• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2023

Сағыныш сазы

502 рет
көрсетілді

Жанарының жарығы сөнсе де, жүректегі жалыны сөнбеген Жаңбыршы Үсейіновтің әндері кісі баласын бейжай қалдырмайтыны анық. Уақытында белгілі әншілердің орындауында танылған композитор шығармаларын бүгінде жас таланттар уақыт ағымына сай шырқап жүр. Осылайша, талант иесінің туындыларының екінші өмірі басталды.

Құланның қоңыр әуенін бойына сіңіріп өскен өнер иесін еске алуға арналған «Сағыныш-2» концертіне келу­шілердің қарасы қалың. Ретроға айналған Жаңбыр­шының әндері әдіптелген кешке әр буын өкілдері жи­налып-ақ қалыпты. Ара­сында жасы алпысты ал­қымдап қалған ұстаздың оқушылары да бар...

Алатау баурайындағы Көкдөнен ауылында бел­гілі композитор Мэлс Өз­беков­пен бірге өнер сапарына қатар шыққан таланттың екеуі де бүгінде арамызда жоқ. Алайда жү­ректерге жарық сәуле тү­сіріп кеткен композитор әндері Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйін­де жиі шырқалады. Шын өнердің өлмейтінін ком­позитордың лирикалық әндерін тыңдағанда түсі­несің.

Ауылда жүріп-ақ «Таң самалы» ансамблін құрған Жаңбыршы Үсейіновтің «Құдаша», «Ағайындар», «Досыма хат» секілді өзге әндері өнерсүйер қауымның жүрегіне жетті.

Марқұмның қызы, әріп­тесіміз Ардақ Үсейінова әкесінің әндерін қатардағы концерттегідей әншілердің бірінен соң бірін орындауына мүмкіндік бер­меді. Студенттерден құрал­ған актерлік құрам әр әннің тарихын қойылым тү­рінде жеткізіп жатты. Кө­ңілді ауыл кеші, ауыл адам­­­дарының мінезі, тап­қырлығы, аңғал­дығы се­кілді қасиеттер жас актер­лердің шеберлігі ар­қы­лы көрерменге дөп жетті. Жас ре­­жиссер Дарын Дауы­мов­тың шешімдері де көкейге қонды.

Концерт барысында Жаң­быршы Үсейінов­тің «Досыма хат», «Жасты­ғым­ның жалыны», «Жігіт сыры», «Ағайындар», «Са­ғыныш» секілді лири­калық әндерін жас әншілер жетер жеріне жеткізе орындады. Әлбетте, композитордың бірді-екілі әнін жас таланттармен бірге шырқаған, колоратуралық сопрана да­уысты әнші Гаухар Мыр­зах­метова көпшіліктің қоше­метіне бөленді.

Сахнадағы актер­лер­дің қимылы, киім киісі, жүріс-тұрысы, тіпті биіне дейін ретролық сипатта бол­ғаны қуантты. Сол ар­қылы біз сазгер ғұмыр кеш­кен уа­қыттың тынысын сезіндік. Концерт со­­­ңында ком­позитордың за­­мандастары мен іні-қа­рындастары бірінен кейін бірі сахнаға шы­ғып, «Са­ғыныш-2» ке­шінде өнер иесіне деген сағы­ныш­тарын ақтарып жатты. Қысқасы, сағыныш сазы­мен әдіптелген ән кеші құ­­ландық өнерсүйер қауым­­ға ұнағаны анық.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы