Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Елбасының қаңтардағы Жолдауын халыққа түсіндіре түсу және бесінші шақырылымның заң шығарушылық қызметінен хабардар ету мақсатында Ақмола облысының аудандарында кездесулер өткізуде.
Мәжіліс депутаттары А.Милютин, Е.Каппель, І.Өмірзақов Целиноград ауданындағы құрылыс объектілерінде болды. Қосшы ауылының мектеп құрылысымен танысып, аудандық жылу қазандығын көрді. Халық қалаулыларына тұрғындар ауылдың ішкі жолдары мен тозығы жетіп қалған көпшілік көліктері және әкімшілік отырған ескі ғимараттың жағдайларын айтты.
Шортанды ауданында болған депутаттар 1200 орындық мектеп пен аудандық ауруханада болып, мәслихат депутаттарымен жүздесті. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдаулар өткізді. Бүгінгі күні мұндағы ауыз су мәселесінің өткір болып тұрғанына назар аударып, мектепке балаларды жаңа көлікпен тасу мәселесі мен аудандық балалар ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу мәселесінен хабардар болды.
Аршалы ауданында болғанда қиыршық тас шығаратын зауытқа барып, сол жердің экологиялық жағдайымен танысты. Депутаттар экологиялық жағдайды жақсарту үшін бірқатар техникалық шаралар қажеттігіне кеңес беріп, ылғалдандырғыш машиналарын орнатуды ұсынды.
Халық қалаулылары Астана – Қарағанды автокөлік жолын салып жатқан құрылысшылармен де жүздесті. Содан кейін депутаттар Аршалыдағы кәсіптік колледжде болып оның оқушыларымен және ұстаздармен жүздесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.