Орталық коммуникациялар қызметінде Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда отандық ғылымды одан әрі дамыту жайы талқыланды. Ғалымдар әлемдік ғылымның көшбасшы елдерінің мысалында ғылыми үрдістер мен перспективалар жайын сөз етті.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес ғылым мен технологиялардың басымдықтарын айқындау үшін ғылымды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында құрылғанын атап өтті.
– Кеңестің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес мүшелерінің ең өзекті ұсыныстарын тыңдады. Ұлттық кеңес мүшелері ғылым саласының міндеттерін шешуге белсенді араласып отырады. Ұлттық кеңес ғалымдары 2029 жылға дейін жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге қатысты, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатын қарап, өз ұсыныстарын қарады. Бүгінгі таңда кеңес мүшелерінен 100-ден аса ұсыныс келіп түсті. Ұсыныстар зерделеніп, стратегиялық мемлекеттік міндеттерді шешу кезінде есепке алынатын болады, – деді Дархан Ахмед-Зәки.
Сондай-ақ ол министрлік қазіргі уақытта ел ғалымдарының алдында ұлттық ғылыми саланы одан әрі дамыту перспективалары айқындалғанын атап өтті. Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отандық ғылымның беделі мен сапасына ғана емес, сонымен қатар «дәстүршілдердің» ғылымнан ықтимал қарсылығын еңсеруге ықпал етеді, тежеу мен тепе-теңдік жүйесіндегі маңызды буын болады, деді. «Ұлттық кеңес жетекші отандық және шетелдік ғалымдардың, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың жауапты өкілдерінің кең өкілдігі ғылымды дамыту саласында перспективалы және стратегиялық маңызды шешімдер қабылдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп нақтылады ол.
Дархан Ахмед-Зәкидің айтуынша, ұлттық кеңестің алғашқы отырысы болашақ өзгерістер үшін өте байыпты бастау болды.
– Мемлекет басшысы ғалымдарымыз айтқан бастамалардың басым бөлігіне қолдау білдірді. Баяндамашылар Ғылым академиясының рөліне, ғылыми ізденістердің шынайы экономикаға қажеттілігіне қатысты жүйелі сипаттағы мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ядролық энергетиканы, жаңа технологияларды дамыту, торий реакторларын жасау мәселелері талқыға түсті. Мәселелердің үшінші блогі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында гендік технологияларды дамытуға қатысты болды. Соңғы мәселелер негізінен мұраларды, тарихи-археологиялық жәдігерлерді сақтау, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға ғылыми қамтуды өндірістің тікелей әсерін талқылауға бағытталды, – деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, кеңесте қамтылған барлық бағыт елдің стратегиялық құжаттарында көрініс табады. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасымен елдің ғылым жүйесін дамытудағы Ғылым академиясының жаңа рөлін қалыптастыру, ғалымдарды әлеуметтік қолдау, оның ішінде ғылыми дәрежелер мен атақтарға үстемеақылар төлеу, зертханалар мен ғылыми орталықтардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін қаржыландырудың жаңа формасы бойынша іс-шаралар қабылданады.
– Президентіміздің басшылығымен және қолдауымен соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаржы өсті. Осы жылдың өзінде 158 млрд теңгеге жетті, сома біртіндеп 240 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Әрине, жүзеге асырылған іс-шаралар жүйелі сипатқа ие, – деді Дархан Ахмед-Зәки.
Комитет басшысының айтуынша, университеттік ғылымды дамыту мәселесі де өзекті. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен жоғары оқу орындары жанында инжинирингтік орталықтар мен технопарктер құру бастамасы жүзеге асырылды.
Дөңгелек үстелге қатысқан Тулейн университетінің профессоры (АҚШ), Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Дияр Талбаев әлемдік трендтер туралы сөз қозғады.
– Ұлттық кеңесте қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Оның ішінде цифрлық қауіпсіздік, компьютерлік қауіпсіздік, биоқауіпсіздік бәрі қамтылған. Бұл тұрғыда ғылымның орны айрықша. Мәселен, қазір халықтың тез қартаюы үлкен мәселеге айналды. Өкінішке қарай, мұның соңы әлеуметтік мәселелерді туындатып отыр. Әлемге бұл тұрғыдан қалай және қандай көмек көрсетеміз? Аталған мәселені шешуде ғылымның рөлі зор. Бұған Қазақстан да атсалыса алады. Өйткені мұндағы ғылымның әлеуеті жоғары. Бірінші кезекте адам капиталы бар. Меніңше, адам капиталын, яғни ғылым жолында жүрген адамдарды қолдауды жалғастыра беру керек. Олардың ойға алған дүниелерін толықтай жүзеге асыруына мүмкіндік жасалуға тиіс, – деді Дияр Талбаев.
Тез қартаю мәселесіне Густав Рози институтының «ДНҚ жөндеу» зертханасының директоры (Франция), Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Мұрат Сапарбаев та тоқталды.
– Шынында да, дамыған елдерді тез қартаю мәселесі алаңдатып отыр. Алдағы уақытта елімізде мұндай мәселемен бетпе-бет келері анық. Қатерлі ісік, ми деменциясы секілді аурулардың алдын алудың амалдары қарастырылып жатыр. Сол секілді артық салмақ та әлемдік проблемаға айналып келеді. Өзекті мәселелердің қатарына ғаламдық жылынуды да қосар едім. Аталған мәселені кешенді түрде шешу керек. Мемлекеттердің бірлесе отырып шешім қабылдауы маңызды. Алайда әзірше ондай әрекеттерді байқамай отырмыз. Дегенмен кейбір елдер өздері бастамашылық танытып, әрекет жасап отыр. Мәселен, Норвегия толықтай электрмобильге көшіп жатыр. Еуропа 2030 жылға қарай бензинмен жұмыс істейтін техникаларға тыйым салмақ. Бірақ бұл өте қиын. Экожүйені сақтау мәселесі де маңызды. Аталған үдеріске еліміз да қатысып, әлем елдеріне үлгі көрсете алады. Өйткені Қазақстан ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр әрі мұның бәрі ашықтық жағдайында жүзеге асырылып жатыр. Мұндай дүниелер әлемнің назарынан тыс қалмасы даусыз, – деді Мұрат Сапарбаев.
Ғалымның айтуынша, еліміздің интеллектуалдық әлеуеті алдағы тәуекелдерге толықтай сәйкес келеді. «Алда қандай тәуекелдер тұрғанын ешкім дөп басып айта алмайды, тек болжам ғана жасайды. Сондықтан әр елдің өзіндік сарапшылары болғаны жөн. Оларды ашықтық, бәсекелестік жағдайында тәрбиелеу маңызды. Ғылымға бөлінетін қаржының ұлғайып келе жатқаны қуантады. Дәл осы фактор елдің әлемдік трендтерге қосылуына жол ашады», деді ол.