• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Сәуір, 2023

Цифрлық нотариат

421 рет
көрсетілді

Енді ел тұрғындары сенімхаттарды «eGov Mobile» арқылы онлайн форматта рәсімдей алады. Әділет министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, азаматтарға нотариаттық қызметтер алуды айтарлықтай жеңілдететін «Цифрлық нотариат» жобасын таныстырды.

Осылайша, Қазақстан нотариаттық іс-қимылдың осы түрін цифрлық фор­матқа аударған әлемдегі алғашқы мемле­кеттердің бірі болды. Бүгінгі таңда сенім­хаттың нотариалды куәландыруы тек Франция мен Литвада онлайн режім­де қолжетімді екен.

Әділет министрі Азамат Есқараев жобаның Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің «цифрлық» бастамалары шеңберінде (оның ішінде «Digital Justice» жобалар портфелі аясында) әділет, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері Республикалық нота­риаттық палатамен бірлесіп іске асы­рылғанын атап өтті.

– Егер бұрын сенімхатты ресімдеу үшін құжатқа қол қою және нотариус куәландыру үшін клиенттің жеке қаты­суы талап етілсе, енді нотариаттық сенім­хат азаматтарға «eGov Mobile» арқылы қолжетімді. Ал болашақта ол бірқатар банктік қосымшада да пайда болады. «Цифрлық сенімхат» онлайн режімде клиенттің нотариуспен бейне байланысы арқылы рәсімделеді, – деп нақтылады Азамат Есқараев.

Цифрлық сенімхатты рәсімдеу үшін алдымен «eGov Mobile» қосымшасына кіру қажет. Одан кейін өтінімді толтырып, оған электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қол қоюы керек. Артынша жеке басын растау үшін қосымшаның көмегімен нотариусқа бейне қоңырау шалады. Белгіленген тариф бойынша нотариустың қызметтеріне ақы төлейді. Соңында «Цифрлық құжат­тар» бөлімінде цифрлық сенімхат дайын тұрады.

Бұл қызметті кез келген нотариус өтініш берген сәтте еркін көрсете алады. «Цифрлық сенімхатты» мемлекеттік органдардың барлығында немесе талап ету орны бойынша қағаз түріндегі баламасымен теңестіруге болады. Бұл ретте, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «eGov Mobile» қосымшасында авторизациялау кезінде де, өтінімге қол қою кезінде де пайдаланушының био­мет­риялық деректерін қолдана отырып электронды цифрлық қолтаңба пайдаланылады.

– Бір жолы шетелде кезекті іс-сапар­да жүрген кезде мынадай мәселемен бетпе-бет келдім: баламды атасымен бірге бас­қа қалаға жіберу қажет еді. Бірақ сенім­хат рәсімдей алмадым. Мұндай жағ­дайлар көбімізге таныс деп ойлаймын. Енді оның шешімі бар. Сенімхатты онлайн режімде рәсімдеуге болады. «Цифрлық нотариат» «eGovMobile» ұялы қосымшасы арқылы нотариалды түрде куәландырылатын сенімхаттарды онлайн форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Оны шетелде жүрген азаматтар да пайдалана алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында «eGovMobile» мобильді қосымшасының базасында мем­лекет халықпен және бизнеспен өзара іс-қимыл жасауы үшін тиісті цифрлық инфрақұрылым құру керектігі туралы айтқан болатын. «Цифрлық нотариат» – осы бағыттағы жұмыстардың бірі. Алдағы уақытта да мемлекеттік органдармен бірлесіп қазақстандықтардың өмірін жеңілдетуге арналған пайдалы жобаларды жалғастырамыз, – дейді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Нотариаттық қызметті онлайн фор­матқа ауыстыру – уақыттың талабы. Өйт­кені елімізде бұл қызмет түріне деген сұраныс жоғары. Мәселен, 2022 жылы ел тұрғындарынан сенімхатты нотариалды түрде растауға 2 миллионан астам өтініш келіп түскен.

Бүгінде электронды үкімет 600-ден астам мемлекеттік қызмет пен сер­вистерді ұсынады. 12 млн қолданушы мобильді қосымшаға тіркелген.