.Әбенов.
Айта кетелік, өткен жылы 22 083 науқас диспансерлік бақылауда болған. Оның 4 056-сының психоактивті заттарды қолданудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар. Сондай-ақ былтыр психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар 88 науқас медициналық-әлеуметтік оңалтудан өткен. Оның 45-і – психиатриялық, 43-і – наркологиялық, 11-і – балалар бөлімшесінің пациенттері. Сондай-ақ психикалық денсаулық орталығында 4 856 бала мен 147 жасөспірім диспансерлік бақылауда болып, олардың 122-сіне аутизм диагнозы қойылған.
Түркістан облысы