Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінде жазылған Алаш арыстарының ауыр да азапты, тағылымды да қасіретті тағдыры кім-кімді де толғантпай, ойлантай қоймайды. Ал олардың өмір мен өлім арасында арпалыса жүріп, ұлт ертеңі үшін еңсерген ерен еңбегі шын мәнінде ерліктің, елге қалтқысыз қызмет етудің, ұлтын сүюдің жарқын үлгісі. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі – өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір Нарком» атанған Темірбек Жүргенов! Биыл айтулы тұлғаның туғанына – 125 жыл!
Осыған орай Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Театр өнері және өнертану» факультеті, «Өнертану» кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен «Темірбек Жүргенов – қазақ өнерінің жанашыры» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.
Жалпы, биыл тек тарих қана емес, шараны ұйымдастырушы іргелі оқу орны – Қазақ ұлттық өнер университеті үшін де маңызды жыл. Құрылғанына 25 жыл толып отырған білім ордасы атаулы мерейтой аясында жыл басынан бері түрлі тағылымды іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Соның бірі – Темірбек Жүргенов тағылымын тануға арналған айтулы шара. Бұлай болуы тарихи заңды да. Себебі ұлт қайраткері Темірбек Жүргеновтің қазақ өнерінің дамуы мен өркендеуіне сіңірген еңбегі зор. Бүгінгі қазақ мәдениетінің келбеті мен жалпы деңгейі үшін бәріміз де Темірбек Жүргеновтей тарлан тұлғаларға қарыздармыз десек, титтей де артық айтқандығымыз емес. Әсіресе 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан Жүргеновтей марғасқалардың еңбегін тарих таниды, ұрпағы ұлықтайды.
Бұған алқалы жиынға қатысқан Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сәби Аңсат жан-жақты тоқталып өтті. Мәртебелі мейман қайраткердің өмір жолын дәріптеудегі жетістіктер мен кемістіктер туралы кеңінен әңгімелеп, 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін ұйымдастырудың тарих үшін қаншалықты маңызды болғанын айта келе: «Онкүндік қазақтың айрықша мәдениетіне Мәскеудің көзін әбден жеткізді. Қылған қиянаттарына қынжылтты. Дәл осы оқиғадан соң, яғни 1936 жылдың 5 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылдық. Осыған онкүндіктің себі болмады дейсіз бе? Оған дейінгі автономиялық мәртебеден ажырап, кеңес одағы құрамындағы дербес Республика атандық. Республика атануымыздың арқасында 1991 жылы кеңес одағы тарағанда жеке дара мемлекет боп Тәуелсіздігімізді жариялауға мүмкіндік туды! Еншімізді алдық!» деп тебірене толғанды.
Тарихи тұлға есімін ұлықтап, еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеуге арналған ғылыми конференцияны Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, ақын-жазушы, кинодраматург, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ұларбек Нұрғалымұлы жүргізді. Тағылымды шара шымылдығы белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаевтың жетекшілігімен «Музыкалық театрдың әртісі» мамандығының 2-курс студенттері қойған жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Нарком – Жүргенов» қойылымымен ашылып, ресми бөлім жиынға қатысқан қонақтар мен университет студенттерінің мазмұнды баяндамаларына ұласты.
Атап айтсақ, іс-шараның кіріспе сөзінде атаулы өнер ордасының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Ғайни Мұхтарова: «Бүгінгі іс-шарадан бөлек 28 сәуір көркем өнер факультеті атынан сурет көрмесі ұйымдастырылады. Бұл көрмеде тек Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қоғамдағы орны ғана емес, жалпы қазақ тарихындағы қайраткерлерге арналған тарихи жанрдағы еңбектер қамтылады. Бұл іске жастардың көптеп тартылғанын қалаймын. Осылайша, біз Темірбек Жүргеновтің ұстанымын көпке дәріптегіміз келеді», деді.
Ал Phd докторы, ҚазҰӨУ-нің доценті, театртанушы Нартай Ескендіров «Т.Жүргеновтің – қазақ театрының дамуына қосқан үлесі» атты баяндамасында: «М.Әуезовтің қаламынан туған «Хан Кене» (1928 жылы жазылған) пьесасының сахнадан көрсетілуіне де Т.Жүргенов үлкен ықпал жасаған. Спектакль премьерасынан кейін «Хан Кене» деген мақаласын орыс тілінде жазып, «Казахстанская правда» газетіне бастырған» деп тұлғаның қазақ театры өнеріне сіңірген еңбегіне айрықша тоқталды. Ал белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты Нәзира Рахманқызы болса Алаш арысының ел көп біле бермейтін қайраткерлік қырларына үңілді: «Темірбек Жүргенов кино өнерінің ұлтқа қызмет ететін нағыз идеология екенін сол кезде білген. Болашақты болжаған көрегенділігіне таңғаласың. Оған себеп – 1935 жылы Қазақстандағы кино ісін ұйымдастыру туралы қаулыға қол қойған. Осы қаулы Қазақстанның өз киностудиясының дүниеге келуіне себеп болды. 1936 жылдан бастап алдымен Алматы кинохроника студиясы, кейінірек көркемсуретті фильмдер студиясы жұмыс істей бастайды. Ал 1945 жылы осы екі студия бірігіп, Алматы көркемсуретті және хроникалық-деректі фильмдер студиясына айналады. Міне, бәріміз білетін «Қазақфильм» киностудиясының тарихы осылай басталған еді. Фильмдер өндірісі болмай, кино өнерінің аяқалысы да ілгерілемейтіні белгілі. Ал өз студияңыз болмай, фильм өндірісі де жүзеге аспайтыны мәлім. Сондықтан, 1935 жылғы қаулының қазақ киносының келешегі үшін маңызды рөл атқаратын тарихи құжат екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ Т.Жүргенов 1938 жылы экранға шыққан «Амангелді» фильмінің түсірілуіне зор еңбек сіңірген тұлға. Өкінішке қарай Т.Жүргеновтің кино өнеріне сіңірген еңбегі көп айтыла бермейді. Зерттелмеген тақырыптардың бірі десек те болады. Жүргеновтің осы қыры болашақта кеңінен зерттеледі деп ойлаймын» деп ғалым жас зерттеушілердің келешектегі ізденісіне жол салып берді.
Сонымен қатар тағылымды жиында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, «Әлеуметтік гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Қарлығаш Атанақова, «Темірбек Жүргеновтің әдеби мұрасы» тақырыбында тұңғыш диссертация қорғаған, Т.Жүргенов туралы бірнеше кітаптың авторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, жүргеновтанушы-ғалым Бауыржан Иманғалиев бастаған ғалымдар тұлға туралы іргелі ізденістерімен бөлісті. Айзада Ағидоллаева, Аяулым Қайратқызы сынды университет студеттерінің жасаған баяндамалары да көпті сүйсінтті. Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында баяндамалар мен ғылыми пайымдардың арасын Өнер унеиверситетінің шәкірттері әнмен әдіптеп, күймен көмкеріп отырды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Темірбек Жүргеновтің қазақ өнері, әдебиеті, мәдениетіне және білім саласына қосқан зор үлесін дәріптеу, мемлекетке сіңірген еңбегі мен күреске толы өмір жолына шолу жасау арқылы өскелең жас ұрпақтың санасына мемлекетшілдік ұғымын және ұлттық мүддені қорғауды, ұлтқа қызмет етудің азабы мен абыройын сіңіру мақсатында ұйымдастырылған ғылыми талқы отырысы осылайша өз мәресіне жетті. «Жүргенов құйрықты жұлдыздай ағып түскенімен, сол жұлдыздың сәулесі қазақ өнеріне жарығын мәңгі шашып тұрады» деп толғанған «Театр өнері және өнертану» факультетінің деканы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омардың жүрекжарды сөзі тағылымды шараны түйіндеді.
Иә, Алла пешенесіне бұйыртқан небәрі 40 жас ғұмырында ұлт ертеңі үшін қыруар еңбек істеп қалдырған тұлға тағдыры тағылымға толы. Өйткені өткен ғасырдағы қазақ руханиятына қатысты келелі жұмыстардың барлығын Темірбек Жүргеновсіз елестету мүмкін емес. Жүргенов – ұлт руханиятының жарық жұлдызы. Ол сәуле мәңгілік өшпейді.