Қосшы қаласы прокуратурасының актісі бойынша мемлекетке құны 65 млн теңге болатын жер учаскесі қайтарылды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қадағалаушы орган таратқан мәлімет бойынша, қала прокуратурасы жер заңнамасының қолданылуын талдау барысында коммерциялық мақсатта жер беру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрескел бұзушылықтарды анықтады.
Мәселен, Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімімен 2016 жылғы тамызда Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ауданы 3,2778 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын берді. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану туралы шарт жасалды.
Жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алайда 2016 жылдан бастап кәсіпорын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға бағытталған бірыңғай іс-қимыл жасаған жоқ. Ал құжаттарға сәйкес, ЖШС тұрғын үй кешенін салуды көздеген.
«Кадастрлық құны 65 млн теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие. Мұндай тұжырымды 2021 жылы ЖШС басқа заңды тұлғаға жалдау құқығын 120 млн теңгеге сатқанынан ғана жасауға болады», деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.Алайда қадағалау органы жер учаскесі ҚР Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады.
«Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 7 қарашадағы шешімімен Департаменттің талап-арыз талаптары жерді мемлекетке қайтарумен толық көлемде қанағаттандырылды. Бұл шешім 2023 жылғы 16 ақпанда заңды күшіне енді», делінген хабарламада.
Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметтері бойынша осы жер учаскесінде «жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мектеп салу жоспарланып отыр.