*ЭКСПО-2017 павильондарының негізгі құрылымдары 2015 жылғы қазан айына дейін салынып бітеді. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басшысы Талғат Ермегияев, сонымен қатар, ЭКСПО-қалашықтың «нөлдік кезеңін» құрылысшылар кестеден бұрын аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты.
*Келесі жылы Қазақстанда тағы 20 мемлекеттік қызмет автомат жүйесіне көшеді. Бұл туралы хабарлаған Байланыс және ақпарат агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылы электрондық үкімет арқылы «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша жүргізілетін мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауға қатысу үшін құжатты тапсыруға болады.
l Таразда «Нұр Отан» партиясы қатарына қабылданғандарға партия билеті тапсырылды. Бұл шараны жүргізген Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиналғандарды Астана қаласының мерекесімен құттықтады.
*Ақмола облысында құрылыс материалдарын өндіретін зауыт ашылды. Бұланды ауданының орталығы Макин қаласында бой көтерген бұл өндіріс орны ағаштан құрылыс материалдарын шығаратын «TransTechMash LTD» ЖШС күшімен пайда болды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 300 000 дана шпал, 5 мың текше метр тақтай шығаруға жетеді.
*Шығыс Қазақстанда үздік журналистер марапаттарға ие болды. Өскеменде өткен журналистер форумында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдерін өткен кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, олардың арасындағы журналистика саласын дамытуға үлес қосып келе жатқандарына сый-сияпаттар тапсырды. Жиында жалпы 63 журналист марапаттарға қол жеткізсе, солардың 9-ы аймақ басшысының номинанты атанды.
*Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдері 25,8 пайызға артық өндірілді. Бұл туралы мәлімдеген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 5 айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 453,1 млн. теңгені құрап, оның нақты көлемінің индексі өткен жылдың салыстырмалы кезеңінің 125,8 пайызын құрағанын айтты.
*Ақтау өрт сөндірушілері «Қауіпсіз балалық шақ» акциясын өткізді. Ол әртүрлі конкурс түрінде ұйымдастырылды. Сайысқа 4 балалар тынығу лагерінің командалары қатысты. Нәтижесінде жеңімпаздарға жүлделер табыс етілді.
Хабарлар «ҚазАқпарат», Аltaynews.kz, Lada.kz,Egemen.kz агенттіктері, «Уральская неделя» газеті мен Қызылорда қаласы әкімдігі сайттарының деректері бойынша дайындалды.