Астана медицина университетінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, көзі тірісінде профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасын басқарған Ерболат Дербісәліұлы Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты ашылды.
Елде медициналық Ұлттық орталықтар ашылғалы білікті дәрігерлер салаға терең бойлап, ауруы асқынған науқастарды емдеп жазып жатқанына куә болып келеміз. Сол тәжірибелі дәрігерлер кез келген ауруды емдеп-жазғаннан бұрын алдын алған тиімдірек екенін үнемі ескертіп-ақ келеді. Демек, профессор Ерболат Дәленовтің өзі бастап, профилактикалық медицина институтын ашу туралы ұсынысты тектен-тек көтерген жоқ. Сол үшін де профилактикалық медицина, ауруларды диагностикалау және алдын алу саласындағы іргелі зерттеулермен айналысуға мүмкіндік беретін институтқа осы бағытта талмай еңбектенген Ерболат Дәленовтің есімін беру орынды шешім болғаны анық.
Институттың ашылу салтанатынан кейін, Ерболат Дербісәліұлын еске алуға арналған конференцияда ғалымның өмірі, еңбек жолымен қоса, институттың даму бағыты жөнінде толымды ой-пікір айтылды. Конференцияда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, мемлекет және саяси қайраткер Қырымбек Көшербаев, Ерболат Дербісәліұлының ұлы, Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов, көрнекті медицина ғалымдары мен қоғамдық денсаулық сақтау қайраткерлері академиктің еңбек жолындағы айтулы оқиғаларды жіпке тізгендей жік-жігімен баяндаса, ғалымның көзін көрген жайсаңдар көкейде бір үзік сырдай сақталған естелігін айтты. Әуелі Ерболат Дербісәліұлымен замандас, сырлас болған Қырымбек Көшербаев, ғалымның азаматтық ұстанымы, пайым-парасаты жайында сөз бастап, көпшілікке ой саларлық түсінікпен түйіндеді.
– Меніңше, руханиятта, ғылым-білімде шәкірттік сезімін жоғалтқан адам ұстаз да, ғалым да бола алмайды. Ерболат Дербісәліұлы о баста дүниедегі ең қымбат, асыл нәрсе – адам өміріне жанашыр бола білді. Ол азаматтық позициясын жастай айқындап, ғұмырын сол жолға арнады. Біз замандас, сырлас болғасын кездесіп, пікірлесіп тұрушы едік. Ерекең тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында сананы нарықтық рельске көшіру кезеңінде медицинаның өзекті мәселелерін, даму жолдарын биліктің алдында жоғары кәсіби деңгейде қоя білді. Бүгін біз Ерболат Дербісәліұлының өмірінен қандай тағылым аламыз деген сұраққа жауап беруіміз керек деп есептеймін. Ерекең заман құбылса да уақытын мақсатына тәуелді етіп, айтулы жетістіктерге жетті. Өзінің мектебін қалыптастырды. Шәкірт тәрбиеледі. Бүгін біз соның куәгері болып отырмыз, – деді Қ.Көшербаев.
Расында солай, Ерболат Дербісәліұлы профилактикалық медицина ғылыми мектебінің негізін қалады. Көрнекті ғалымдардың тұтас бір тобын даярлады. Олардың алды – қазір медицина саласына еңбегі сіңген дәрігер. Академик Е.Дәленов – қазіргі Астана медицина университеті, бұрынғы Целиноград медициналық институтының алғашқы түлектерінің бірі. Ол елдегі профилактикалық медицина академиясының және валеология академиясының, Нью-Йорк Ғылым академиясының құрметті академигі, елдегі Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та Ерболат Дербісәліұлының ізденістеріне тоқталып, министрліктің профилактикалық медицинаға қолдауы жайында хабарлады.
– Академик Ерболат Дербісәліұлы Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының ашылуы медицина ғылымын ғана емес, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін маңызды болып отыр. Өйткені профилактикалық медицина – саланың басым бағыттарының бірі. Біз аурудың алдын алып, асқынуына жол бермей емдесек, медицинаның тиімділігі артар еді. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 60%-дан кем болмауы керек деген қағидасын, қазір елде 56%-ға орындап, қаржының басым бөлігін осы бағытқа жұмсап жатырмыз. Ерболат Дербісәліұлы ағамыз осы оқу орнында профилактикалық медицинаны зерттеумен шектелмей, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Олардың басым көпшілігі – отандық медицинаның өркендеуіне еселі үлес қосып жүрген ғалымдар, дәрігерлер. Ағамыздың жолын жалғаған шәкірттері ғылыми-зерттеу институтын ашуды басшылыққа алған екен. Бұл университеттегі ғана емес, ел медицинасындағы үлкен жаңалық болып отыр, – деді министр.
Профилактикалық медицина институтындағы мамандар түрлі ауруды диагностикалап, алдын алу саласында іргелі зерттеулермен айналысады. Сондықтан институттың жұмысы білім берумен қатар, ғылыми бағытта дамиды. Институттың зерттеу географиясы елорда тұрғындарын, сондай-ақ еліміздің солтүстігіндегі Қостанай, Ақмола, Петропавл және Павлодар облыстарын қамтиды екен. Академик Ерболат Дербісәліұлының аманатын арқалаған институт қызметкерлері салада білікті кадр даярлау ісіне серпін беріп, медицина ғылымын өрістетуге жол ашады деп сенейік.