Шайбалы хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатының үшінші матчында да жеңіліп қалды.
Бірінші дивизионның «В» тобында бақ сынап жатқан жерлестеріміз бұл турда Италия қыздарымен кездесіп, 3:0 есебімен қарсыластарына жол берді. Кездесудің бірінші кезеңінде Эми Варано сан басымдығын жүзеге асырып, матчтың есебін ашса, үзілістен кейін Апеннин түбегінің өкілдері Арина Щеколова қорғаған қақпадан тағы екі мәрте саңылау тапты. Голдың авторлары – Аврора Абатанджело мен Миа Кампо.
Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы үшінші ойыны және үшінші жеңілісі. Бұған дейін жерлестеріміз Ұлыбритания (0:1) және Словения (1:2) хоккейшілерінен жеңілген болатын. Виктория Сазонова шәкірттері келесі тур ойынын ертең Польша құрамасымен өткізеді.