Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан алғашқы екі клуб белгілі болды.
Турнирдің ширек финалына жоспарланған бірінші қарымта матча осы турнирдің 14 дүркін жеңімпазы «Реал» мен 2021 жылғы чемпионы «Челси» клубтары кездесіп, Лондонда өткен ойын испаниялық клубтың жеңісімен аяқталды – 2:0. «Реал» сапынан екі голды да Родриго соқты. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша 4:0 есебімен жеңіске жеткен «Реал» жартылай финалға жолдама алды.
Ал екінші ширек финалда екі италиялық ұжым – «Милан» мен «Наполи» жасыл алаңда жолығып, алғашқысы келесі кезеңге шықты. Неапольда өткен қарымта ойын 1:1 есебімен тең аяқталса да, алғашқы матчта 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Милан» жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.