Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан құмдауыт корттағы WTA 500 турнирін жеңіспен бастады.
Жүлде қоры 780 637 долларға бағаланған доданың алғашқы айналымында осы жарыстың алтыншы ракеткасы ретінде тіркелген Е.Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 65-орында тұрған германиялық Юле Нимайермен шеберлік байқасты. Бір жарым сағатқа жалғасқан матчта отандасымыз қарсыласын екі сетте – 7:5, 6:3 есебімен тізе бүктіріп, екінші айналымға жолдама алды. Бәсеке барысында отандасымыз 9 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдалана білді. Елена турнирдің ширек финалына шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен таласады.
Турнирдің жеңімпазына 120 мың еуро мен «Порше» спорткары сыйақыға қосымша ретінде иелік ететінін айта кетейік. Ал Штутгарттағы турнирдің былтырғы бәсекесінде Е.Рыбакина екінші айналымда сүрінген болатын. Ол 1/8 финалда испаниялық Паула Бадоса Хибертпен кездесіп, үш сетте 6:4, 4:6, 7:6 есебімен жеңіліп қалған еді.