• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2014

Жарқын болашаққа шақырады

462 рет
көрсетілді

Жалпы еңбек әулеті қайтіп қалыптасады? Иә, әр адам артына көз тастап, жүріп өткен өмір жолына бір сәтке үңіліп қараса қандай күй кешер еді? Ал «қара алтын» өндірушілер мұнай саласының болашағын қалай елестетеді? Міне, мәселенің мәнісі қайда жатыр. Осы тәріздес түйіні көп, күрмеуі қиын күрделі сауалдарға жауап іздегенде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшесі – «KMG Drilling & Services» ЖШС бас директорының бұрғылау жөніндегі орынбасары Асқар Нұржанов оған қатысты ой толғап, әңгіме өрбітеді. Нұржановтардың еңбек әулетінің іргесін қалап, негізін салушы Сағидолла Нұржанұлы қарапайым жұмысшының отбасында дүниеге келді. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жылдар жылжып, білім ұясымен қоштасар кез де жетті. «Әкемнің айтуынша, ата-анасы оның оқуды одан әрі жалғастыруына үзілді-кесілді қарсылық жасап, бақташы болсаң да жерде қалмайсың деген екен», дейді Асқар Нұржанов. Естігенін есіне алғаны ғой. Дегенмен, Сағидолла айтқанынан қайтпай, әке-шешесінің сөзіне құлақ аспай, Гурьевтегі техникумның қабырғасынан бір-ақ шықты. Талабы таудай жас техникумды табыспен тәмамдап, қатарластарының арасында үздік атанды. Мұны да місе тұтпай, тағы да оқу іздеп Мәскеу қайдасың деп тартып отырды. Жігерлі жігіттің жолы болып Мәскеу мұнай институтына бірден қабылданды. Сол кездегі алпауыт елдің астанасындағы шоқтығы биік оқу ордасында білімі мен білігін барынша жетілдіріп, өзгелерге қыр баласының кім екен­дігін нақты ісімен дәлелдеді. Уақыт өтіп жат­ты, оқуды ойдағыдай аяқтап, елге оралып мұнай кәсіпшіліктерінде маңдай терін там­шылатып ерінбей еңбек етті. Сөйтіп, қатар­дағы қарапайым инженерден Гурьев және Маңғыстау облыстарының бірсыпыра мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарында саты­лап өсіп отырды. «Жетібаймұнай», «Өзен­мұнай», «Прор­вамұнай» мұнай-газ өндіру басқар­ма­лары­ның басшысы, «Қазақстанмұнай» бірлес­ті­гі­нің бас директоры қызметтерін мінсіз атқар­ды. Сағидолла Нұржанов партиялық жұмыста да ысылып, ширақ жұмыс істеді. Мақат аудандық партия комитеті хатшысының тізгінін ұстап, Гурьев облыстық кәсіптік одақтар кеңесін шеберлікпен басқарды. Тұрмысы тәтті, ісі сәтті жалғасып жатты. Елге сіңірген ерен еңбегі лайықты бағаланып, көптеген марапатты иеленіп, басқа да мақтау қағаздарымен мадақталды. Кеудесіне жарқыратып Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұнайшысы атағының төсбелгісін тақты. – Әкем ел-жұртқа кеңінен танымал еді, жарықтық әңгіме-әзіл айтқанды аса жақсы көретін. Отырған жерінің сәні  мен әрін келтіріп, ретіне қарай әндетіп көптің көңіл-күйін көкке көтеретін, – дейді Асқар Сағидоллаұлы. Әкесін әлі күнге сағынатыны көзінен көрініп тұрды. Енді алдағы екі жылдан кейін Асқар Нұржанов та өмірінің асқаралы асуы – 60 жасқа шығады. Алайда той туралы сөз айту әлі ертерек. Өйткені, Нұржановтың қазіргі кездегі бар ойы – өндірісті қалай өрлетсем дегенге саяды. Сондықтан да осы бағытта тынбай ізденіп жүрген жайы бар.Міндет үдесінен шығып, діттегеніне жетіп жатса, қанжығасы майланып олжалы болатыны анық. Қашанда биік белес­терге ұмтылған Асқардың тасы әлбетте өрге қарай домалай беретіні сөзсіз. Ол әке аманатына, ең бастысы – азаматтық парызына нұқсан келтірмей, адалдық пен әділдікті ту етіп тура жолдан таймауды бек ұстанған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, екі қызы да жоғары оқу орнын озық бітірді. Бұл күндері бірі педагог, екіншісі аудитор. Шаңырақ құрып, берекелі өмір кешуде. Биылғы күзде Нұржановтардың кенже қызы тұрмысқа шығады. Сөйтіп, тірлігі тамаша, түті­ні түзу әулеттің құрамы үшінші күйеу бала­мен толығады. Бұйыртса, бұл үйде дүркіреп той өтеді. Әңгіме барысында аңғарғанымыз, Асқар қыздарына қатты риза екен. Үшеуі де өнегелі өсіпті. Жоғары оқу орнында үнемі зеректік танытып, алдыңғы қатарда жүріпті. Қоғамдық жұмыстардан да қалыспай, түрлі бастамалардың өрістеуіне қамқорлық қолұшын созыпты. Сол үшін де алғысқа кенеліпті. – Қыздарым кәсіп іздеп, мамандық таңдауға келгенде шешімді өздері кесіп шешті. Екі күйеу балам мұнай компанияларында жұмыс істейді. Ал үшіншісінің немен айналысатынын таяу арада біліп қалармыз, – дейді ол  күлімсіреп. Нұржановтар әулеті негізінен жеті ағайынды болып келеді. Олардың бәрі де әке жолын қуып, тірліктерін мұнай саласында түзіп, жалғастырып отыр. Жетеудің ең кенжесі Амантай жоғары техникалық білім алып бүгінде «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» компаниясының бұрғылау және тампонажды ерітінді зертханасына жетекшілік етеді. Ал, Сүндет Нұржанов «Ембімұнайгаз» АҚ-та бас механик, одан кейінгі Махамбет осы кәсіпорында күрделі құрылыс бөлімін басқарады. Нұржановтардың балалық шағы нағыз көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігіндей өтті. Әкелері жұмыс барысымен қаладан далаға, ойдан қырға жиі қоныс аударатын. Әрине, мұн­дайда бүкіл отбасы да көшіп-қонып жүретін. – Талай қаладағы мектеп есігін ашып оқуыма тура келді. Оныншы сыныпты солардың бірінде бітірдім, – дейді Асқар Сағидоллаұлы. Жаңа кеніштер ашылып, өндіріс орындары бой көтеріп жатқан тұста көш керуенінің көбейетіндігі заңды құбылыс. Оның жадында сол уақыттағы Жаңаөзен, Жетібай, Шев­­ченко, Гурьев, Құлсары, Қаратон қалалары және шалғайдағы шаруа жайлаған ауыл-аймақ­тар­дың көрінісі әлі күнге жақсы сақталып қалған. – Әуелі баста мен құрылысшы болғым келді, – деп Асқар Нұржанов көкжиекке ұзақ қадалды. – Бірақ әкем еңбек әулетін, оның сабақтастығы мен дәстүрін жалғастыруды қадап айтқаннан соң қалауымды танытып Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына түсуге бел будым. Өткен ғасырдың сексенінші жылы институтты зор ынтамен аяқтап, қолына тау-кен инженері дипломын ұстап сол кездегі Гурьев қаласына оралып, түрлі жұмыстардың құлағында ойнады. Өмір-өзен ағысын ешқашан тоқтатпақ емес. Уақыт өз дегенін істетпей қоймайды. Соған сәйкес адам да әр нәрсеге бейімделеді. Мәселен, кейбір жас мамандар еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастауды мақұл көреді. Бір жағынан бұл да дұрыс шығар. Өткен шаққа айналған ол кездің де өзіндік ерекшелігі болған еді. Сондықтан да отбасылық дәстүрді үзбей жалғастыру мақсатында  Асқар Нұржанов алдына таудай талап қойып, биік белестерді сәтті бағындырды. – Кәсіпшіліктегі алғашқы жұмысымды үшінші дәрежелі бұрғылаушы болып бастадым. Іске төселіп төртінші дәрежесіне де жеттім. Екі жыл бойы алтыншы дәрежелі бұрғылаушы ретінде қайнаған қызу еңбектің ортасында жүрдім, – деп мақтанышын жасырмады ағынан жарылып. Тиянақты іс атқарып, мол тәжірибе жинақ­таған оған ақыры мұнай саласындағы жауапкершілігі жоғары бұрғылау шебері міндеті жүктелді. Теңіз, Королев, Орталық-Шығыс Прорва, Солтүстік Қолтық, Батыс Прорва кен орындарының қыртысына бұрғы салған бұрғылаушыларға бас-көз болып басқарған Асқар Сағидоллаұлына жаңа қызмет онша қиынға соқпады. Кәсібінің қызығы мен қиындығына, әсіресе шыжыған шіліңгір аптапта, қақаған қытымыр аязда қабақ шытпай жұмыс атқарды. Асқар Нұржановтан осы туралы сұрағанымызда сөзге сараңдық танытты. – Өзге әріптестерім секілді мен де қызмет баспалдағы бойынша өрледім, – деді қысқа қайырып. – Кейін мансабым көтеріліп ұңғымаларды бекіту жөніндегі инженер, араға бір-екі жыл салып Балықшы барлау-бұрғылау басқармасында инженерлік-технологиялық қызмет басшысының орынбасары қызметіне жоғарыладым. Оның жалындаған жастық шағы түгел­дей дерлік Балықшы барлау-бұрғылау басқармасында өтті. Асқар мұнда қосшы да, басшы да болып екіпінді еңбек етті. Басқарма құрамында терең барлау-бұрғылау бойынша үш экспедиция құрылған кезде соның бірінде үш жыл үздіксіз бас инженер лауазымын іскерлікпен атқарды. Әсіресе, Теңіз кен орнын игеруде бұрғы­шылар иығына қаншалықты ауыртпалық пен қиындық түскенін тек тәжірибелі мұнайшылар ғана жақсы біледі. * * * Кеңестік кезеңнең кейінгі кеңістікте күтпеген оқиғалар орын алып, жұртшылықтың назары жаңа өзгерістерге ауып, тың істерге ден қоя бастады. 1991 жыл Асқар Нұржановтың өміріне үлкен бетбұрыс жасады. Оны «Гюрал» атты жекеменшік қазақстандық бірлескен кәсіпорны жұмысқа шақырды. Осында ол он жыл қатарынан инженер, шебер, кәсіпшілік басшысы қызметтерін білгірлікпен атқарып көзге түсті. Көп кешікпей «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың еншілес кәсіпорны – «Қазақойл-Бұрғылау» компаниясын басқаруға жіберілді. Ірі мекемеде 700 адам жұмыс істейтін. Ұжымның әр мүшесінің тілін тауып, еңбек үдерісін үдетті. Алты жыл бас директор қызметін абыроймен атқарды. Асқар Нұржанов «Dask Drilling», «Сайменс Холдинг» және «ECOS» компанияларында да жұмыс істеді. – Аяқ астынан былтыр мені «Теңіз-Бұрғылау» компаниясының бас директор қызметіне жұмысқа шақырды. Кейін оның негізінде «KMG Drilling & Services» деген жаңа кәсіпорын құрылды, – деп  Асқар Сағидоллаұлы сөзін сабақтады. – Биылғы жылдың наурыз айынан бастап мен бұл мекемеде бас директордың бұрғылау жөніндегі орынбасары қызметімен шұғылданамын. Жаңадан құрылған компания бұрғылау бойынша қызмет түрін ұсынумен айналысады.  Қазіргі таңда кәсіпорын ұжымы Солтүстік Каспийдегі Жамбыл кен орнын игеру жобасымен айналысу үстінде. Істері оңды болды. Бірінші теңіз ұңғымасы сәтті бұрғыланып, мұнай бұрқағы шапшып атқылады. Жауапты жұмыс корейлік ұлттық мұнай консорциумымен бірлесіп құрастырылған «Caspian Explorer» бұрғылау қондырғысы арқылы жүргізілуде. Бұл еліміздің мерейін көтеретін бірегей оқиға екендігі сөзсіз. Себебі, қазақстандық инженерлер теңізде ұңғыманы алғаш рет бұрғылауды осында бастады. Нұржановты геологиялық барлау мәселесі де бейжай қалдырмайтыны аңғарылды. Оны емен-жарқын әңгіме барысында анық байқадық. Мұнайшының пайымдауынша, біраздан бері геологиялық барлау саласына көзқарас күрт төмендеп, өгей баланың күйін кешкен. Енді, міне, барлау саласының бағы жанып, көкжиегі ашылып, жарқын болашағы қол бұлғап тұрғандай көрінеді де тұрады. Өйткені, Мемлекет басшысы барлау мәселесіне үлкен мән беріп, оның орындалуын басты назарға алған. Бұған Асқар Нұржанов балаша қуанады. Қуанбай қайтсін. Кен қорын анықтамай келешекте өндірісті кеңінен өрістете алмайтыны бесенеден белгілі. Бір күндігін емес, мың күндігін, тіпті алдағы сан ғасырын қазірден ойлаған озады. Бұл өмірлік шындық әрі қағида. –   Иә, өкінішке қарай, бұл салаға кезінде жет­­­кілікті көңіл бөлінбеді. Әзірге ескі кен орындары немесе игерудің соңғы сатысында тұрған кеніштердің арқасында өндіріске қажетті мұқтаждықты өтеп жатырмыз, – дейді «KMG Drilling & Services» ЖШС бас директорының бұрғылау жөніндегі орынбасары А.Нұржанов. – Жақында кен орындарын барлау мәселесі туралы Үкімет қаулысы шықты. Енді оны орындау басты міндет болуы қажет. Сондықтан да мәселенің бір бөлігін бұрғылау компаниясы ретінде біз де жүзеге асырамыз, яғни күрделі барлау ұңғымаларын бұрғылайтын боламыз. Біздің компания да Ақтөбе облысындағы Өріктау, Имашев, Каспий маңы ойпатындағы, Торғай бөлігіндегі кен орындарында бұрғылау жұмыстарын дамыту жөнінде бағдарлама дайындалып жатыр. Бұған сервистік кәсіпорын ретінде өз үлесімізді әрине қосамыз, соған тас-түйін бекініп отырмыз. Мұнайшылар арасында «Мұнай – оны іздеуді тоқтатқан кезде ғана таусылады» деген қанатты сөз бар. Егер осы мәтел­ге сенсек, онда Қазақстанда «қара алтын» өндірушілердің даңқты әулеті дәстүр­лі сабақтастығын ұзақ уақыт бойы жал­ғас­тыратыны хақ. Ата кәсібіне әрдайым адал әулеттің қашанда жұлдызы жанып, еңбек рахатын лайым көре беретіндігіне толық иланасың. Қажырлы еңбектің үлгісі ретінде Оңдашев, Сәлиев, Қитуов, Досмұханбетов, Бөлекбаев, Уәлиевтердің отбасылары мен мұнай-газ саласының өзге де әулеттерін көкірек керіп, айрықша мақтанышпен атауға әбден тұрады. Кәсібінің нәсібін еңбектен тапқан тарланбоздар келешекте де керемет дәстүрлерін сақтап, жарқын жолмен алға қарай қадам баса береді. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».