Теннистен Билли Джин Кинг кубогі аясындағы командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің матчтары өз мәресіне жетіп, финалдық кезеңге жолдама алған барлық құрама белгілі болды.
Әйелдер арасындағы жаһан біріншілігінің финалына Елена Рыбакина бастаған Қазақстан құрамасынан бөлек, іріктеу кезеңінде үздік шыққан тағы сегіз команда жолдама алды. Олар: Испания, Чехия, Франция, Канада, АҚШ, Италия, Германия және Словения.
Осылайша, іріктеу сайыстарынан кейін әлем чемпионатының финалына шыққан тоғыз құрама былтырғы Билли Джин Кинг кубогінде топ жарған Швейцария, финалист Аустралия және жарысты қабылдаушы ел құрамаларының қатарын толықтырып, 2023 жылғы чемпиондықты сарапқа салады.