«Egemen Qazaqstan» редакциясына Түркістан облысының Шардара ауданынан мал дауына байланысты хат келіп түсті. Бұл жерде әңгіме екі тарап арасындағы кішігірім дау емес, ондаған миллион теңге шығын келтірілген аса ірі көлемдегі қылмыс туралы болып отыр.
Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Б.Маликовтың адвокаты А.Айтубаевтың мәліметінше, 2018 жылы жәбірленуші өзінің жеке меншігіндегі 1470 қой, 40 қошқар мен 2 жылқыны, жалпы алғанда 1512 бас малды Шардара ауданындағы Сүткент ауылдық округінің шопандары Ш.Молдағұлов пен С.Қалниязовқа теңдей бөліп, ақылы түрде бағуға беріп, әрқайсымен жеке-жеке нотариуспен бекітілген келісімшарт негізінде сеніп тапсырған. Олар қабылдап алған малды 2021 жылдың 11 қазанына дейін бағып, оны көбейтіп, иесіне қайтаруға әрқайсысы жеке міндеттелген.
Алайда 2021 жылы Ш.Молдағұлов пен С.Қалниязов өзара келісіп, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобын құрып, Б.Маликовтың өздеріне cеніп тапсырған мал-мүлкін басқа мақсатқа пайдаланып кеткен. Адвокаттың айтуынша, олар жәбірленушінің малының бәрін сатып, одан түскен қаражатты жеке бас пайдаларына жаратқан. Ал Б.Маликовке келтірген материалдық залал 152,4 млн теңге көлемінде.
Осыған байланысты жәбірленуші екі малшыны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Шардара аудандық ПБ-на арыз жазады. Алайда осы уақытқа дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру тек Ш.Молдағұловқа қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен басталып, ал С.Қалниязовтың әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 4-бөлігінің 2-тармағында көрсетілген қылмыс құрамы болғанына қарамастан ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Екінші күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тартып, оған қатысты тиісті бұлтартпау шарасын қабылдау үшін жәбірленуші Шардара аудандық ПБ-ға және аудан прокурорына бірнеше рет шағым түсіреді. Алайда полициядан да, прокуратурадан еш қайыр болмаған. Амалы құрыған мал иесі 2022 жылы 15 қарашада Түркістан облысының прокурорына шағымданады. Соның өзінде тиісті шешімдер қабылданбаған соң жәбірленуші 2022 жылы 22 қарашада Бас прокурорға, 30 қарашада Президент Әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр болған.
Алайда адвокат Айтубаевтың айтуынша, олардың Бас прокурор мен Түркістан облысының прокурорына жолдаған шағымдары Шардара ауданының прокурорына қайта жолданып, Қылмыстық процестік кодекстің 105-бабы 2-бөлігінің талаптары өрескел бұзылған.
Бұдан кейін шағымды Шардара ауданының прокуроры үстірт қараған соң 2022 жылдың соңына дейін жәбірленуші қайтадан облыстық прокурорға, одан соң Бас прокурорға шағымданады. Ал Бас прокурор оны қайтадан облыстық прокуратураға, ол өз кезегінде аудан прокуратурасына жібереді. Жәбірленушінің айтуынша, олар осылай прокуратура инстанциялары арасында бір-біріне тебе беретін теңбіл допқа айналған. Сонда да әділ шешім шығарылмаған соң, Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотына шағымдануға мәжбүр болған. Сот облыс прокурорының орынбасары Қ.Аблезовтің жәбірленушінің шағымдарын қарамай, аудандық прокуратураға жолдаған әрекеті (әрекетсіздігі) заңсыз деп танып, Түркістан облыстық прокуратурасы жәбірленушінің шағымдарын қарап, тиісті шешім қабылдауға міндеттеген. Алайда соттың бұл шешімі осы уақытқа дейін орындалмаған, тиісті шешім қабылданбаған.
Адвокат Айтубаев: «Елімізде заңның орындалуы мен сақталуын қадағалайтын прокуратура органдарының өздері қылмыспен ұштасқан әрекетке барып, заңымызды аяққа таптап отыр», дейді.
Сөздің қысқасы, бүгінде Ш.Молдағұловқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, екінші күдікті адам С.Қалниязов қылмыстық қудалаудан босап кеткен. «Жәбірленуші осы уақытқа дейін әділдікті тек соттан ғана табуда, әттең заң тұрғысында осы қылмысқа қатысты Ш.Молдағұловтан басқа адамдарды жауапқа тартуға соттың құзыры жоқ. Прокуратура мен полиция органдарына осыдан кейін қалай сенуге болады?!», дейді адвокат өз хатында.
Біз Шардара ауданында болған осы жағдайға байланысты екінші тарап, яғни заң талаптарының сақталуына жауапты орган – прокуратураның дәлелдерін де білуді дұрыс деп шештік. Өйткені мақсатымыз – белгілі бір тарапты кінәлі деп тану емес, осы істің әділ шешілуі үшін оны көпшілікке жария қылу, оған қоғамның назарын аудару. Түркістан облысы прокурорының орынбасары Қ.Әблезовке хабарласып, істің мән-жайын сұраған едік.
Прокуратураның бізге берген мәліметіне қарағанда, шопан Ш.Молдағұлов 2019 жыл мен 2022 жыл аралығында өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мал-мүлкін талан-таражға салған. Оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Ал жәбірленуші тарап «екінші қылмыскер» деп танып отырған С.Қалниязовты прокурорлар «істің куәгері» деп танып отыр. Яғни жасырын тергеу әрекеті жүргізілгенде оның қылмыс жасамағаны анықталыпты. Себебі ол өзіне сеніп берілген малды екінші шопан Ш.Молдағұловқа тапсырған. Оған қандай дәлелдер бар? Прокуратураның мәліметінше, біріншіден Молдағұловтың өзі Қалниязовтан малды алғанын мойындаған, екіншіден ұсақ малдарды сатып алған басқа адамдар да оларды Қалниязовтан емес, Молдағұловтан алғандарын айтқан.
Шыны керек, осы жерде біздің де көңілімізге күдік ұялап тұр. Екі шопанның әрқайсымен жеке-жеке келісімшарт жасалғанын жоғарыда айттық. Заң бойынша олар бір-біріне өз қарамағына алған малды берулеріне құқығы жоқ. Беретін болса да, алдымен малдың иесіне ескертіп, соның рұқсатымен ғана тапсырып, келісімшарт қайтадан жаңартылып жасалуға тиіс екені белгілі. Миллиондаған теңгеге бағаланған малды екінші шопанға бере салып, оған дәлел ретінде Молдағұлов пен басқа да сатып алған адамдардың сөзін дәлел ретінде келтіру қаншалықты ақылға сыяды?
Жәбірленуші тарап Қалниязовтың өзіне сеніп тапсырылған малды Молдағұловқа бергенін білмейтіндерін, өздеріне ескертілмегенін, бұл жерде бір шопан екіншісіне малды бермегенін, екеуі сөз байласу арқылы оның бәрін сатып, өз пайдасына жаратқанын айтып отыр. Ал бұл әрекеттерге қатысты Қылмыстық кодекстің 187, 188-баптарында қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сонымен қатар Түркістан облысы прокурорының орынбасары Қ.Аблезовке адвокат А.Айтубаевтың 2023 жылдың 15 сәуірінде жолдаған шағымында осы қылмыстық іс бойынша Шардара аудандық ПБ-ның тергеушісі Ғ.Ормановтың 2022 жылдың 25 желтоқсанында С.Қалниязовқа және басқа да адамдарға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы процессуалды шешім қабылдағанын, ол ҚПК талаптарының өрескел бұзылуына байланысты күші жойылуға жататынын айтады. Мәселен, бірінші шопан Ш.Молдағұловтың қылмысы дәлелденгені секілді дәл сондай тергеу амалдары С.Қалниязовқа қатысты жүргізілмеген.
«Тергеуші Ғ.Орманов тергеу басталған уақыттан бері осы бағытта жұмыс істеп, С.Қалниязовты қылмыстық жауапкершіліктен шеттету мақсатында ҚПК-нің 24-бабының талаптарын өрескел бұзып, Ш.Молдағұловтың С.Қалниязовпен жақын туыс болып келетіндігін біле тұра С.Қалниязовтың атына қанша мал тіркелгенін, оның жәбірленуші Б.Маликовтың берген малдарын қай жайылымда жайғанын, оған бұл жұмысын атқаруға кім көмек көрсеткенін, оның және жұбайының атында қандай жылжитын және жылжымайтын мүліктердің тіркелгенін, бұл жылжымайтын мүліктерді олар қай уақытта сатып алғанын, банктерде есепшоттарының бар-жоғын, ондағы қаражаттардың айналымын, бұл қаражаттар мен мүліктердің қылмыстық жолмен пайда болу мүмкіндігін анықтауға қасақана шара көрмеген», делінген адвокаттың шағымында.
Әзірге бұл іс шеті мен шегі жоқ шым-шытырық. Жәбірленуші тараптың берген мәліметтеріне қарағанда, екінші шопан С.Қалниязовтың да қылмысқа қатысы анық көрінеді. Прокуратура тарапынан оның «қылмыскер» емес, «куәгер» екендігін растайтын нақты дәлелдер берілмеді. Дегенмен бұл істің ақ-қарасын анықтау – құзырлы органдардың міндеті. Мал дауы қай заманда да қазақ қоғамында өзектілігін жойған емес. Бұл даудың да соңы сиырқұйымшақтанып кетпей немесе халықтың құзырлы органдарға деген сенімсіздігін ұлғайтпай, заңға сай әділ шешіліп, қылмыскерлер тиісті жазасын алады деп үміттенеміз.