Сәрсенбі және бейсенбіде футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы ширек финалдық ойындары өтті.
Тұманды Альбион елінде толассыз жаңбыр жауғанына қарамастан, «Баварияға» қарсы кездесуде «Манчестер Сити» тамаша ойын өрнегін көрсетті. 27-минутта Родри есеп ашса, екінші кезеңде Бернард Силва мен Эрлинг Холланд бір-бір реттен допты торда тулатты – 3:0. Бұл бәсекеде немістер тым қауқарсыз көрінді. Кездесу аяқталғаннан кейін мюнхендік клубтың ойыншылары арасында жанжал туындаған деседі. Кейбір ақпарат көздеріне сенсек, киім ауыстыратын бөлмеде Садио Мане Лерой Санеге соққы жұмсап, ернін жырып жіберген көрінеді.
Лиссабонда «Бенфика» «Миланға» есе жіберді – 0:2. 51-минутта Никола Барелла гол соқса, 82-минутта Ромелу Лукаку пенальтиді мүлтіксіз орындады. Мадридтегі әйгілі «Сантьяго Бернабеу» стадионында «Реал» «Челсидің» қақпасына жауапсыз екі гол салды – 2:0. Италияның қос командасы – «Милан» мен «Наполи» арасындағы бәсекенің тағдырын 40-минутта Исмаэль Беннасер соққан жалғыз доп шешті – 1:0.