1995 жылдың көктемі. Тәжік-ауған шекарасында қызмет етіп жүрген қазақ әскеріне қарулы топ тұтқиылдан шабуыл жасады. Бес сағатқа созылған айқаста Солтүстік Қазақстан облысындағы Салқынкөл ауылының мектебінде бірге оқыған сыныптастар да болған. Бірі – қанды айқастың қақ ортасында болған Серік Ысқақов, екіншісі – көмекке келген жауынгерлердің бірі Жасұлан Бекішов. 7 сәуірдегі қайғылы оқиға екі достың енді кездесеміз деген сәтінде бұрқ ете қалған.
«Мен әскерге 1993 жылы Чистополь ауданының әскери комиссариатынан аттандым. Қыркүйек айында Зайсан шекара бөлімшесіне қосылдым. Бөлімше бастығы Гусиев, Штаб бастығы Бекішов еді. Кейін бізді Зайсаннан 25 шақырым жерге оқуға жіберді. Онда 3-4 ай болдық. Сосын мені командирдің механик-жүргізушісі болуға оқытты. Ол кезде Шекара академиясы болған жоқ, сондықтан Отарда оқытатын. Бізді Алматыға әкелген кезде Жаркенттегі шекара отрядында курстар ашылғаны айтылды. Сонда БМП механик-жүргізушісін даярлайды екен. Жарты жыл сонда оқыдық. Осы уақытта біраз нәрсеге көзіміз ашылып, біраз дүниені үйрендік. БМП-2-ге қажет құжаттарға ие болдық. Зайсандағы шекара бөлімшесіне оралған соң әскери қызметімізді жалғастырдық. Ара-тұра оқу-жаттығуға шығып тұрамыз. Сол кезде бізбен бірге Лобочев деген майор болды. Бұл уақыт Тәжікстанға аттанатын сарбаздар дайындық жүргізіп жатқан кез. Бірде сол майор маған «Сен менің оққағарым болып, Тәжікстанға барасың» деді», дейді Жасұлан Бекішов әңгімесін әріден бастап.
Сөйтіп, ол 1995 жылдың 16 ақпанында Тәжікстанға барған. Көңілде бір алаң болғанымен, өзге жерге табаны тиген сәтте-ақ түрленіп сала береді. Өзге елге не үшін, қандай мақсатта келгенін анық сезінеді.
«Душанбе қаласына келіп қондық. Онда бұрынғы институт бар екен. Бізді соның базасына орналастырды. Сол жерде 3-4 күн болдық. Ауа райының қолайсыздығына байланысты шекаралық күзетке жеткізе алмады. Үш күннен кейін ауа райы жақсарған соң, бізді алтыншы Калайхумб шекаралық жасағына қосты, ол жерде біз ресейлік отрядтың қарамағында болдық», деп жалғады Жасұлан Бекішов естелігін.
Осында жүріп жігіттердің әңгімесінен сыныптастарының бірі жақын маңда жүргенін естиді. Ауылдасын, сыныптасын көргісі келеді. Жүздесуге асығады.
«7 сәуір күні колоннада жүргенмін, біздің жасақтағы жігіт «Осында сенің сыныптасың бар» деп айтып қалды. Ол Серік Искаков екен. Мұны білген сәтте қуанып кеттім. Сосын бізді алмастыруға келетін колоннаны күттік. Сол жолы ерекше сезімде болған едім. Сол сәтте айналада жарылыстар басталып кетті. Бірақ бұл біздің күнделікті көріп жүрген жағдай болғандықтан, бастапқыда аса мән бермеген едік. Дегенмен жағдай ушыға бастады. Содан кейін бізді 12 адамнан тұратын жасаққа қосып, айқас өтіп жатқан жерге БТР-мен жіберді. Қаруластарымызға көмектесуге ұмтылдық. Жетуге 1-2 шақырым қалғанда бізге қарай миналар атылды. Біз бірден жауынгерлік әзірлікте тұрдық. Өз басым минометтің қай жақтан атылғанын көріп тұрдым. Пшихарв шатқалы таулы-тасты мекен. Ауғанстан жақ беткейдегі үлкен тастың тасасынан миномет атылып жатқанын байқадым. Атылған оқтар жанымыздан зуылдап өтіп жатты. Қорқынышты жағдай болғанына қарамастан, әркім өзіне міндеттелген жұмысты соңына дейін атқарды. Межелі жерге жеткенде сарбаздарымыздың жартысын госпитальге алып кеткен екен. Сыныптасымды кездестіре алмадым. Бәрі тыншығаннан кейін барып білдім, ол жараланып қалыпты. Онымен тек елге оралғанда ғана жүздесудің сәті түсті. Сол кезде аман-есен кездескенімізге қуандық. Өйткені біз ажалмен күнде бетпе-бет келген Тәжікстанда бір-бірімізді көре алмап едік», деп еске алады Ж.Бекішов.
Жасұлан Бекішов пен Серік Ысқақов Чистополь ауданының Салқынкөл ауылында бір сыныпта оқыған. Өзге елде әскери қызметте жүріп, бірін-бірі көргісі келгені сондықтан. Ал Серік Ысқақов – Пшихарв шатқалында ерлік көрсеткен 7-рота жауынгерінің бірі. Орайы келгенде оны да әңгімеге тарттық.
«Әскерге мен 1993 жылдың қарашасында кеттім. Ал Жасұлан көктемгі шақырылым кезінде сарбаз атанған екен. Бір-біріміз жайлы Тәжікстанда жүріп естиміз, деп мүлде ойламаған едім. Бірде жігіттердің бірі алтыншы бекетте менің жерлесім барын айтты. Біз сол кездері алтыншы бекетке барғалы жатқанбыз. Кездесеміз ғой деп ойладым. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болмады. Күтпеген жерден лаңкестер шабуыл жасады. Бес сағат бойы айқастық. Бізге көмекке келе жатқан олар да шайқасқа араласыпты. Сол шайқаста жараланып қалдым. Сондықтан мені бірден госпитальге алып кетті. Кейін Душанбедегі негізгі госпитальге ауыстырды. Сыныптасым болса өз позицияларында ұрысты жалғастырған. Сол себепті кездесіп үлгермедік. Тек әскерден оралып, ауылға келгенде ғана жүздестік. Елге келе салысыммен Жасұланды іздеп бардым. Дін-аман көріскенімізге балаша қуандық», дейді С.Ысқақов.
Пшихарв шатқалындағы шайқас екі азаматты бұрынғыдан бетер жақындастыра түскен. С.Ысқақов әскерден келгеннен кейін бір жарым жылға дейін жұмыс істемеген. Денсаулығына байланысты оңалту ем-шараларынан өткен. Содан кейін ғана жүк тасымалдайтын көлік жүргізушісі болып еңбек етіпті. Одан кейін де бірнеше жұмыс ауыстырған. Бүгінде ол ауылда тұрып жатыр. Ал Ж.Бекішов Көкшетауда жұмыс істеп жүр. Жыл сайын 7 сәуірге арналған іс-шараларда олар жастармен кездесіп, өскелең ұрпаққа қаруластары жайлы сыр шертіп, ерліктерін баяндайды. Бейбітшілік пен тыныштықтың мәнін ұқтырғылары келеді. Өйткені олар оқ пен оттың арасында жүрудің қандай екенін жақсы біледі. Сондықтан мұндай сәтті енді ешкімнің басына бермесе екен деп тілейді.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
журналист